Биылғы Ұлттық құрылтайда қозғалған тақырып әлемдік үдерістер туындатқан мәселелерге нақты жауаптар болды. Адам даму сатысында қол еңбегі кезеңінен өтті. Одан білімге көшті. Ал енді қазір жүрек құндылықтары алға шығып отыр.
Адам ресурстарының сапасын денсаулық, білім, білік анықтайды. Ол адами капиталға, ұлттық құндылыққа айналуы үшін ұлт болып ұйысу маңызды. Оның ішінде мен еңбек адамын құрметтеу мәселесі қозғалғанына ерекше қуанып отырмын. Былтыр Ұлытаудағы құрылтайда еңбек туралы арнайы мәселе көтеріп едім. Менің ойымша, Еңбек күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы қажет. Еңбек Ері деген атақ та сол еңбек күні берілсе деймін. Озат еңбеккердің тәжірибесі, өмір жолы, жеткен жетістігі сол қуанышты күнде насихатталса, жастармен түрлі кездесу ұйымдастырылып, әртүрлі хабарлар таратылса, балалардың бойында еңбекпен биік белеске, құрметке жетуге болады деген ұғым қалыптасар еді. Сондықтан еңбек әрдайым дұрыс бағалануға тиіс. Ішкі жалпы өнім мен жалақы өссе, екіншіден еңбек адамын қорғайтын кәсіподақтар рөлі өссе игі. Елдің әлеуметтік дамуында еңбек адамы, жұмыс беруші және мемлекет дейтін үш тағанның тепе-теңдігін қамтамасыз етуіміз керек.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
«Астана мемлекеттік қызмет хабының» төрағасы