Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал әнші, өнер қайраткері Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында жариялады.
«Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді. Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», деп жазылған жеделхатта.Еске сала кетсек, бүгін әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің атасы Құдайберген Айтбаев 82 жасында дүниеден озды. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде еңбек еткен Құдайберген Айтбаев 2019 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді.