Қазақстанда шығарылатын өнімдердің халықаралық нарықтағы танымалдылығы төмен. Мұнда маңдайы жарқыраған мұнайдан өзге, күллі әлемде көш бастаған уран өндірісін мысалға келтіруге болады. Осы тұста ет және ұн қосылған сапалы тағамдарға, кондитерлік өнімдерге сұраныс жоғары екендігін ескерген жөн.
Халықаралық нарықта «Қазақстанда жасалған» бренді бәсекеге қабілетті ме? Осы сұрақтың жауабын «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гүлмира Бағытқызы іздеп көрді.
Осы орайда автордың «Қазақстанда жасалған» өнім қашанғы қағажу көреді? материалына көз жүгіртіп өтсек.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде бар-жоғы 400-ден астам отандық компания өз өнімдерін шетелге экспорттайды екен. Осыған қарап, жаһандық сауда сөресінде шикізаттық емес тауарлар экспортының үлесі әлі де төменгі деңгейде екендігін байқауға болады. Тіпті алысқа бармай-ақ сыртқы нарық тұрмақ, өзіміздің ірілі-ұсақты сауда орындарында да шеттен жеткізілетін тауарлардың тасасында қалып қоятын отандық өнімнің жағдайы да мәз емес.
Бұл ретте мақала авторы Қазақстан ет шаруашылығы одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың пікірін сұрады.
«Бөлшек сауда саласындағы реттеулер мен нақтылық, заң жүзінде белгіленген басымдықтардың болмауынан, отандық тауар өндірушілердің нарықтағы орны елеусіз қалып келеді. Еліміздің сауда сөрелерінде өзімізде өндірілген өнімдер жоқтың қасы. Қазір әзірленіп жатқан «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасында отандық өндірісті қолдау мен дамыту мәселелері толығымен қамтылуы керек. Жалпы, біздің тауар өндірушілеріміз бұл бағдарламаны өзекті деп санағанымен, осыдан 10-15 жыл бұрын ерте жүзеге асырылғанда ісіміз өрге басып, халықаралық сауда нарығында да есебіміз түгел болар еді», деп ойын жеткізді Мақсұт Бақтыбаев.
Гүлмира Бағытқызының жазуынша, сауда желілерінде импорт басым болғандықтан, тұтынушылардың отандық өнімге деген сенімі әлі де қалыптасар емес. Осы орайда отандық өндірушілер үшін «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған шаралар, өзіміздің өнімдерге оң септігін тигізіп, өз кезегінде сапалы әрі қымбат емес азық-түлікті көбірек өндіруге мүмкіндік туғызса, сонымен қатар импорттық өнімдерді емес, елдегі өндірушілердің мүддесіне сай қолдау көрсетілсе жөн болар еді.
Қазіргі таңда кез келген отандық өндіруші белгілі бір өнім өндірсе де, сайып келгенде оның басты мәселесі - сол тауарды тиімді өткізу. Ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілердің көбісі өнімдерін сатумен кәсіби түрде айналыса алмайды. Оған себеп те көп. Ал бөлшек сауда желілеріне жүгінсе, олар шетелдік жеткізушілер жүктеген ең қатал бәсекеге тап болады.
Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерін 50%-ға арттыру және өнеркәсіптік тауарларға 10%-ын бөлу туралы ұсыныстар талқыланып жатыр. Сала мамандары өзімізде өндірілетін өнімнің бірнеше санаты бойынша бөлшек сауда сөрелерінің 70%-на дейін бөлу керектігін ескереді.