• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пайдалы қазбалар 23 Маусым, 2023

Уыстағы ураннан ұлысқа пайда бар ма?

323 рет
көрсетілді

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамына қарасты уран өндіруші 20-дан астам кеніштің 15-і Түркістан облысында орналасқан. Статистикалық мәліметке сәйкес өңірдің тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында өткен жылы 425,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 350,0 млрд теңге болған екен.

Әлемде уран өндіруден де, оның қоры бойынша да алдыңғы қатардағы Қазақстан 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі екен. Бұл – әлемдегі уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметін­ше, кен өндіру өнеркәсібі және металлургия көлемінің 98,8%-ы «Қазатомөнеркәсіп» кәсіп­орындарына тиесілі. Түркіс­тан облысында осы салада 8 мың­нан аса адам жұмыс істейді. Оның барлығы дерлік, яғни 99,0%-ға жуығы – өңірдің жергілікті азаматтары. «Қазатомөнеркәсіп» кен орындарын игерудің ең қауіпсіз және экологиялық таза әдісін – жерасты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) әдісін қолданады және өндірудің өзіндік құнының ең төмен көрсеткіштерінің біріне ие. Яғни табиғи уран ешқашан ашық әдіспен өндірілмеген. Бұл жақта жерасты шахталары да, карьерлер де жоқ.

Мамандар ЖҰШ технологиясы бойынша өндірілгенде уран дайын күйінде жер бетіне шығарылмайтынын айтады. Кен орнында жіберу ұңғымалары салынып, солар арқылы кенді денелерге шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Ол кен көкжиегі ар­қылы өтіп, уранның табиғи қо­сы­лыстарын ерітеді, содан кейін құрамында уран бар ерітінді шы­ғару ұңғымалары арқылы сыртқа шығарылады. Уран кен орындарын шахталық және карьерлік әдіс­терге қарағанда, ұңғымалы шай­малау әдісімен игерудің жер қыртысына теріс әсері жоқ деуге де болады. Сала мамандары өндіріс салдарынан жер шө­гіп, топырақ бұзылмайтынын және жер бетінде үйінділер қал­май­тынын айтады. Деректерге қа­рағанда, жерасты ұңғымалы шай­малау әдісімен игеруге жарам­ды әлемдік барланған уран қоры­ның 65 пайыздан астамы Қазақ­стан аумағында орналасқан. «Қаз­атом­өнеркәсіп» уран өндіруді 100% ЖҰШ әдісімен жүргізеді. Өз қыз­меті қоршаған ортаға, тұрғын­дардың денсаулығына, қауіпсіз­дігіне және өмірінің сапасына әсер ететінін мойындап отырған ком­пания өңірде экологиялық қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету, та­­биғи ортаны сақтау, табиғи ресурс­тар­ды оңтайлы пайдалану және экологиялық әсерді барынша азай­ту бойынша барлық қажетті іс-шараны қабылдайтынын мә­лім­деуде. Алдыңғы жылы «Қаз­атом­өнеркәсіп» қоршаған орта­ны қорғау бойынша іс-шара­лар­ды өткізуге 964,6 млн теңге жұм­сапты.

Облыс аумағындағы уран өн­діруші 15 кеніш жергілікті ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға қандай үлес қосуда? Басқарманың дерегінше, кәсіпорындар бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырып келеді. Мысалы, 2021 жылы «Қазатомөнеркәсіп» жер қойнауын пайдалануға ар­нал­ған келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына 1,609 млрд теңге, 2022 жылы 2,749 млрд теңге жергілікті бюджетке аудар­ған.

Түркістан қаласында былтыр құны 1,7 млрд теңге болатын жедел жәрдем стансасының құрылысын жүргізіп, елді мекендерді абаттандыру, Түркістан және Қызылорда облыстарының 7 елді мекенінде балаларға арналған заманауи ойын және спорт алаңдарын салу сияқты бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылып, халықтың әлеуметтік осал топтарына қар­жы­лай көмек көрсетілді. Созақ ауданы аумағында орналасқан кәсіпорындар ірі әлеуметтік жобаларға демеушілік көрсетіп, аймақтың дамуы үшін қомақты қаржы бөліп, тұрмысы төмен отба­сыларды тұрақты түрде қол­дап келеді. Мәселен, «Катко» БК кәсіпорны Таукент кенті­не аяқжол салып, көшені жарық­тан­дыру жұмыстарын жүргіз­се, «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіп­­ор­ны атомшылар аллеясы мен балалар ойын алаңы, «стрит вор­кут» алаңшасына, «Бел­­сен­ді ұзақ өмір және тең қо­ғам»­ әлеуметтік орталығының ашы­­луына демеушілік жасады. Сондай-ақ С.Қожанов атын­да­ғы ескі музей ғимаратына күр­­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гіз­ген.

Бүгінде ғимарат балалар шы­ғармашылық үйіне арна­лып, қажетті жабдықтармен то­лық­тай қамтылған. Қыземшек кен­тінде «Аппақ» ЖШС-нің де­меу­шілігімен үлкен теннис алаң­қайына күрделі жөндеу жұ­­мыстары жүргізілді. «Вол­ков­геология» АҚ тарапынан Жуан­төбе және Жартытөбе ауыл­дық округ тұрғындарын тәу­лік бойы ауыз сумен қамту мақ­са­тында қосымша ұңғыма құдық­тар қазылды. Ал «Заречное» АҚ демеушілігімен №2 балалар, жасөспірімдер спорт мек­тебіне  сыйымдылығы 45 адам­дық автобус берілген. Кәсіпорын әлеуметтік салық және корпора­тив­тік табыс салығын 50 пайыз­ ауданға, 50 пайыз облысқа тө­лейді. Жалпы, 2022 жылы 495,4 млн теңге салық төлеген болса, биыл бүгінге дейін 125 млн теңге төлеген. Сондай-ақ 360 адамды жұмыспен қамтыған. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмайды. Демеушілер та­рапынан өткен жылғы қыс мез­­гілінде  аз қамтылған  927 от­ба­­сы­на, 1550 тонна көмір таратылып берілді. Осылайша, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на үлкен үлес қосып, компа­ния жыл сайын ауданда 30-ға жуық қысқа және ұзақ мерзімді жоба­ларға көмек қолын созып отыр.

Дегенмен уран өндірісінің ауыл шаруашылығына кері әсе­рі де айтылып жүр. Мысалы, Созақ ауданында тозығы жеткен жайы­лымдық жерлерді шөл және шө­лейт аймақтарға бейімделген өсімдіктер егу және су көздерін ашу арқылы қайтадан айналымға қосу маңызды. Бұл орайда мамандар Созақ өңірінде 1985 жылға дейін 1600-ден астам құдық пен скважиналар болғанын, 2000-2006 жылдар аралығында «Вол­ков­геология» АҚ тарапынан аудан­дағы уран өндірісі жүріп жат­қан аймақтағы бұрын пайдала­ны­лып келген 103 құдық пен артезиан скважиналары суының құрамынан радионуклидтердің шектелген нормадан тыс асып кетуі жағдайының анықталуына бай­ланысты жабылғанын айтады. Міне, осыдан кейінгі 16 жыл­дан астам мерзімде ауданда уран өндірісі ондаған есе артты. «Аудан аумағында орналасқан Шу – Мойынқұм тау-кен провинциясы мен Бетпақ дала өңірінде орналасқан тау-кен провинция­ларына өндіріс орындары қа­жеттілігі үшін сөткесіне 1800 тон­на күкірт қышқылы мен одан басқа улы химиялық қоспалар (реагенттер) жерасты скважиналарына құйылып жатқанды­ғын ескерсек, тек соңғы жылда жер­асты қабатына 10 млн тонна­дан астам улы химиялық қоспа­лар уран өндіру үшін жерасты қабатына жіберілді. Міне, осы жылдан бергі мерзімде аудан­ кө­лемінде Мойынқұм мен Бет­пақ өңіріндегі жайылымдық жер­лер­дегі жерасты суларының ішуге жа­рамдылығы тексерілген жоқ. Жекелеген уран өндірісімен айналысып отырған кәсіпорындар оның ішінде «Қазақ-француз «Катко» БК ЖШС тарапынан өндіріс орны маңайындағы скважиналар суын пайдалану қа­уіпсіз еместігі ескертіліп осы су­­ларды пайдаланып отырған аудан агроқұрылымдары үшін қауіп­сіз аймақтан артезиан сква­жи­наларын қазып беру жөнінде ұсыныс жасалып отыр», дейді Созақ ауданы әкімдігі кәсіпкер­лік және ауыл шаруашылығы бө­лі­мі басшысының орынбасары ­Қ.Сұл­танғазиев.

Бұл орайда осы мәселеге байланысты облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на, облыс бойынша экология және қоғамдық денсаулық сақ­тау департаменттеріне, Созақ ауданы әкімдігіне арнайы ескерт­пе хат жолданған. Хатта уран өнді­ру үшін пайдаланылып отыр­ған ұң­ғымалық шаймалау әдісі қор­ша­ған ортаға әсерін қалдыр­­май қоймайтындығын, соның ішін­де жерасты суларының ластану ­қаупі жоғары екендігін ескере оты­­­рып, өз­­дігінен ағатын ұңғымалар­ды жабу, экологиялық және ­са­­­­­нитар­лы-эпидемиологиялық ­ахуал­­ды анықтауға және жерасты суларының құрамына тұрақты мо­ниторинг жұмыстарын жүр­гізу іс-шараларын ұйымдастыру ұсы­нылған. Мамандардың мәлім­деуін­ше, осы жағдайға байланысты уран өндірісі ауқымды қар­қынмен жүргізіліп жатқан Шу – Мойынқұм тау-кен провин­циясы мен Бетпақ дала өңірінде орналасқан тау-кен аумағында жерасты суларының пайдалануға жарамдылығын анықтау қажет­ті­лігі туындап отыр.

 

Түркістан облысы