«Облысымыздың құрылғанына жақында бір жыл толды. Осы уақытта ауыз толтырып мақтанатындай нәтижеге, өкінішке қарай, жеткен жоқпыз». Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы баспасөз мәслихатын осылайша бастады. Мұны әкімнің «Барды бар, жоқты жоқ» деп айтқысы келгені деп түсінген едік, солай болып та шықты.
Облыс бюджеті небәрі 128,8 млрд теңгені құрайды. Бұл – республика аймақтарындағы ең аз бюджет. Бір қуаныштысы, бюджеттің кіріс бөлігі өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есе өскен. Бірақ қордаланған мәселелерді шешу үшін бюджет қаражатының жеткіліксіздігі көзге ұрып-ақ тұр. Сондықтан 2022 жылы облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды. Көп үміт осы Кешенді жоспарда. Өйткені мұндағы атқарылатын шаруалар әртүрлі көзден инвестиция тарту арқылы қаржыландырылады. Жалпы сомасы – 1,4 трлн теңге. Жоспарлау бар да, оның орындалысы болады ғой. Бұл ретте Кешенді жоспар бойынша қазіргі кезде 85,7 млрд теңгеден астам қаржы салынып, құны 5,3 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылды. Бастама жаман емес.
Облыс бюджеті кірісінің 70%-ы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі. Бұған қуануға да, сәл ойлануға да болады. Өйткені медальдың екі жағы болатыны секілді, тұтас бір аймақтың негізінен бірыңғай жалғыз ғана компанияға арқа сүйеп отыруы соншалықты жақсылық емес. Шикізат қоры мәңгілік емес. Рас, осыдан он-он бес жыл бұрын «кен қоры таусылуға жақындады» деген дабыл қағылған еді. Дегенмен тиісті зерттеулер кем дегенде әлі де жартығасырлық қор жеткілікті екенін есептеп шықты. Бірақ жайбарақаттыққа салынуға болмайды.
Сондықтан өндірістің басқа да мүмкіндіктерін қарастыру, яғни экономиканы әртараптандыруға баса назар аудармаса болмайды. Бұл бағытта да бастамалар жоқ емес. Мысалы, облыста мұнай өңдеу зауытын ашуға ықыласты инвестор табылып тұр, бірақ соның жұмысына қажетті мұнай жеткіліксіз деген себеппен іс тежеуілдеп қалған. Сондай-ақ Құмкөл маңайында игеріліп жатқан аумақтан да тыс жаңа мұнай көздері бар екендігі белгілі болды. Алдағы уақытта мұны ел игілігіне айналдыруға әбден болады. Қытай компаниясы өңірде жел стансасын орнатуға құлшыныс танытты. Қол қойылды, жұмыс басталуға тақау. Сол сияқты қытайлық компаниялар арқылы Жезқазған-Сәтбаев қалаларына жылу тарататын №2 жылу электр орталығын салу туралы да жұмыстар жүргізілуде.
Қай сала болсын түйткілге толы. Айталық, жол мәселесі. «Жезқазған – Қызылорда» автожолының түйткілі қашан тарқайтыны беймәлім. Биыл мамыр айында тендер өтіп, шілдеден жұмыс басталады деп күтілген еді. Өкініштісі сол, облыс әкімінің баспасөз мәслихатында қойылған сауалға қайтарған жауабынан ұққанымыз, тендер әлі ойнатылмаған көрінеді. Есесіне, Ұлытау – Арқалық бағытындағы жолды жөндеу басталды. Сол сияқты облыстың ішкі жолдары да жаңарады. Жалпы, облыс бойынша 2023 жылы барлығы 7,5 млрд теңгеге 48 шақырым республикалық және 35 шақырым облыстық маңызы бар автожол жөндеуден өткізілмек.
Айтуға ыңғайсыздау, бірақ айтпасқа тағы болмайды. Кейінгі ширек ғасырда Жезқазған – Ұлытау өңірінде бұрынғы облыстық бюджеттің есебінен, 2021 жылы жартылай пайдалануға берілген бір мектеп-интернаттың ғимаратынан өзге, бірде-бір нысан салынбаған екен. Сол мектеп-интернаттың өзі толық аяқталмағандықтан, облыс биыл 200 орындық жатақхана құрылысын және «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша Қабанбай батыр кентінде құны 2,1 млрд теңге тұратын 300 орындық мектеп құрылысын бастады.
Құрылыстары бұрынғы облыстың тұсында басталып, «сақалды құрылысқа» айналған Теректі стансасындағы 80 орындық мектептің, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы 2 балабақшаның, Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының, Ұлытау ауданының Жезді кентіндегі 160 орындық және Жезқазған қаласындағы 310 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстарын аяқтау да жаңа облыстың мойнына жүктеліп отыр.
Денсаулық саласында да «дімкәс» тұстар жетерлік. Облыста перинаталдық орталық та, балаларға арналған аурухана да жоқ. Онкологиялық науқастардың саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 2,6 есеге өсіп кеткен. Ал мұны емдей қоятын онкологиялық диспансер де жоқ. Облыс бойынша денсаулық саласына 60 маман керек. Осы түйткілдер, әрине, өз шешімін күтуде. Мұның бәрін шешу керек. Ұлытау ауданының «Сарысу», «Бозтұмсық» ауылдарында, Жаңаарқа ауданының «Атасу», «Бидайық» ауылдарында шілде айында фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылмақ, ал тағы 5 ауылда олардың құрылыстары басталады.
Сол сияқты Ұлытау ауданының орталығында халық көптен күтіп жүрген аудандық аурухана құрылысы қолға алынады.
Баспасөз мәслихатында халықты жылумен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі Жезқазған қаласында жылудың жетіспеушілігі салдарынан өткен жылы салынып, дайын тұрған 34 пәтерлік үйдің пайдалануға берілмей қалғанын айтты. Сондықтан облыс орталығына жылу беру мәселесі айрықша назарда тұр. Қысқы жылу беру маусымына әзірлікпен қоса жылудың қуаттылығын арттыру керек. Мұндай мәселе Сәтбаев қаласында да бар.
Жезқазған қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту туралы сөз ондаған жыл бойы айтылып келеді. Кезінде қаржы да қарастырылған. Бірақ, өкінішке қарай, тиісті бақылаудың болмауы салдарынан мәселе түпкілікті шешімін таппаған. Ал қазіргі кезде қандай шаруа атқарылып жатыр? Биыл республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлініп, Үйтас-Айдос тоғанының ІІ көтергішінің сорғы стансасын жаңарту жұмыстары басталды. Келесі жылы бұл жобаны жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталуда.
Өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен облыс өнімнің тек 3 түрін (1-сұрыпты ұн, 1-сұрыпты нан және сиыр еті) өндіреді. Қалған 16 позиция (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, макарон, сүт, сүзбе, айран, тұз, май, жұмыртқа, тауық еті) сырттан әкелінеді. Халықты азық-түлікпен қамту мәселесінде облыс басқа өңірлерге тәуелділіктен арыла алмайтын тәрізді. Өйткені облыстағы 31 320 гектарға егілген егістің 21420 гектары – бидай, 1800 гектары арпа, қалғаны мал азығы, көпжылдық шөптер. Бау-бақша өнімдері жоқтың қасы. Бұл жағдай облыс басшылығын, әрине, алаңдатады. 2026 жылға дейін жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық агрожобаны іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бәлкім, халықты жергілікті азық-түлікпен қамту тығырығынан осы жобалар іске асқанда ғана қол жетіп қалар. Бәрі уақыт еншісінде.
Облыс құрылғалы бір жылдан енді ғана асты. Қарапайым көпшіліктің көңілінде «жұмыс неге сылбыр?» дейтін сұрақтың жүргені жасырын емес. Бірақ «бір жылда тау төңкеріп тастаудың» мүмкін еместігін де түсінген абзал.
Облыс әкімі кадр тапшылығы туралы да айтты.
«Қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы – бұрын облыстық деңгейде жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ мамандар. Мұның жұмысқа тікелей әсері бар», деген облыс әкімін түсінуге болады.
Жаңа істі бастау қашан болсын қиын. Облыстың жер көлемі үлкен болғанымен, 2 аудан, 3 қаладан құралады, халқының саны да аз. Бірақ, соған қарамастан, кейінгі бір жылда өңірден көшу саябырсып, керісінше көшіп келушілер қатары артыпты. Бұл – жақсылықтың нышаны.
Облыс құрылғалы авто, теміржол, әуе қатынастары ұлғая түскен. Айталық, облыс орталығының ауылдармен автобайланысы артты. Алматыға күнара «Тальго» пойызы қатынайтын болды. Астанаға қатынайтын пойыздың саны да, сапасы да артты.
Әуе жолын пайдалану да біртіндеп артып келеді. Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына бұрыннан ұшақтар ұшатын болса, алдағы жылдан бастап Жезқазған – Шымкент әуе қатынасын жолға қою көзделуде. Осының бәрі біле-білгенге оң өзгеріс емес пе? Мәдени, өнер, спорт саласындағы жетістіктер өз алдына.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша кейбір кемшін тұстары бар екендігіне қарамастан, Ұлытау еліміз бойынша 7-орынға көтерілген екен. Өткен жылмен салыстырғанда экономика 6%-ға өсіп, жалпы өңірлік өнім 1,4 есе ұлғайып, 1,7 трлн теңгені құраған көрінеді. Бұл жас облыстың күш-қуатын, мүмкіндігін аңғартады. Ең бастысы, алғашқы қадамдар жаман емес.
Ұлытау облысы