• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Шілде, 2023

Халқын ойлаған ел ғана өркендейді

247 рет
көрсетілді

Жуырда Астанада Қытайдың Ганьсу провинциясы кәсіпкерлері­нің ауыл шаруашылығы және тағы басқа тауарларының көрмесі өтті. Онда негізінен кепкен жеміс-жидектер қойылды. Көрме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай еліне жасаған нәтижелі сапарын негізге алып ұйымдастырылды.

Жиында Қазақстан сауда өнер­кәсібі қауым­дастығының басшысы Жібек Әжі­баева конференция мен көрменің мән-мағынасына назар аударып, Президенттің көрші елге жасаған мемлекеттік сапары­ның басты мақсаты туралы айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы сапары аясында, ел экономикасындағы ең ірі бес инвестордың бірі – Қытай екенін атап өтті. Оның айтуына қарағанда инвестицияның жалпы көлемі 23 млрд АҚШ долларынан асады. Маңыздысы, қазіргі жағдайда екі елдің мүмкіндіктері тұрақты болып қа­луымен қатар, ынтымақтастықтың жаңа аспектілерін тауып жатыр», деді қауым­дастық президенті.

Мемлекет басшысы сол сапарында ел кәсіпкерлерінің еркін дамуына ерекше ықылас танытып, 1,5 млрд-қа жуық тұтынушысы бар алып нарыққа жол ашқаны анық еді. Сол кезде Президент:

«Еліміздің Қытайдағы келесі диплома­тия­лық өкілдігі жұмыс істейтін округке 246 миллион халқы бар Шэньси, Ганьсу, Сычуань, Хубэй провинциялары, Нинся-Хуэй автономиялық ауданы және орталыққа тікелей бағынатын Чунцин қаласы кіреді.

Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бір­қатар келісімге қол қойылды. Қазақ тара­пы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Геогра­фиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Еліміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағ­даластық», деген еді.

«Біздер, яғни бизнес-форумды ұйым­дас­тырушылар, бұл іс-шарамызға тіркелген қонақтардың құрамы мен қызығушылығын ерекше ыждаһаттылықпен талдадық. Ганьсу провинциясынан келген қонақ­тармен кездесуге деген қызығушылық пен осы жолғы отандық бизнестің ерекше белсенділігін атап өткім келеді», деді Жібек Төреханқызы.

Ганьсу провинциясының Сауда-өнер­кәсіптік палатасы Қытай тарапының Қазақ­станға электротехникалық өнімдерді, астық пен өсімдік майын өңдеуге арнал­ған жабдықтарды және кез келген ауыл­шаруашылық өнімдерін жеткізуге мүд­делілігін тәптіштеп айтты. Олар ұсынатын қызметтердің ішіне мыналар кіреді: жаңа тағамның салқындатылған тізбек логистикасы және қатты мұздату, ұзақ мерзімді сақтау, қадағалау және қауіпсіздік, электр көліктерін жеткізу және алып жүру, гаджетпен басқарылатын инновациялық тұрмыстық және техникалық өнімдер, трендті медициналық және косметикалық өнімдер.

Отандық кәсіпкерлер өз тарапынан тау-кен өнеркәсібін, түсті металлургия мен мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға қатысу Қытай бизнесі үшін тартымды болып қала беретінін біледі.

«Ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу, кондитерлік өнімдер, ет және жеміс, көкөніс консервілері, әртүрлі өсімдік майлары, соның ішінде зығыр, жарма, ассортименттегі ет, шырындар мен сулар, сүт өнімдері, ірімшіктер және балмұздақ сынды тағамдарды экспорттауға қазақ кәсіпкерлері дайындық үстінде», деді қауымдастық жетекшісі.

Қос тарап Қазақстанның көлік, технологиялар мен техникалық құрал-жабдықтарды бірлесіп өндіруге деген талабы мен ұмты­лы­сын атап өтті. Энергетика саласын ке­шенді дамытуды, ауыл шаруашылығы дақыл­дарын өсірудің заманауи технологияларын енгізуді, оны жеткізу тізбегі қыз­меттерін кеңейтіп, әртүрлі салаларда қандай қаржылық қызметтер көрсету жайын­да нақтылап айтты.

Форумға қатысушылар шараны ұйым­дас­тырған Қазақстанның Қы­тай­­дағы елшілігі мен Сыртқы істер ми­нистр­лігіне, сондай-ақ Сауда және ин­тег­ра­ция министрлігіне, «Атамекен» ҰКП, Қа­зақстан сауда өнер­кәсібі қауым­дас­тығына алғыстарын білдірді. Бұған қоса көр­ші ел тарабын ұйымдастырған Қы­тай­дың Қазақстандағы елшілігі мен Қытай Ганьсу халықаралық сауданы ынталандыру комитетіне, Халықаралық Бей­жіңнің көрмесі Xinhceg Co., Lid. компаниясына тағы басқа қатысушыларға да екі жақтың кәсіпкерлері риза­шылықтарын айтты.

Көрмеге еліміздің бар­лық өңірле­рінен кәсіпкерлер өкілдері қатысып, сауда мен алыс-беріс мән-жайымен кеңінен танысты.

Қытайдан әкелінген көрмедегі ауыл шаруашылығы өнімдерін көргенде Жібек Төреханқызына, бұл өнімдер керісінше біздің елде көп емес пе, деген уәжімізді білдірдік.

 «Әр елдің үкіметі мен кәсіпкерлері, тіпті жәй бір азаматының өзі өз елінің ғана пайдасын, экономикасын ойлап іс қылады. Менің назарымды бұлардың сол кепкен жемістерді салған қаптамалары аударды. Байқадыңыз ба, әдемі әрі ыңғайлы. Бір-ақ рет жеуге арналған 100-150 грамдық жеміс қана. Біз сияқты 1-2 киләлап қорапқа салмаған.

Қазақстанда осындай тартымды шағын, қарапайым қаптамалар жасайтын технология ойлап таба алатын рационализаторлар неге жоқ, деген ой мазалайды. Енді қазақ бағ­бандары мен кәсіпкерлері де қытайлық өн­дірушілермен бәсекелесемін деп кепкен же­місті осылай қаптамалайтын (фасовка) болса, ол қаптамаларды Қытайдан сатып алуына тура келеді.

Олай болса қаптаманың өзіндік құны бар, жол ақысы және кедендік неше түрлі баж салығы тұр. Осындай жағдайда қытай­лық кәсіпкермен нарық алаңында қалай тайталаса аламыз? Осыны көрсін, жөн-жосығын білсін деп шақырылған тиісті министрлер мен олардың жауапты қызметкер мамандары осындай игі шарада қара көрсетпейді», деп налыды қауымдастық президенті.

Расында да, қазақ өнертапқыштары «тиыннан теңге құрауға» септесетін осындай қарапайым заттарға неге жеткілікті зейін қоймайды? Әлде бұған да мемлекеттік қолдау керек деп ауызымызды аңқайтып отыра береміз бе?