Санаулы күннен кейін Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтпек. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді дана халқымыз. Ұлттық құрылтай осы тәмсілдің негізіне құрылғаны сөзсіз. Бір жыл бұрын ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытаудың басында алғашқы жиынын өткізген кеңес үлкен шаруа атқарды. Бүгінгі мақалада бір жылда атқарылған жұмыстарға шолу жасауды жөн көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Жаңа Қазақстан күрделі әрі ұзақ үдеріс арқылы құрылатынына назар аударған еді. Сондай-ақ мұндай іргелі іс-шараның маңызына да тоқталды. «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген», деді Қ.Тоқаев.
Төл тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырын шешкен құрылтай көп екеніне куә боламыз. Әсіресе өте маңызды кезеңде түгел Алаш жиналып, келелі мәселені кеңесіп отырған. Мәселен, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайдады Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алғаннан кейін өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында сырттағы қандастарымызды атамекенге шақырдық. Осылайша, нәубет жылдары үдере көшкен ел тәуелсіз Қазақстанға оралды. Ендеше Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына елеулі өзгеріс әкелді десек қателеспейміз. Қаңтар оқиғасынан кейін құрылып, алғашқы жиынын Ұлытаудың етегінде өткізген Ұлттық құрылтай да соның қатарында болатыны анық.
Жалпы, Ұлттық құрылтай құрамында 117 адам бар. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері енді. Сондай-ақ Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері де қосылды. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иесін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты.
Алғашқы құрылтайда бірқатар маңызды мәселе көтерілгенін айта кеткен жөн. Біріншіден, Президент Қ.Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Саяси реформаны мерекелер күнтізбесімен ұштастыру бекер емес. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қадам қоғамды жаңғыртады және ел бірлігін нығайта түседі.
«Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деді Қ.Тоқаев.
Көп уақыт өтпей «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттің екі Палатасында да қабылданып, Президенттің қолы қойылды. Осылайша, ұлық мереке қайта оралды.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Референдум арқылы Ата заңымызға өзгерістер енгізілгенін атап өткен Мемлекет басшысы соған сай Конституциялық заңдар қабылдаудың маңызына назар аударған-ды. «Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңды өзгертеміз. Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды», деген еді Қ.Тоқаев.
Осы істің жалғасы іспетті бірқатар өзекті заң қабылданды. Атап айтқанда, Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы заңға Мемлекет басшысы жария түрде қол қойды. Бұдан бөлек, Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелеріне, аралас сайлау жүйесіне көшуге қатысты бірқатар Конституциялық заң қабылданды. Мұның бәрі Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамдар екені сөзсіз.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелерімен әрдайым кездесіп, кеңесіп отырады. Қазіргі таңда бұл алаңда қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде талқыланып, оның мәртебесі артып келеді.
«Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше болып кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр», дейді Е.Қарин.
«Конституциялық сот туралы» заң 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Соған сәйкес, әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығын тексеру, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін қарау, сондай-ақ оның нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті енген. Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған құзыретті орган азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді.
Келесі маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Соған сай, уәкілдің құзыреті кеңейді. Омбудсмен адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде барады. Уәкілдің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы берілді. Әр мемлекет үшін адам басты құндылық екені баршаға белгілі аксиома. Ендеше Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.
Президент қол қойған тағы бір маңызды құжат – Прокуратура органдарының қызметі жөніндегі заң. Айта кетерлігі, мұндай құжат Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Құжатта прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Барлық қызмет бағыты бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбеленген. Бұл, ең алдымен, азаматтар үшін маңызды. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген.
Бұдан бөлек, қабылданған Конституциялық заңдарға байланысты бірқатар өзгеріс болды. Елімізде аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалды. Мұның нәтижесіне биыл өткен Парламент сайлауында куә болдық. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Парламенттің төменгі Палатасына алты партия өтті. Сонымен қатар ондаған депутат бір мандаттық округтен сайланды. Бұл қадам Мәжілістің жұмысына қан жүгірткенін апта сайын өтетін жалпы отырыс көрсетіп отыр.
Енді заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, Президент өкілеттігін қысқартуға қатысты түзетулер енгізілді. Жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған адам 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. Қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында осы өзгерістер жүзеге асты.
Сондай-ақ былтыр желтоқсанда «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылды. Азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі өз ойлары мен ұсыныстарын жолдай алады. Бұдан бөлек, «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетіліп келеді. Оған әр кезде әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды. Осылайша, Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникацияның әртүрлі форматын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналып отыр.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сөзіне сүйенсек, Ұлттық құрылтайда үш құндылық негізге алынады. Біріншісі, идеологиялық тұжырымды қамтыған. Яғни мемлекетіміздің тарихы тым тереңде жатыр. Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасты. Екіншісі – ұлтты ұйысуға үндеу. Құрылтайдың бірінші отырысы Ұлытауда өтті. Мұнда барша халықты бірлікке шақырған идеологиялық ой бар.
«Үшінші ой – мемлекет мүддесі бәрінен биік. Республика күнін қайта жаңғыртып, оған ұлттық мереке мәртебесінің берілуі – Тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Осы үш құндылық, атап айтқанда, біздің мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде екенін таныту, ұлтты ұйысуға үндеу, мемлекет мүддесін бәрінен биік қою жаңа қоғамдық шартты қалыптастыру кезінде біздің ең басты бағдарымыз болады», дейді Е.Қарин.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай құрылғалы ауқымды жұмыс атқарылды. Осы орайда билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаратынын атап өткен жөн. Демек жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастыруға зор үлес қосты деп айтсақ қателеспейміз.