Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қызылорда облысында сауда және интеграция және ауыл шаруашылығы вице-министрлері, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, еліміздің барлық өңірі әкімдерінің орынбасарлары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары төрағаларының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу мәселелері бойынша апта сайынғы жедел кеңес өткізді.
Онда бағаны тұрақтандыру, тіркелген бағаларды белгілеу және экспортқа бағытталған компанияларды қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық қаржыландыру алгоритмдері талқыланды.
«Елімізде осымен екі апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріндегі баға өсімі тіркелген жоқ. «Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы тұтыну бағаларының индексі 4,3%-ды құрады, бұл жақсы көрсеткішті жарты жылдықтың соңына дейін сақтау қажет. Баға тұрақтылығына ӘМАТ тобының неғұрлым проблемалы тауарлары бойынша мақсатты жұмыс арқылы қол жеткізілді», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде дефляция және ҰӘҚҚ баға индексінің төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта әкімдіктер мен ӘКК арасында жасалған келісімдерге талдау жүргізіліп келеді, оларды бағаны тұрақтандырудың жаңа алгоритміне тарту үшін неғұрлым белсенді, әлеуметтік бағдарланған өндірушілер анықталып отыр. Баға индексінің ең жоғары өсімді тудыратын тауарлары: сиыр еті мен жұмыртқаға – Сауда және интеграция министрлігінде «айналым схемасы» шеңберінде өндірушілерге несие беру тетігі әзірленді. Көлем қорлары тек өндірушілермен шарттарға қол қою арқылы – сатып алу бағасына да, бөлшек сауда бағасына да шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне бағаны белгілеу шартымен жүзеге асырылуы керек.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков күзгі-қысқы кезеңге арналған өнімдердің өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың нәтижелерін баяндады. Тұрақтандыру қорларында көлемі 94,5 мың тонна күзгі картоп, 27,4 мың тонна сәбіз, 27,7 мың тонна пияз, 19,1 мың тонна қырыққабат жеткізуге шарттар жасалды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, форвардтық шарттар жасасуға мүмкіндік беру үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілді, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, ұн және қант өндірісіне форвардтық қаржыландыру енгізілді.
«Форвардтық қаржыландырудың алдын ала сомасы 18,7 млрд теңгені құрайды. ӘКК шоттарында осы мақсаттарға бағытталуы мүмкін 35,6 млрд теңге бар. Бағдарламаға тауар өндірушілерді көбірек тарту және делдалдарды шеттету үшін қаржыландырудың 70%-ы тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бөлінетін болады», деп атап өтті Ербол Тасжүреков.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде заманауи форматта сауда нысандарын салу, кеңейту, жаңғырту жобалары бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Алайда, бүгінгі күнге дейін бизнестен осы мақсаттарға мемлекеттік қолдау алуға бірде-бір өтінім түскен жоқ.
Бұл ретте 2023 жылға 15 базарды жаңғырту жоспарланған: Алматы қаласында – 6, Шымкент қаласында – 1, Жамбыл облысында – 2 және Түркістан облысында – 6. Қазіргі таңда өңірлердегі жаңғырту жұмыстары Жол картасында белгіленген мерзімнен артта қалып отыр.
«QazTrade» АҚ атқарушы директоры Рустам Асулбек Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамыту туралы айтты.
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы өңделген өнім айналымы 323 млн долларға жетіп, оның 143 млн доллары экспортқа шығарылды.
«Бүгінде біздің міндетіміз – Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнес өкілдерінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру. Мұнда 67 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Қызылорда бүкіл елді күрішпен қамтамасыз етіп қана қоймай, азық-түлік өнімдерін экспорттауда да берік орын алады. Өңделген өнім экспортының 143 млн долла- ры, яғни 35%-ы күріш жеткізіліміне тиесілі. Күріштің жергілікті өндіріс базаларының болуы осы өнімді шетелге экспорттауды арттырудың тамаша шарты болып отыр», деп атап өтті «QazTrade» басшысы.
Қызылорда облысының негізгі экспорттық тауарларының ішінде күріштен басқа уран (жалпы экспорттың үлесінде – 40,8%), цемент (7,3%), балық (5,8%), тұз (3,5%) бар.
Қызылорда күрішінің негізгі импорттаушылары – Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан.
Кеңес барысында Серік Жұманғарин ӘКК пен жергілікті атқарушы органдардың көкөністерге келісімшарт жасау, қажетсіз делдалдарды анықтау және базарларды жаңғырту жұмыстарын сынға алды.