• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Маусым, 2023

Қуыршақ театрының халықаралық фестивалі

261 рет
көрсетілді

Елорда күні қарсаңында III «Құралай» қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі кішкентай көрермендерін қуанышқа бөледі. Бұл – Астана қуыршақ театры өнерпаздарының балаларға базарлығы.

 

Ұлттық өнер – төл тарихтың бір бұтағы іспетті. Оны сындырып алуға болмайды. Ғалымдар қазақ қуыршақ өнерінің тарихы Ортекеден бастау алады дегенді құптайды. Себебі Ортекенің қимылында қуыршақ театрының эле­мент­тері бар. Алайда ресми түрде елде қуыршақ театры 1935 жылы Алматы қаласында ашылған. Содан бері қуыршақ театрының майталмандары ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын қаншама төл туындының тұсауын кесті.

Енді орайы келгенде­ фес­ти­валь­ тарихына да аз-кем тоқталсақ. Ха­лықаралық дең­гейдегі іс-шара алғаш 2015 жылы өткен. Кейін араға екі жыл салып, қайта түн­дігін түр­ген. Астана қуыршақ теат­ры­­­ ашылған күннен бастап әлемдік театр­лармен тығыз байланыс орнатыпты.­ Театр ұжымы екі мәрте фестиваль өт­кі­зумен шектелмей, халықаралық театр­ додаларына да қатысып, шетел­дік­ көрермендерін тәнті етіп жүр. Фести­вальдың ашылу салтанатынан кейін Астана қуыршақ театрының ұжы­мы көрерменге қазақ қуыршақ теат­рының тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұ­ра­то­ваның «Әжемнің ертегісі» қойылымын ұсынған. Себебі аталған фес­ти­вальдың өзі өнер майталманы Құралай Ешмұратованың есімімен аталды. Қала күніне орай өтіп жатқан халық­­аралық фестивальға Астана қаласы әкім­дігімен қатар Мәдениет басқармасы қолдау көрсеткен.

I Халық­ара­лық «Құралай» қуыршақ театрлары фести­валіне Перу, Эс­то­ния, Болгария, Сербия, Ру­мы­ния, Ресей, Татарстан, Түр­­кия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Гер­­це­говина сияқты бір­ша­ма мемлекеттің өнерпаздары қатыс­­қан­. Осынау мерекеде алыс-жақын елдегі өнерпаздар «Eurasia puppet» – қуыр­шақ театр­лары ассоциациясын құру жөнін­де меморандумға қол қойған. Осы мемо­рандум театр­лар арасындағы байланысты нығай­туға септескен. Содан бері елдің қуыршақ театры әлемдік ұжым­­дар­мен достық қарым-қаты­нас орнатып, тәжі­рибе алма­сып, шеберлік шыңдаудан қол үзбе­ген.

Астанадағы қуыршақ теат­рында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып еңбек ететін Қуат Ежембектің айтуын­ша­, ел және әлем өнерпаздарының шығар­маларын тамашалауға келген бала­лар­дың­ санында шек жоқ.

– Фестивальдың әуелгі мақ­саты – өнер­паз­дардың шығар­ма­­­шылығын шыңдап, әріп­тестермен тәжірибе алмасу. Әлі де осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Астанада қуыршақ театры 2007 жылы Жастар театрының жанынан құрылса, 2010 жылы өз алдына бөлек ұжым болып ашылды. Осындай халықаралық дәрежедегі фес­тивальдардан байқағанымыз, әр ұлттың қуыршақ театрының өзіндік ұлттық айшықтары бар. Актерлердің де ерекшеліктері бір­ден байқалады. Мысалы, қазақ актер­лері темпераментті болып келеді. Қытай қуыршақ театрының 4-5 мың жыл­дық­ тарихы бар деседі. Олардың да қойы­лымынан ұлттық болмыс сезіліп тұрады. Біз де өзге елдердің актерлерінен қалыс­паймыз. Небір шеберлері­міз бар. Фести­валь­ аясында­ бар­лық қойылым тегін көр­се­тіліп жатыр. Көрермен тек ұйымдастырушыларға алдын ала хабар­ласып, орынды сайлап қойса жет­кі­лікті. 25 маусымнан, яғни фести­валь­ басталғаннан шоқтығы биік қойы­лым­дарды тамашалауға келіп жатқан көрер­мен көп. Олардың арасында отбасымен келген бүлдіршіндер де бар. Өзім 2015 жылы қуыршақ теат­рына жұмысқа барғанымда орыс тіліндегі қойылымдарға көрермен көп келетінін бай­қадым. Қазір қазақ тіліндегі қойылымдарды тама­ша­лауға келетін балалар олардан асып түседі десем артық айтқаным емес. Бұл бізді қуантады. Өнер­паздарды шабыттандырады, – дейді ол.

Осы тұста Қуат Ежембек қуыр­­­шақ театрында сахналанған шоқтығы биік­ туындылардың көп екенін айтып қал­ды. Бөлім меңгерушісі Роза Мұқа­но­ва­ның «Мәңгілік бала бейне» шығар­масы желісіндегі қойылымды, Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінің желісі бо­йынша сахна­ланған «Атамекен» қойылымына тоқта­лып, бала­ларға арналған тағылымды шы­ғар­ма­ларды да тізіп өтті.

Осы жолы қуыршақ театрлары фес­ти­валіне Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстаннан және Астанамен қоса есептегенде Алматы, Шым­­­­­­­кент, Ақтау, Қостанай, Пет­ро­­­павл қалаларынан келген­ 13 ­ұж­ым­ қатысып жатыр. Фес­ти­валь аясында әріптестер ше­бер­лік сабақ­тарын өткізуге де ниет білдірген. Енді 29 маусымға дейін қуыршақ театрларының өнерпаздары балаларға қай­та­ланбас туындыларын ұсынады. Кейін, дарабоздардың ішінде дараланған қойылымдарды театр түлек­тері мен озат оқушылардан құрал­ған қазылар алқасы баға­лай­ды.