Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған калибрі 25 мм, салмағы 7 кило болатын ұзын мылтықты 1981 жылы И.Краснобородиков деген кісі тапсырыпты. Жанындағы кішірегі – Амангелді батырдың сенімді серігі, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің мыңбасы сардары болған Ыбырай Атамбектің мылтығы.
Мұражайға И.Краснобородиков тапсырған қару күлдірмамай мылтық болуы мүмкін. «Күлдірмамайдың ұңғысы ұзын келеді. Алысқа атуға арналған мылтық. Аузынан оқталып, пілте арқылы от алады. Күлдірмамайдың атар кезде жерге тіреп қоятын жинамалы сирағы болады. Ел аузында Кенесары Ақмола бекінісін қоршаған кезде қаланың сыртында тұрып осы күлдірмамай мылтықпен қамалдағы зеңбірекшіні атып түсірген деген сөз бар. Кене ханның мылтығы қазір Омбының өлкелік тарихи-әдеби мұражайында сақтаулы тұр. Бұл мылтықтың көшірмесін қолөнер шебері Таңат Әлібаев жасап шығарды, – дейді ақын Батырлан Сағынтаев.
Әлеуметтік желіде күлдірмамайдың оқпанын сүмбімен тазалап тұрған дала жауынгерінің суреті жүр. Суреттің төменгі оң жақ тұсында «К.Ахметжанов» деген жазу бар. Бұл – суретші, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжанның жаңғыртқан туындысы.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда тұрған күлдірмамайдың ұңғысы тегіс, сүмбінің көмегімен оқпанынан оқталады. Ұзын цилиндр тәріздес металл оқпаны арнайы жоғары сапалы құрыштан құйылған.
Қостанай облысы