• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 15 Маусым, 2023

Отанға оралған орден

256 рет
көрсетілді

Өмірде түрлі оқиға болады ғой. Қазталовтық майдангер Болат Нәукешевтің 1943 жылы соғыста алған ордені арада 80 жыл өткен соң батырдың шаңы­рағына оралды.

Әскер қатарына 1940 жылы 20 жасында Орал қаласынан шақырылған Болат Нәукешев – қан майданға басынан-аяқ офицер ретінде қатынасқан қазақ сардарының бірі. Рабфак бітірген жас жігіт әскерде әуелі лейтенант, кейін гвар­дия аға лейтенанты шенінде миномет вз­водының командирі болған екен.

Қазақ солдаты қан майданда қаһар­ман­дықпен шайқасқан. 1942-1944 жылдары ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Болат Нәу­кешев екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орде­німен және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

«Жолдас Нәукешев 1942 жылдың 25 қа­рашасынан бастап өзін отанның адал ұлы, жауға мейірімсіз батыр ретін­де көрсетті. Ол басқарған взвод мино­меттері Никулино совхозына, одан әрі Рыбики деревнясына шабуыл ке­зінде біздің бөлімдердің алға жыл­жуына көмектесті. Ұрыс кезінде оның взводы 4 блиндаж бен 3 пулемет оша­ғын талқандады, жаудың 40 шақты жа­уынгері мен офицерін жойды. Великие Луки қаласы үшін болған ш­абуыл ке­зінде Нәукешев дәл көздеп атып, фа­шистің адам күші мен техникасына елеулі шығын келтірді. Осындай ерлігі үшін үкіметтік марапат – «Қызыл Жұл­дыз» орденіне лайық» деп жазылған екен 953-атқыштар полкінің командирі, майор Чесноков пен штаб бастығы, майо­р Ногин 1942 жылы желтоқсанда қол қойған құжатта. Бұл кезде Болат Нәу­ке­шев 257-атқыштар дивизиясы 953-ат­қышт­ар полкі 3-атқыштар батальоны 82 мм миномет взводының командирі екен.

1943 жылы 14 қыркүйектен бас­тап Духовщина қаласын алу үшін болған ұрыста аға лейтенант Болат Нәукешев басқарған батарея жаудың шағын ка­либрлі 11 ошағын, 8 ДЗОТ-ы мен блин­дажын дәл атып жойып, 100-ге жу­ық фашист солдаты мен офицерін өлі және жаралы күйінде саптан шығарған. Кли­пики және Комарово маңында не­міс­тердің екі мәрте қарсы шабуылын той­таруға қатысқан. Ал 1944 жылғы 1-3 нау­­рыз аралығында Витебск-Смоленск ма­ңындағы Вороны және Большак деревнялары үшін болған ұрыста жаудың 6 пу­леметін және 50-ге жуық адамын дәл атып жойған екен. Осы ерліктері үшін ІІ дәре­желі «Отан соғысы» орденімен және бір мәрте «Қызыл Жұлдыз» орде­ні­мен мара­патталған.

1945 жылы 12 ақпан күні Кали­нинград облысында Болат Нәукешев қару­­ластарымен бірге жау қоршауында қалады. Кескілескен шайқаста дивизияны құтқару үшін біздің кейіпкеріміз қызмет еткен батальон тосқауылға тұрады. Өзі сол ұрыста аяғынан жарақат алады. Сөйтіп, батальонмен бірге тұтқынға түс­кен. Екі айдан кейін арнайы опера­цияның нәти­жесінде азат болған.

«Әкем коммунистік партия қата­рында болған ғой. Ал фашистер тұтқынға түскен коммунисті бірден атып тастайды екен. Сондықтан қоршауда қалып, қолға түсетінін білген кезде әкем өзінің және қарауындағы жауынгерлердің пар­тия билеттерін, орден-медальдарын жи­нап алып, үлкен емен ағашының түбіне көмген көрінеді. Бұл әңгімені әкеміз бізге кейде айтып отыратын. Тіпті 1970 жылдардың ортасында сол баяғы ұрыс өткен жерге арнайы барып, отыз жыл бұрын көмілген орден-медальдарын іздеп таба алмай қайтқан еді»,  дейді майдангердің ұлы, бүгінде Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында тұратын зейнеткер Марат Нәукешов.

Мына қызықты қараңыз! 2022 жылы Ресей Федерациясындағы Устюжна қала­сының азаматтары, археологтер Михаил Смирнов және Сергей Алек­сеев Калининград облысында қазба жұмысын жүргізіп жүріп орман ішінен «Қызыл Жұлдыз» орденін тауып алған. Орденнің нөмірі арқылы оның 1943 жылы қаңтарда лейтенант Нәукешевке бе­рілгенін анықтайды. Сөйтіп, біраз іздеу жұмысынан кейін батырдың Қазақстанда тұратын ұлдарын тауып, хабарласады.

«Әкеміз соғыстан кейін Сталинград қаласын қалпына келтіру жұмысында болып, 1946 жылы ғана оралған. Ол кезде біз Сталинград облысы Палласовка ауданының Эльтон ауылында тұрғанбыз. 1947 жылы үйленіп, 4 балалы болған. Мен 1954 жылы сол Эльтонда дүниеге келдім. 1959 жылы Ба­тыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданын­да жаңадан Калинин сов­хозы құрылып, әкем бас бухгалтер болып көшіп келді. Кейін Орданың Құрманғазы, Қазталовтың Әжі­бай ауылдарында бас есепші болды. Зейнет демалысына шығып, 1984 жылы дү­ниеден өтті. Тірі кезінде Екінші дүниежүзілік соғы­с ардагері ретінде мерейтойлық ор­ден-медальдармен марапатталып жүрді ғой. Бірақ әкемнің қан майданда осындай ерлік көрсетіп, нағыз жауынгерлік ордендермен наградталғанын білген жоқпыз», дейді Марат Болатұлы.

Жақында ресейлік ізшілердің тапқан олжасы – талай жыл топырақ астында жатып, сыры кетсе де сыны кетпеген «Қы­зыл Жұлдыз» ордені өзінің заңды иесіне – Нәу­кешевтердің шаңырағына оралды. Арнайы бандеролмен жеткен құнды жәдігерді Қазталов ауданы әкімінің орын­басары Зәйлім Мажитова ардагердің ұлдары Марат пен Серік Наукешовке сал­танатты жиында табыс еткен.

«Айтпақшы, әкемнің орденін тапқан ресейлік археологтермен телефон арқылы сөйлесіп, рахметімді айттым. Оларға әкемнің әңгімесін айтып бердім. Бір қызығы, осы «Қызыл Жұлдыз» ордені та­былған маңда үлкен емен ағашы әлі өсіп тұр екен. Орыс ізшілері келер жылғы мау­сымда бұл маңды тағы да індетіп қазуға ықылас танытып отыр», дейді Марат Нәу­кешов. Ендеше, батырдың қалған ордендері де табылып қалуы ғажап емес.

 

Батыс Қазақстан облысы