• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 13 Маусым, 2023

Жайылым жайын ойласақ...

317 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдардағы құрғақшылық мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып тұр. Биыл көктем жаңбырсыз өтті. Оның үстіне табиғи шабындықтар мен жайылымның жайы малсақ қауымды алаңдатып отыр.

Мамандардың есептеуіне қа­рағанда, бағымдағы малға қажетті жем-шөптің 70 пайызы негізінен табиғи шабындықтардан жиналады. Біздің өңірдегі шабын­дықтардың түсімі азайып, құна­ры қашқалы қай заман? Оған себеп ең алдымен тиісті күтім жа­­сал­майтындығында. Оның үс­ті­не бұрынғы шабындық пен жайы­­лымдық алқаптарды шамадан тыс, көп пайдаланудың салда­рынан малға жұғымды, нәрлі шөптер тұяқкесті болып, есесіне мал же­­мей­тін әрқилы шөп жылдам кө­бейіп, жер тозып бара жатыр. Қазіргі болжам бойын­ша табиғи жайылымдардың едәуір бөлігі зиянды және у­лы өсімдіктермен ластанған. Елімізде жайылымдық жер көлемі 184,3 миллион гектар жерді құраса, ауыл шаруашылығы жері осы көлемнің 83,9 па­йыз үлесін қамтиды. Осыншама жер­дің дәл қазір 14-15 пайызы әбден тозған. Ендігі мақсат – кәдеге аспай жатқан осы жерді сауықтыру.

– Ертеде Көкше өңірінде шал­ғыны атты кісіні жасыратын хан жайлаулар көп болды, – дейді ел ағасы Марат Оспанов, – Есілдің сай-саласындағы Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жы­ланды, Көксеңгір, Жекебояқ тәрізді жайлаулардан қазір то­қымдай тәуір жер қалмады. Не­гіз­інде түгін тартса майы шы­ғ­а­тын көкмайсалы жалпақ жон­ның ту-талақай болуы кешегі тың игерудің кезінде басталды. Әрине, ел ырыздығы – астықты өсіруге ешкім де қарсы емес, бірақ сол дәуірде жоғарыдан түскен жоспарды бұлжытпай орын­даймыз деп жергілікті жер­дегі басшылар елдің мүддесін ес­ке­ре бермегендігін айтуға тиіс­піз. Егін шықпайтын құмды, тас­тақ Ерейменнің етегінен бас­тап, Көксеңгірдің кең көсілген да­ласын жыртып тастады. Гек­тарынан 4-5 центнер өнім алып, жұмсалған шығынды ақтамаса да, жоғарыдан түскен бұйрықты бұлжытпай орындау парыз саналды. Жарықтық жер-ананың құты сол кезден бастап қашты.

Ендігі амал – екпе шөп егу. Сөй­тіп, тозығы жеткен, кәдеге ас­пай жатқан алқаптарды төрт түлік мал сүйсініп жейтін шөпке толты­ру. Күтім дұрыс болса, бағзы заман­дағы даланың бағы, құты қайта оралар.

– Ол заманда Көкше жайлау­ларында қаражусан, жержусан, ақселеу, бетеге, қымыздық, ебелек, жуа, құланшайыр, айрауық тәрізді қаншама шөп өсетін, – дейді еңбек ардагері Елемес Ибрагимов. – Сол шөптің тамырын соқаның тісі үзді. Егінді табалдырыққа дейін екті, ал, қоғамның малы егін егуге жарамсыз, құнары аз жерде бағылды.

Бүгін де осы көрініс. Тығы­рық­­­тан шығар жол қайсы? Осы сауалды қуып, біз көтеріп отыр­­­­ған мәселемен айналысып жүр­ген PhD, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылым депар­та­ментінің жетекшісі Мар­ден Байдалинге жолықтық. Жас ғалым Ақмола облысының табиғи-кли­мат­тық жағдайына байланысты бұршақты-дәнді шөптерді өсіру оңтайлы деп са­найды. Осы тарап­та­ғы бар шаруаны екшеп, арнайы жоба да әзірлеген. Жобаны іске асыру, ойға оралған мақсатын жү­­зе­­ге асыру барысында талпыныс бар. Бір гектар жерге екпе шөп те егіп, ғылыми сарапта­ма да жасаған. Осы жобаны іске асы­­ру, кейін ауқымды аумақ­қа ен­гізу экономикалық, әлеу­мет­тік, эко­логиялық, өндіріс­тік мә­селелерді оңынан шешуге ық­пал етеді деп есептейді. Ең басты­сы, жоба­ның мақсаты ауыл маңын­дағы көпжылдық ек­пе шөп арқылы жайылымдық ай­­налымды құру. Елді мекен­дердің жанындағы мал жайылымында тозған шөптің орнына көпжылдық мал азықтық шөптердің жаңа түрлерін себу. Ғалым жылдың әр мезгілінде пайдалануға тиімді болатын шөп түрлерін екшеген. Бұршақты жә­не дәнді шөптер арасындағы жақ­сы үйлесімділік пен ара-қаты­нас­ты ескере отырып, ерте пісетін, ор­таша пісетін және кеш пісетін шөптерді таңдаған. Бұр­шақты-дәнді мал азығына қа­жетті шөптер­дің морфо-био­логиялық ерекшеліктерін зерттеген. Ең бастысы, солтүстік өңірде­гі жыл сайын қайталанатын құрғақ­шылыққа төзімділігі.

– Бүгінде жайылымдық жер­лерді ұтымды пайдалану – өзек­ті мәселе – дейді Мардан Ер­­сайын­­ұлы. – Бұл мәселеге Мем­ле­­кет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаев та назар аударып отыр. Ел Президенті Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында жем-шөп дақылдарын өсіру алаңын кеңей­ту қажеттігін және жайылымдарды тиімді пайдаланудың маңыз­дылығын атап өтті. Біздің об­лыс­­­тағы мал жайылымының мол кө­ле­мі Ерейментау және Бір­жан сал аудандарында. Бұл ау­дан­­дарда тиісінше 978,3 мың жә­не 547,4 мың гектар жайылым бар. Сондай-ақ Атбасар, Ақ­көл, Жарқайың, Қорғалжын, Ар­шалы, Жақсы аудандарында да мал жайылымының көлемі 200 мың гектарды құрайды. Іргедегі топырағы құнарлы, шөбі шүйгін делінетін Зеренді ауданындағы жайылым көлемі 151 мың гектар. Облыста – оныншы орында. Әйтсе де, зеренділік малсақ қауым жайы­лым тапшылығын тартып отыр. Мал басының санына шаққанда зеренділіктер мал шаруашылығын еркін дамыту үшін әлі де шамамен 360 мың гектар жер керек.

Төрт түлік малды дұрыс жаю, шабындықтар мен жайылымдарды тиімді пайдалану ауыл жұртының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартар еді. Қолбай­лау болып тұрған көнтерлі мә­селе де осы. Ғалымның пайымдауын­ша, ендігі арада бағалы көп­жылдық шөптерді жаппай егуді қолға алуымыз керек.

– Бұл мәселені шешу үшін жердің игілігін көріп жатқан үл­кен серіктестіктерге ауыл тұр­ғын­­дарының қолда бар малы үшін екпе шөп егіп беруді мін­дет­­теу керек – дейді шаруа қожа­л­ы­ғының басшысы Жанат Құдай­бергенов. – Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар ғой. Сонда жайылымдық жер аз бол­ғанымен құнары артады да, мал­сақ қауымның алдынан мол мүмкіндік туады. Ғалымдардың есептеуінше, әр бас малға 9 гектар жер керек екен. Ол әрине, шөптің шығымдылығына байланысты. Егер тозған жерді екпе шөп егіп, тыңайтқыштар сіңіріп, түлете алсақ, бәлкім 9 гектар емес, 5 гектар да жетіп қалуы мүмкін.

Көпжылдық шөптерден ай­нал­­малы жүйе құру мал ша­руа­шылығының бұрыннан келе жат­қан дәстүрі. Қазіргі уақыт­та жасыл конвейерді ұйым­дастыру барысында негізгі жүк көпжылдық екпе шөптерге беріледі. Әрине, екпе шөп еккен алқаптардың шығымдылығы табиғи шабын­дықтан төрт-бес есе көп. Егер осы іс жаппай қолға алынса, жайы­лым тапшылығы болмас еді. Мамандардың айтуына қара­ғанда, ірі ауыл шаруашылығы құры­лымдарына ұсыныс жасау аздық ететін тәрізді. Бәлкім, жер туралы заңға толықтырулар енгізіп, міндеттеу қажет шығар. Әйтпесе, ұсыныс орындала бермейді.

– Біздің Ақкөл ауданындағы Новорыбинск ауылдық кеңесіне қарасты Қараөзек ауылында қазір небәрі 35 отбасы тұрады, – дейді «МММ» шаруа қожалығының басшысы Марат Әубәкіров. – Ауыл тұрғындары қара мал, қой бағып отыр. Ең көбі жылқы. Мың­ға жуық. Бірақ бұл малдың бәрі бірдей біздің ауылдың малы емес, басым көпшілігі өздері бас­қа жерде тұрып, малын осында бағатын ағайынға тиесілі. Кейде жайылымымызға түскеннен кейін өкпе-реніш те болып жатады. Жыл­қы жарықтық жыл он екі ай тебін­де болатындықтан, жерді тез тоздырады. Сырттан келген мал­дың арасында ауруы да болуы мүмкін. Жайылымымызға түскеннен кейін жұқпалы ауруы болса, жұқпасына кім кепіл? Ең қауіпті жері де осы. Сондықтан мұндай мәселеге де байыппен қарау керек шығар.

Шаруа қожалығы басшысы­ның айтуына қарағанда, ауылда жайылымды жақсартуға деген талпыныс бар. Биыл бірінші рет судан шөбін егіпті. Әйтсе де тұқымы қымбат. Бір тоннасы 400 мың теңгенің төңірегінде. Оған кез келген шаруа қожалығының шамасы келе бермеуі мүмкін. Тұқым табыл­ғанымен, арнайы шөп тұқымын себетін техника керек. Оның үсті­не шөп егілгеннен кейін ал­ғашқы жылдары мал жаюға болмайды.

Жас ғалым Мардан Ерсайын­ұлының айтуына қарағанда, жайы­лымды жақсарту – мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Бәл­кім, жергілікті бюджеттен қар­жы қарастырылуы керек шы­ғар. Осындай жанды жұмыс атқар­ғанда ғана түйткілдің түйінін ше­шуге болады. Ал ғылыми ұсы­ныстар дайын. Мәселен, Көк­­ше өңірінде мамыр-маусым айында пісетін сарыбас, түйе­жоңышқа, жаз ортасында то­лы­сатын арпабас, ал қоңыр күзде пісіп-жетілетін шалғындық қоңырбас тәрізді шөптерді егуге болады. Жалпы, осы бағыттағы ғалымдардың ұсыныстарын мұқият қолдана отырып, далалық және зертханалық сынама жүргізу нәтиже­сінде ең тиімді жобаларды жүзеге асырса, жүдеген даланың өңі кіріп қалар еді. Даламен бір­ге мал сүмесімен күн көрген ағайын­­ның да ажары жақсармай ма?

 

Ақмола облысы