Елорда күні қарсаңында оқуда озат және байқауларда жақсы нәтиже көрсетіп, спортта топ жарып жүрген өрендер Астанаға қонаққа келіп, қаланың көрікті жерлерін тамашалайды. Бас қала әкімдігі қолдаған әлеуметтік турға осы жолы Абай облысының оқушылары келді.
Қала әкімдігі әлеуметтік жоба аясында Астанаға 1000 оқушы келетінін хабарлады. Бұл тізімге аз қамтылған, көпбалалы отбасында тәрбие көрген жасөспірімдер, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қабілетті әрі үлгерімі де жақсы балалар енген. Қонақтарды қала әкімдігінің мамандары күтіп алып, сапардың сәтті өтуін қадағалайды. Жобаның бағдарламасына сай әр үш күн сайын өңірлерден жоспарлы түрде 10-14 жастағы 50 бала келеді.
Әлеуметтік турдың алғашқы күнінде қала әкімдігінің мамандары Абай облысынан келген қонақтарды «Бәйтерек» монументінің маңында қарсы алып, сәт-сапар тіледі. Көпшіліктің ортасында Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірзақ Тілеужан келешекте әлеуметтік турды дәстүрлі түрде ұйымдастыруға болатынын айтты.
– Әлеуметтік турда еліміздің барлық облысынан, республикалық маңызы бар қалалардан 1000 оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Олар үш күнде алдын ала әзірлеген экскурсиялық бағдарлама бойынша Астананың туристік, әлеуметтік-мәдени нысандарын аралайды. Әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге елорданы көрсетіп, тарихын таныту. Біз келешекте осы әлеуметтік турды дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сол үшін де кейін қандай да бір ескерту, ұсыныстар болса, реттеуге ниеттеміз.
Абай облысы, Аягөз ауданы, Қосағаш ауылы, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің оқушысы Қуаныш Сембеков әлеуметтік турда Астананы аралаумен шектелмей, жаңа достар тапқанына қуанғанын жасырмады.
– Астанаға бұған дейін де келгенмін. Бірақ мен бармаған, көрмеген нысандар бар екен. Байқағаным, елордада жаңа ғимараттар салынып, жылдан-жылға көркейіп жатыр. Менімен бірге Абай облысынан келген қатарластарымның арасында бұрын-соңды елордаға сапарламағандар барын білдім. Оларға елорда туралы көрген-білгенімді айттым. Бүгін таңертең пойыздан түскен бойда әуелі қонақүйге орналасып алған соң, қаланы аралауға шықтық. Ақорданы, жаңадан салынған мешітті көріп, «Бәйтерекке» келіп отырмыз. Астанадағы үш күн менің және достарымның жадында қалатын тарихи сәт деп ойлаймын. Себебі биыл елдігіміздің символы – Елордамызға 25 жыл. Өзім шахмат, домбыра үйірмелеріне қатысып жүрмін. Республикалық өнер байқауларында топ жардым. Менімен қелген достарым да өнерлі әрі білімді екен. Олардың ішінде қазірден Астанада білім алуды армандап жүрген достарым бар, – дейді Қуаныш.
Осылайша, әлеуметтік турмен Астанаға сапарлаған балалар кесте бойынша «Астана-Бәйтерек» монументінен бастап, «Нұр Әлем», Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сынды өзге де нысандарға барады. Сонымен қатар, балаларға арналған сауықтыру орындарын аралайды.