Астанада Ұлттық агроқозғалыстың ұйымдастыруымен «Малшылар күні» мерекесіне арналған «Жыл қорытындысы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мереке идеясының авторы және ұйымдастырушысы, Ұлттық агроқозғалыс төрағасы Алмасбек Садырбай: «Малшылар күні» мерекесінің басты мақсаты – мал шаруашылығы саласындағы азаматтардың мәртебесін көтеру, оларды еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеу, ауыл шаруашылығын дамыту», дейді.
Дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар, саладағы күлбілтелі мәселелер, оны шешу жолдары жөнінде кеңінен баяндап берді.
Халқымыздың ата кәсібі саналатын мал шаруашылығы – елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әлі күнге дейін жетекші сала. Мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық, тарихи-мәдени мән-мағынасы бір мысқал да кеміген жоқ. Әлемде жылдан жылға халық санының өсуіне байланысты сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналған кезеңде оның бәсі қайта арта түсті.
Соңғы уақытта елімізде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал басы жылдан жылға көбейе түсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны – 4,2%-ға, қой – 4,8%-ға, жылқы – 10,5%-ға, түйе – 6,5%-ға, құс саны 4%-ға артты. Қазіргі таңда республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.
Саланы мемлекеттік қолдау шаралары да дұрыс жолға қойылған. Мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.
Ендігі жерде мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары заманауи озық технологияларды өндіріске батыл енгізіп, сапалы өнім өндіру, сондай-ақ ет экспорты әлеуетін арттыру, жүн мен теріні өңдеу мақсатындағы жұмыстарды жандандыра беруі керек», деп атап өтті Ербол Шырақпайұлы.
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылар мәртебесін көтеру бойынша дайындалып жатқан жобамен таныстырды. Аталған жоба еңбегі еш, тұзы сор малшы қауымы үшін өзекті – олардың зейнет демалысына шығуын, денсаулығын күтуін, шипажайларда дем алуын, балаларының оқуға түсуде жеңілдік алуын қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерді қарастырады.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Жайылым туралы» Заңға, Жер кодексіне енгізуге ұсынылып отырған өзгерістер туралы мәлімдеді. Жиналғандар заңға енгізілмекші «Қоғамдық жайылым» туралы өзгерісті қуана қуаттады.
Министрлік өкілдері, мамандар, шаруа жетекшілері мал шаруашылығының жетістіктерімен қатар, алдағы уақытта қолға алып, атқарылуы тиіс өзекті мәселелері жөнінде ашық әңгіме қозғады. Төрт түліктің жаңа замандағы алар орны туралы ойларын ортаға салды. Атакәсіптің ауқымын, одан өндірілетін өнімнің көлемін кеңейтіп, дамытудың ұтқыр жолдары туралы пікір алмасты.
Бірқатар шаруа қожалығының жетекшілері Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
Бір қуанарлығы, қазірде алыс аудандардың барлығында дерлік, мыңды айдаған байлар бар. Олар мал басын арттыруды ғана мақсат етпей, осы саланы заманға сай дамыту, өздері тұратын ауыл-аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ісіне де елеулі үлес қосып келеді. Малсақ, еңбекші қауымның жұмысын жеңілдету, жетілдіру жайы да ұдайы назарда. Сайып келгенде, мал шаруашылығын дамыту – ұлтымыздың алтын тамыры алыс ауылдарды дамыту, атамекен – дарқан даланы түлету.
Халқымызда «Балықшы дауылда, егінші жауында тынығады» деген қанатты қағида бар. Ал малшылар қауымы жылдың қай мезгілінде, қандай ауа райы жағдайында болсын ат үстінде, бірі бітсе, бірі басталып жататын науқандық жұмыстардың басы-қасында жүреді. Демек, осынау бейнеткеш жандардың еңбегі қандай сый-құрмет, мақтау-марапатқа болсын лайық.