Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаннан бері 169 мың реттен астам тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы – қазақ тілінде, 26 пайызы – орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 77 пайыздан астам талапкер жинаған. Орташа ұпай 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны ел бойынша үш талапкер жинаған.
«ҰБТ-ның төртінші аптасы аяқталды. Талапкерлер тестілеудің екінші мүмкіндігін тапсырып жатыр. Осы аптада біз Ielts және Toefl халықаралық сертификаттарын «Ағылшын тілі» бойынша ҰБТ балына ауыстыру шкаласын жарияладық. Сондай-ақ SAT, ACT, IB, A-Level стандартталған тест балдары бекітілді. Бұл сертификат нәтижелерді ҰБТ балына конвертациялауға мүмкіндік береді», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 486 талапкер қатысты.
Бүгінгі таңда 229 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 175 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталмаған.
Айта кетейік, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.