Бүгін – Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Басты мақсаты халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асыру болып саналатын бұл қызметтің арқалаған жүгі салмақты, жауапкершілігі де аз емес. Өйткені мемлекеттік қызметкер – әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы.
Мемлекеттік қызметшінің адамгершілік-әдептілік бейнесі қандай болуы керек? Оның құндылықтарын қалай жетілдіреміз? Оң имиджін қалай қалыптастырамыз? Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілердің беделі мен мәртебесі қайтсе артады? Шыны керек, көптің көкейіндегі бұл сұрақтарға әлі де нақты жауап берілген жоқ. Өкінішке қарай, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» екенін әлі де нақты істе көрсете алмай келеміз.
Өткенде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі мінсіз бедел қағидаттарын нығайту мәселелерін талқылау бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Сенат депутаты Мұрат Қадырбек, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Альтаир Ахметов, БҰҰ Даму бағдарламасы Ыстанбұл өңірлік орталығы Саясат және бағдарламаларды қолдау жөніндегі бюросының Сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік басқару саласы жөніндегі маманы Ираклий Котетешвили, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы басшысының орынбасары Элгуджа Макалатия, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері қатысқан іс-шарада мемлекеттік лауазымдарға орналасу кезінде азаматтардың беделіне қойылатын талаптарды жетілдіру және әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен рөлін арттыру мәселелері қаралды.
Сол жиында айтылған деректердің бірі төмендегідей. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері азайған екен. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны өткен кезеңмен салыстырғанда 21 пайызға қысқарған. Мәселен, 2021 жылы 412 дерек тіркелсе, өткен жылы бұл сан 325-ке дейін түскен.
Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдарда және облыс әкімдерінің аппараттарында – 765, оның ішінде 34 дербес Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдер 20 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшіге консультациялық көмек көрсеткен. Атап айтқанда, 167 өтініш берушінің құқығы қалпына келтіріліп, 25 мыңға жуық түсіндіру-профилактикалық іс-шара жүргізілген.
Мамандар мемлекеттік қызметтегі бұл көрсеткішке агенттік тарапынан қолға алынған Әдеп жөніндегі уәкіл институты ықпал етіп отыр дейді. «Осы институтты жетілдіру, олардың мәртебесін арттыру мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережені қайта қарау туралы ұсыныс беріліп, 2023 жылғы 5 маусымда Президент Жарлығымен тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістерге сәйкес Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілердің өтініштерін өз бетінше қарау және әдепке байланысты тәртіптік теріс қылықтарды қарау кезінде қорытынды шығару функцияларын беруді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұған қоса, енді Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын атқаратын адамдар мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынады», дейді агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.
Ал Алматы облысының Әдеп жөніндегі кеңесі мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаев: «Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің мінез-құлық мәселесі өте маңызды орынға ие. Яғни қызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек», дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», деген еді. Республикалық қоғамдық штабта өткен жиында «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» ұстанымының маңыздылығына тоқталған Президент мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының сақталуы туралы да айтты. Ендігі мәселе ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет екенін түсінетін ұрпақ өсіру. Еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда осы қызметшілердің адал ісіне байланысты.