«Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегенге тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, кенші, ақын Мұса Тілеуов екеуміз ардақты ақсақал Яхия Асатов ағамызға сәлем бере бардық.
ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Яхия Жақыпбекұлы – сексеннің белортасындағы көнекөздердің бірі. Көпті көрген қартымыз көпті біледі. Табиғатынан ақын болып жаратылған ағамыз мамандығы энергетика саласы болса да, мәдениетке, өнерге өте жақын адам.
Көзіміз ағаның басындағы тақиясына түсті. «Ерекшелеу екен» дестік.
– Бұл атақты Халифа Алтай ақсақалдың сыйлаған тақиясы ғой – деген кезде «оу, бұл сіздің қолға қалай түсіп жүр?» деп, әңгімені тереңдете түскіміз келді.
– 1992 -нің күзінде Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтті емес пе? Шетелдегі қандастардың үлкен тобы Жезқазған – Ұлытау өңіріне келді. Олардың басшысы Халифа Алтай ақсақал болды.
Қандастарымыз Ұлытауға барып тәу етіп келген соң, Сәтбаев қаласына ат басын тіреді. Қаладағы «Достық» мейрамханасында қонақтарды күтіп, дастарқан жайылды. Қаланың басшысы Владимир Николаевич Малышевтің сонда қазақы шапан киіп алғанын, алғаш рет қазақша сөйлегенін көрдім. Дастарқанды ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаев басқарды. Оның өнеріне тәнті болып кеткен Халифа Алтай ақсақал: – Айналайын, сені бұрын видеодан көріп едім, енді, міне, көзіммен көріп тұрмын. Мынау менен саған сый-сияпат, естелік болсын деді де, осы тақияны тарту етті – деп, әңгімесін бір шиырып тастаған ағамызға «бұл сонда әуелгіде Шынболат ағамызға сыйланған тақия болды ғой» деп нақтылай түсуді жөн көрдік.
– Солай. Ал Шынболат – менің кішкентайымнан бірге өскен жан досым. Тақия оның басына тарлық етті. Сосын ол маған сыйлады. Содан бері үйде тұр. Кейде осылайша ара-тұра киіп қоямын.Өткенді еске салады, тарихты оятады, – деген Жақаңа мұны үйде сақтай бермей, қала музейіне табыстау туралы ұсыныс айттық. Ағамыз бұған келісті.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы