• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Маусым, 2023

Жас ғалымдар экспедициясы

229 рет
көрсетілді

NIS желісінде он жылдан астам уақыт жалғасып, дәстүрге айналған «Туған елге тағзым» өлкетану және ғылыми-зерттеу экспедициясы – оқушылардың академиялық оқу мен ғылыми жобалық іс-әрекеттерін біріктіруді жүзеге асыруға арналған бірегей эксперименталды алаң. Әр өңірдің оқушылары экспедицияның барысында туған өлкесінің көрнекті жерлерін аралап қана қоймай, ғылыми жобалар портфолиоларын құнды ақпараттармен, зерттеулермен толықтырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебі «Туған елге тағзым» жазғы өлкетану-зерттеулік экспедициясы бойынша Іле Алатау өңірінің көрнекті нысандарына жорыққа шықты. Бір аптаға созылған экспедицияға мектептің үздік оқушылары іріктеліп алынған.

Өлкені аралап қана қоймай ғылыми зерттеу жүргізген оқушылар экспедиция барысында туындаған идеяларды ортаға салды.

Арлан Қосан, 9-сынып оқушысы: Сарқырамаға барар жолдың жағдайына қарап, «Экотуризм» тақырыбында мобильдік қосымшаны әзірлеу ойы келді. Яғни ғылыми жобамыздың мақсаты - Қазақстандағы экотуризмді дамыту жолдарын қарастыру.

Арслан Базарбай, 9-сынып оқушысы: Түрген шатқалында орналасқан Аюлы сарқырамасына апарар жолдың сапасы өте нашар, үйілген тастар жаяу жүргіншіге бөгет жасайды. Өкінішке қарай бұл жолмен жүру егде не мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық туындатады. Біздің топ осы туралы ойлап, онлайн-экскурсияларды ұйымдастыру керек деген шешімге келді. Адам VR-көзілдірік киіп, өзін сол жердегідей сезіне алады. Бұл ғаламтордан суреттерді қарағаннан әлде қайда қызығырақ емес пе?! Жобамыз белгілі бір шектеулері бар адамдарға көмектесіп, туризмді дамытады. Жобамызды іске асыру үшін керекті жерге барып, барлық аймақты 360⁰ жасап түсіру, және оны арнайы бағдарламаға салып, VR-көзілдіріктер үшін қолданысқа жарамды суреттерді шығарып, онлайн экскурсияға даярлау керек. Оны әрі қарай дамыту үшін сайт жасауды көздеп отырмыз.

Мариям Сырова, 7-сынып оқушысы: Экспедиция аясында біз Шарын шатқалы, Қайыңды көлі мен Көлсай, сондай-ақ Түрген шатқалына кіретін эко-туристік кемпингтерге бардық. Маған Түрген шатқалында орналасқан Аю сарқырамасы қатты ұнады. Өйткені онда Қазақстан ландшафтының сұлулығынан ләззат алып қана қоймай, сарқырамадан судың температурасы мен сутегі көрсеткішін зерттеу арқылы өзімнің дағдыларымды жетілдірдім. Біз үшін әртүрлі су қоймаларындағы судың қайнау температурасы бірдей емес екені жаңалық болды.

Сонымен қатар 7-9 сынып оқушылары аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеді, Турген, Қайыңды, Көлсай су қоймаларындағы судың жай-күйін білді, РН, қаттылық көрсеткіштерін өлшеді.

«Экспедицияға аттанатын оқушылар жыл сайын шамамен 20-30-ға жуық жаңа жоба бастап, зерттеу жүргізеді. Әлеуметтік, техника, инновация саласында жаңалық ашып, республикалық деңгейде түрлі ғылыми жобалар байқауына қатысады», деді экспедиция ұйымдастырушысы, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова.