Жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген автонесие бағдарламасының сипаты ауысты. Енді аталған бағдарлама аясында қоғамдық көліктерді сатып алуға несие беріледі. Қазірге дейін револьверлік жүйе бойынша жиналған 100 млрд теңге қаражат қоғамдық көлікті сатып алуға жұмсалмақ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, өңірлердегі автобус парктері әбден тозған. Сондықтан қаражатты солай қарай бағыттау туралы шешім қабылданыпты.
«Бірқатар өңірлерде, Талдықорғанда, Оралда болдық. Жергілікті атқарушы орган өкілдері негізінен автопарктің ескіруі мәселесін көтереді. Еліміз бойынша 10 525 автобус болса, соның 45 пайызы – ескірген көліктер. Мысалы, Қостанайда ескіру көлемі 90 пайызға жетсе, Талдықорған мен Оралда – 70 пайыз. Сондықтан қолда бар қаражатты мейлінше тиімді пайдалану керек болып тұр. Осыған байланысты қаржыны қоғамдық көлікті несиелеуге бағыттамақпыз. Елімізде қоғамдық көлікті күн сайын 9,3 млн адам пайдаланады. Біздегі басты басымдық – солардың қажеттілігін қанағаттандыру», деді министр.
Бағдарлама аясында жеңілдетілген автонесие берудің неліктен тоқтатылғанын вице-министр Ілияс Оспанов та түсіндірді.
«Бізде екі бағдарлама бар. Оның бірін – Қазақстан Даму банкі, екіншісін – Өнеркәсіпті дамыту қоры дайындайды. Енді Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаға өзгеріс енеді. Біздің алдымызда қаражатты тиімді пайдаланудың жолын табу туралы міндет тұрды. Ақша бар, бірақ ол бәріне жетпейтін еді. Міндетіміз – күн сайын қоғамдық көлікті пайдаланатын 9,2 млн адамды сапалы автобустармен қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдармен жиналыс өткізіп, ұсыныстарды сараладық. Қазіргі уақытта 2 мың автобусқа өтінім бердік. Соның тең жартысы Алматы әкімдігінен келді», деді Ілияс Оспанов.
Өнеркәсіпті дамыту қорының хабарлауынша, елде автобус сатып алуға арналған несие бағдарламасы бұрыннан бар. Жұмыс істеген бес жыл ішінде 3,5 мыңнан астам жаңа автобус қосылған. Енді жеңілдетілген автонесие бағдарламасынан ауысқан қосымша қаражат қоғамдық транспорт сатып алу жүйесіне тың серпін береді.
«Егер жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы бойынша ай сайын 120 адамды машинамен қамтамасыз етуге болатын болса, қаражатты қайта бөлген жағдайда бір айда 15 мыңға жуық жолаушы тасымалдайтын 20 автобус сатып алуға болады. Жаңа автобустар бейнебақылау камераларымен, бейнежазба жүйесімен, кондиционерлермен, маршрут көрсеткіштерімен, мүгедектерге арналған механикалық пандустармен жабдықталған және жолаушыларды қауіпсіз және жайлы тасымалдаудың барлық талаптарына лайық жасалған. Сонымен қатар сатып алынатын электр автобустары мен сығымдалған газбен жүретін автобустар атмосфераға зиянды заттардың шығарылмауы есебінен қалалардағы экологиялық жағдайға тиімді», делінген қордың ресми хабарламасында.
Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаровтың айтуынша, жаңа қаражаттың бөлінуі арқасында жылына 700 автобусты жаңарту мүмкіндігі туады.
Қолданыстағы автобустарды лизингтік қаржыландыру бағдарламасының шарттары: лизингтік қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін; лизинг бойынша бастапқы жарна – лизинг нысанасы құнының кемінде 15%-ы; жылдық сыйақы мөлшерлемесі –7%.
Елімізде жылдық 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2022 жылғы 16 мамырда басталған. Алайда басталғалы несиеге өтінім қабылдайтын платформа дұрыс жұмыс істей алған жоқ. 6 ақпанда қанатқақты жоба өтінім қабылдай бастады, бірақ жаңа порталдың жұмыс істеу ұзақтығы 18 секундқа ғана созылды.