• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Маусым, 2023

Адал адам – темірқазық идея

247 рет
көрсетілді

Түркістанда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда елде қызу талқыланып, кө­кейде жүрген мәселелер көтеріліп, маңыз­ды шешімдер қабылданды. Мем­лекет бас­шысының баяндамасында нақты идеологиялық басымдықтар анықталып, тың идеялар айтылды.

Жасанды интеллект, цифрландыру, жаһандану кезеңінде кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілетті бо­луы – бірінші кезекте қоғамдық инс­титуттардың өзгеруіне, бейім­де­луіне, ұлттың бірегейлігіне, құнды­лық­тар қалыптастыруына, ғылым мен білім­нің дамуы мен заманауи қоғам құру мәселелеріне тікелей байланысты. Қай мемлекет осы сұрақтарға жауап берсе, қоғамын жаңғыртуға тырысса, сол мемелекеттің болашағы зор. «Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, оның маңызы дәл осында.

Баяндамадағы ерекше ұнағаны «Адал адам» тұжырымдамасы Пре­­зиденттің қайта-қайта айтып жүр­ген Абайдың «Толық адам» тұ­жы­рым­да­масымен үн­­дескен, рухани же­­тіл­ген, кемеліне кел­ген, жан-жақ­­ты дамыған, Әділетті Қазақстан аза­­ма­тының образы және жал­ғасы деп айтуға болады. Білім сала­сы­ үшін де бұл – темірқазық идея.

Мемлекеттік наградаларды елі­міз­дің тарихында ерекше орын алған, сүйікті ұлдарының атымен атау көп мемлекеттердің тәжірбиесінде бар еке­ні белгілі. Енді біздің елде Байбарыс сұлтан, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мара­пат­тардың болуы өте тиімді шешім деп санаймын.

Балаларды кітап оқуға баулу туралы Президент мұның алдында да тапсырма берген еді. Біз 2020 жылдан бастап «Оқуға құштар мектеп» жобасын бастап, мектептерімізді 3 миллионнан астам әдебиетпен қамта­ма­сыз еттік. «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағ­­дарлама бұл салаға жаңа серпін бе­реді. Қазір «Мазмұндама», «Daryn Books», «Steppe & World Publishing» сияқ­ты баспалар осы жұмыспен айналы­суда. Енді мем­лекеттің қолдауының арқасында бұл жұмыс тиімді іске асады.

Депутаттар осы тұрғыда арнайы заң жобасын дайындап жатыр. Жақында Үкіметке қорытынды алуға жібереміз. Сол заң­да Президенттің тапсырмаларын қам­тимыз. Қосымша кітап дүкен­де­рінде белгілі мөлшерде қазақ тіліндегі кітаптарға міндетті түрде орын бөлу туралы ұсыныс та қаралып жатыр. Кезінде «телевидение хабарлары 50 пайыз мемлекеттік тілде болу керек» деген норма енгенде, талай дискуссия болды. Бірақ бүгінде бұл шешімнің дұрыс екеніне көзіміз жетті.

Тәрбие – тал бесіктен. Мек­теп­тердегі тәрбие жұмысын жетіл­діру мә­селесі бойынша кешенді тұжы­рым­дама бекіту маңызды. Бұл құжатты бір жыл бойы ғалымдар мен мамандар дайындады, енді бекіту ғана қалды. Осы шешім Президенттің бүгінгі ұсы­ныстарымен толығымен үндеседі деп санаймын.

Оқушыларды еңбекке баулу мәсе­лесі де көтерілді. 2022 жылы ең­бек пәні 1-сыныптарда бөлек пән ре­тін­де қайта енгізілген болатын. Бұл жұ­мыс­ты Президенттің бастамасымен ұш­тас­тырып, тиімді іске асыру үшін мек­тептерде қажетті материалды база­мен қамтамасыз ету керек. Бұл – еңбек қоғамын құрудағы маңызды бастама.

Тағы бір маңызды мәселе – балалар­дың театр, мұражайларға барып, мә­дени дамуы. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасының шеңберінде тиісті министрліктер осы мәселені қолға алады деп сенеміз. Аталған идеяны тиімді іске асырудың бір жолы – бюджеттен арнайы мемлекеттік тапсырыс енгізу.

Шекаралас аудандарды қайта ашу – Ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.Сон­­­­­дықтан жаңа Катонқарағай, Мар­қа­­­көл және Мақаншы аудандары­ның қалып­ты дамуы үшін мектептер жілісінің нормативіне де өзгерістер енгізу керек.

Нашақорлықпен күрес, құмар ойындардан сақтандыру, вейп мәселесі­­мен айналысу сияқты қоғамда қызу тал­қы­ланып жүрген проблемалар бойынша да тапсырмалар берілді.

Ғалымдарымыздың көтеріп жүрген тағы бір мәселесі бар еді. Ол – белгілі бір шешім қабылдағанда, реформалар жүргізгенде кәсіби зерттеулерге сүйену. Президент бүгін осы мәселеге де бөлек тоқталды. «Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады».

Шыны керек, мемлекеттік орган­дардың біраз бастамаларының сәтсіз іске асырылуының бірден-бір себебі де – алдын ала зерттеулердің болмауында. Осы қабылданған шешімдерді іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер де қажет болады.

 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты