Жетісулықтар жаңа өңірмен бірге жанданып, жасарып келеді. Біржылдық мерекеге орай облыс орталығына жиналған халықтың қуанышында шек болған жоқ. Сол күні сәбилер ойыншық алып, үй кезегінде тұрғандар қоныстойын тойлады.
Көптен бері пәтерін күтіп жүрген жандардың жүзіндегі қуаныш көңіл тербейді. Себебі тұрғын үйге ие болғандардың басым бөлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І-ІІ топ мүгедектері, толық емес және көпбалалы отбасылар, басқа да әлеуметтік әлжуаз топтың өкілдері. Осы ретте өңір басшысы Бейбіт Исабаев жиналған қауымға тілегін арнап, жаңа үйдің кілтін табыс етті.
«Бүгін екі бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толды және 8-шағын ауданда жаңа үйді пайдалануға беріп отырмыз. Талдықорғанда қазір 15 мыңдай адам кезекте тұр. Азаматтардың 15-20 жылдап кезекте тұруы – әділетсіздік. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жергілікті атқарушы органдардың да кінәсі бар. Сондықтан әділдікпен, кезектің ретін ашық сақтай отырып, алдағы 3-4 жылда кезектің санын екі есе қысқарту үшін құрылыс қарқынын жылдамдатып, тұрғын үй салу көлемін арттыруды қолға алдық. Бұл ретте кезекте тұрған халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына баса көңіл бөлінетін болады. Келесі аптада тағы бір үй беріледі. Шілдеде 3 көппәтерлі үй, тамызда 4 үй пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін жалпы қаламызда 51 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылады. Осылайша, екі мыңға жуық тұрғын баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл – рекордтық көлем деп айтуға болады. Осы үйдің құрылысын жүргізген жергілікті компания «Шымыр» серіктестігіне алғыс айтамын. Жаңа үйлеріңізде шаттық пен қуаныш мол болсын!», деді Б.Исабаев.
Бүгін жаңа пәтерге ие болғандар қатарында «Айналайын» балалар үйінің 12 тәрбиеленушісі де бар. «Қырық жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп келемін. Бүгін өзім бастауыш сыныптан бастап тәрбиелеген балаларым үйлі болып жатыр. Олардың ішінде отбасын құрып үлгергендері де бар. Ана ретінде, ұстаз ретінде қуанышым шексіз. Енді балаларымыз үшін алаңдамайтын болдық, себебі олардың өз баспаналары бар», деді М.Бейісбекова.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл 72 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйді «Шымыр» ЖШС салды. Бүгін соның 36 пәтерлік 1-блогы пайдалануға берілді. 2-блогы келесі аптада іске қосылады. Бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Үйдің жалпы алаңы – 4731,38 м2. Құрылыстың құны – 769,6 млн теңге.
Жалпы, облыстың құрылғанына 1 жыл толуына орай аудан-қалалардың бәрінде түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, Текелі қаласында 40 отбасы қоныстойын тойлады. Көппәтерлі бұл үйге бюджет қаражатынан 546 млн теңге жұмсалды. Сол сияқты өткен жылы облыс құрылған 8 маусымда өмірге келген бүгінгі 1 жасар 42 сәбиге облыс әкімінің құттықтау хаты мен велосипед-коляска сыйға тартылды.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің стадионында футболдан жолдастық кездесулер өткізілді. Ал кешкілік «Жастар» саябағында облыс күніне арналған мерекелік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар жалғасып, онда бірқатар жетісулық азаматқа өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше номинация бойынша арнайы сыйлық тапсырылды.
Жетісу облысы