• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2023

АҚШ-тан жүлдемен оралды

240 рет
көрсетілді

«US Open FIRST LEGO League» халықаралық роботтехника чемпионатында Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты және Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қола медаль жеңіп алды. Чемпионатқа әлемнің 20 елінен 700-ден астам оқушы қатысты.

Шымкенттік «Clutch» тобы «Inno­vation Project Award» номинациясында үздік үштікке еніп, қола жүлдеге ие болды. Олар жел генераторы мен күн панельдерінен алынатын электр энергияны сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жоба ұсынған бола­тын. Жел электр стансасын дайындаған қарағандылық «JelToqSun» командасы ел тарихында алғаш рет жарыстың «Champions Award» басты жүлдесінің үшінші орнына қол жеткізді.

– Біз чемпионатқа жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Үш күндік жарыс біз үшін өте қызықты болды. Өйткені мықты қарсыластармен бетпе-бет келдік. Алғашында қобалжығанмен ішкі қорқынышты жеңіп, өз қабіле­тімізді көрсете алдық. Біз роботтар ойы­нында көшбасшылар қатарында бол­дық. Инновациялық жобаны танысты­рып, ұйымшылдығымызды көрсете білдік, – деді қатысушылардың бірі Акбар Ермеков.

Жарыс арасында отандық оқу­шылар «Massachusetts Institute of Tech­no­logy», «Boston University» және «Harvard» секілді беделді оқу орын­дарының инженерлік факультеттеріне барып, профессорлармен жеке танысты. Олардың пікірін тыңдап, өз тәжі­рибелеріне қажет кеңес алды.

Естеріңізге сала кетейік, екі команда да Оқу-ағарту министрлігінің қол­дауымен жыл басында «USTEM Robotics» қоғамдық қоры ұйым­дас­тырған «FIRST Central Asia» Орталық Азия ойындарында халықаралық чем­пионатқа жолдама алған болатын.

 

Ақсұңқар ХАБАС,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті