Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен қаламгерлер арасында елімізге белгілі журналист, дарынды спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске түсіруге арналған бильярдтан республикалық турнир өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатына танымал журналист, «Ақ жол» партиясы ұлттық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, белгілі журналистер Қайнар Олжай, Дана Нұржігіт, Жайна Сламбек пен Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан қатысты.
Турнирде ақпарат, мәдениет, әдебиет саласының 40-тан аса өкілі он үш командаға (әр командада 3 ойыншы) бөлініп, жарыстың бас жүлдесін сарапқа салды. Ал тастаяқ бәсекесіне Амангелді Сейітханның ұстазы, даңқты спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы төрелік етті.
Турнир қорытындысы бойынша «Спорт» газетінің журналистері жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл команданың құрамында әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің әлеумет және спорт бөлімінің тілшісі Бақытбек Қадыр да болғанын айта кеткен жөн. Екінші орын «Ұлттық арна» командасына бұйырса, бас жүлдені астаналық қаламгерлер командасы қанжығасына байлап, жарыс жеңімпазы атанды.
Жарыс соңында турнирге қатысушылар Амангелді Сейітхан туралы естеліктер айтып, оның талантты журналист қана емес, өзін нағыз азамат ретінде танытқанын атап өтті. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысушыларды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, қонақтарға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.