• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Шілде, 2023

Бас қаланың демографиялық дерек-дәйегі

301 рет
көрсетілді

Астана қаласының тұрғын­дар саны, табиғи өсімі жыл са­йын артып келеді. Еліміздің бас қаласы қазақ даласының қақ төріне көшірілгелі бергі ширек ғасыр ішінде Елорда халқы төрт есеге жуық өскен. 1999 жылғы санақ нәтижесі бойынша Ақмола халқының саны 318 000 адамды ғана құраса, 2016 жылдың 5 шілдесінде, Астана күні қарсаңында қа­ланың миллионыншы тұр­ғы­ны дүниеге келді. Ал 2022 жыл­дың 1 қазанында, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы департаменті­нің дерегіне сәйкес, Астана қаласы тұрғындарының саны 1 340 782 адамға жетті.

Елорданың бүгінгі әсем келбе­тіне, тынымсыз тыныс-тіршілі­гі­не қол жеткізуге аз уақыт жұм­сал­ғанмен, қаншама адамның күш-қуаты, ерен еңбегі сіңгені өз-өзінен түсінікті болса керек. Ас­тана қаласына осынау ширек ғасыр уақыт иінінде қоғам өмі­рінің барлық саласы бойынша білікті мамандар, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ға­лым­дар, т.б. көптеп қоныс тепті. Аса жоғары қарқынмен дамып кеткен әлеуметтік-экономикалық салада, қаланың кең ауқымды ин­фрақұрылымында, жүргізіліп жат­қан құрылыс жұмыстарында еңбек етуге талап қылған адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен ас­танаға бет түзеді, көш болып құйыл­ды. Соның нәтижесінде, қала тұр­ғындарының саны жыл санап ар­тып, өсім динамикасы­ның аса жоғары дәрежесін көрсет­ті. Осылайша, 1999 жылы халық саны 318,2 мың адамды құраса, 2000 жылы – 381 мың адамға, 2001 жылы – 440,2 мың адамға, 2002 жылы 493,1 мың адамға жетті. Ал 2003 жылы Астана жарты миллиондық қалаға айналып, тұрғындар саны 502 мың адамды құрады. 2004 жылы елорда тұрғындары 510,5 мың адам, 2005 жылы – 529,3 мың адам, 2006 жылы – 550,4 мың адам, 2007 жылы – 574,4 мың адам және 2008 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бо­йын­ша 602,480 адам болды. 2010 жылы ­1 қазандағы статистикалық мәлі­мет бойынша 719 мың адамға көбей­­ді. Қала халқының өсуі табиғи өсім және көші-қон есебінен қатар жү­ріп отырды.

Соңғы халық санағы бойынша Астана қаласындағы қазақтар саны едәуір артып, қала халқы жал­пы санындағы қазақ­тардың үлесі 69,4 пайызды құрады. Осы санақ дерегі бойынша, орыстар – 5,6 па­йызға, украиндар – 29,3 пайыз­ға, бела­рустар 34,9 пайызға кеміген. Есесіне өзбектер – 16,8 пайызға, корейлер 105,7 пайызға көбейген.

Өткен жылдар ішінде елорда халқының құрылымында жыны­сы мен жасы бойынша да елеулі өзгерістер болды. Ерлердің үлесі 1,9 пайызға өсті. Жас мөлшерінің құры­лымы жөнінде айтар болсақ, еңбекке қабілетті жаста­ғы (15-59 жас) халықтың өсуі жұмысқа орналасу және білім алу мақсатында кейінгі жылдары елордаға көптеп кел­ген ішкі миграция есебінен толықты.

Елорданың демографиялық дәй­ек­темесінде оң өзгерістер ерек­ше байқалады. Қала халқының та­биғи өсімі де көңіл орнық­ты­рады. Соңғы бірнеше жылда бала туу деңгейі өсіп, өлім азай­ды. 2020 жылы Астана қаласы халқының орташа күтілетін өмір ұзақтығы 73,2 жасқа тең болды. Тұрғындары­ның орташа жасы 1,2 жасқа – 31,2-ден 30 жас­қа дейін төмендеді.

Көші-қонның оң айырмасы негізінен ішкі көші-қон есебінен болды. Сонымен бірге сыртқы көші-қон бойынша теріс айырым бар. Көші-қон есебінен қала халқы санының кө­беюін­де қазақтың үлесі – 87,7 пай­ыз, орыс – 5,8 пайыз, украин – 0,8 пайыз, өзбек –  0,8 па­йыз және басқа ұлт өкілдері 3,4 пайызды құрады. Жоғарыда айтыл­ғандардан Астана халқының таби­ғи өсімін одан әрі арттыруға қажетті мүмкіндіктердің барын­ша мол екендігін байқауға болады. Елордада еңбек нарығы, кәсіби өсу мүмкіндіктері, жоғары жалақы, тұрғын үй құрылысының қауырт дамуы сияқты, адамдардың өмір сүруі үшін бірінші кезекте керек оң мән-жайлар жетерлік.

Халық санының қарқынды өсуі тұрғын үй, көлік, денсаулық сақ­тау, білім беру, әлеуметтік қам­­тамасыз ету, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуы сияқты қа­ла инфрақұрылымының қа­лып­ты түрде дамуын талап етеді. Сон­дай-ақ жа­рық, жылу және су ре­сурстарына, көліктік тасымал мен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қызметтеріне деген сұраныс та анағұрлым артты. Сол тұрғыда қаланың бет-бейнесі, кескін-келбеті көбіне оның құрылысы, сәнді сәулеті, әлеу­меттік-экономикалық дамуы, сая­си беделі, адами әлеует және жер ресурстарына иелік етуімен ғана емес, тұрғын үй-коммуналдық саласының, экожүйесінің қолайлы жағдайымен де анықталады.

Алдын-ала болжамдар бойын­ша, 2030 жылы елорда халқы 2 мил­лион адамға жетуі мүмкін. Астана халқының өсуіне байланысты шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер де баршылық. Бұл туралы жыл басында өткен, қала­ны дамыту мәселелері жөнін­дегі кеңесте Мемлекет басшысы ­Қа­сым-Жомарт Тоқаев арнайы атап өткен болатын.

«Бүгінде қала қарқынды да­мып келеді. Астананың инфра­құ­рылымын кезең-кезеңімен дамыту қажет. Қазіргі урбанизация қарқыны сақтала берсе, қала халқының саны 2030 жылы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Соның салдарынан Бас жоспардың көп­теген талабы жүйелі түрде бұзы­лады. Сондықтан инженерлік ин­фра­құрылымды кешенді дамыту мәселесі басты міндет болуы керек», деді Қ.Тоқаев.

Астана халқының өсу деңгейі қалалық аудандар санының кө­беюі­­нен де байқалады. Айталық, Аста­­на әуеліде қалалық екі аудан­ға (Алматы, Сарыарқа) ғана бө­лін­ген болса, бүгінде бес аудан (Алматы, Сарыарқа, Есіл, Нұра, Байқоңыр) бар. Әуелде Есіл өзе­нінің оң жағасындағы жазық жер­­де орналасқан болса, бүгінде сол жағалаудағы жаңа қала жыл санап қанатын кеңге жайып барады.