• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Маусым, 2023

Жаңару жолына бастайтын ұйым

313 рет
көрсетілді

Ұлысымның ұйытқысы – оңтүс­тік өңірінен осы құрылтайға мүше болып қатысқанымды өз басым өмірімдегі биік белестердің біріне балаймын. Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуға тиіс. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Мемлекет басшысы «Мемлекет таңда­ған бағытты халықтың басым көпші­лігі қолдайтыны өте маңыз­ды. Біздің аза­мат­тарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс­тер болады деп сенеді. Біз халыққа рефор­ма­ларды жүргізу барысын ұдайы түсін­діріп отыруға тиіспіз. Қазірдің өзінде жаңғырту үдерісі біртіндеп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Әрбір аза­мат жаңғыртудың әсерін сезінуге тиіс. Егер әркім елдегі өзгерістерге өзінің жеке ісі ре­­тінде қарайтын болса, онда біз шы­ны­­мен жаңару жолына түсеміз. Мұны елі­міздің әрбір азаматы түсінуге тиіс», деген еді.

Өткен Құрылтайда Әділетті Қазақстан­ның негізі қаланды. Бұл еліміздің жарқын болашағы мен мұратын айқындаған айтулы оқиға болды. Мемлекет басшысының 2019 жылдан бері жүргізіп отырған сая­саты – еліміздің біртұтастығын нығайтып, әділетті, экономикалық және әлеуметтік жағдайы тұрақты әрі ұдайы дамып отыратын мемлекет қалыптастыру. Сол бағытта қажетті реформаларды ұсынып, оларды дер кезіне жүзеге асырып келеді.

Ұлттық құрылтайдың мүшелері – халықтың көкейіндегі жүрген, қоғамдағы маңызды мәселерді айтып қана қоймай, сол мәселерді шешу жолын да білетін азаматтар. Алдағы уақытта олар жұмысын жандандыра түсу керек. Ұлттық құрылтайдың ел ішіндегі насихатын да қолға алған жөн.

 

ТҮЙІН. Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылдың наурызындағы Жолдауында көтерген болатын. Оның құрамында 117 адам бар. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері енді. Сондай-ақ Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де құрылтай құрамына шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де үлес қоспақ. Бұдан бөлек, құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері де шақырылып отыр. Яғни түрлі қоғамдық пікір түгел қамтылған өкілді құрылым қалыптасты деп айтуға толық негіз бар.

Сондай-ақ былтыр желтоқсанда Egov платформасында «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылды. Азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде өз ойлары мен ұсыныстарын жолдай алады. Ұлттық құрылтай идеологиялық тұжырымға сүйенеді. Яғни мемлекетіміздің тарихы тым тереңде жатқанына назар аударады. Сондай-ақ ұлтты ұйысуға шақыратын бірден-бір кеңес мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға үндейді.

 

Бауыржан ӘЛТЕЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі,

Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы