• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 10 Шілде, 2023

Киберпол – жаңа тергеу амалы

401 рет
көрсетілді

Киберқылмыспен күрес – бір күндік шаруа емес. Ол – күннен-күнге аясы кеңейіп келе жатқан әрі құқық қорғау органдары үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Өйткені интернет арқылы жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің түрлері көбеюмен қатар, қақпанына түсіп жатқан құрбандар саны да азаймай тұр. Осы орайда ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Сүйінбаймен әңгімелесіп, осы салада атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістер жайлы сұраған едік.

– Жандос Талғатұлы, кейінгі жыл­да­ры киберқылмыстар, соның ішін­де ин­тернет арқылы жасалатын ала­яқ­тық­ әрекеттері қаншалықты көбей­ді?

– Бүгінгі таңда бүкіл әлемде, соның ішінде елімізде де киберқылмыстардың саны мен түрі көп. Оның ең кең таралған және қауіпті түрі – электрондық ұрлық, яғни интернет алаяқтық. 2017 жылдан бері кейінгі 6 жылда осындай қылмыстардың саны 10 есеге, яғни жылына 2 мыңнан 20 мың оқиғаға дейін өсті. Бұл барлық тіркелген қылмыстардың 15%-н құрайды.

Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы 2046 қылмыс тіркелген болса, өткен жылы 20 444-ке жетті. Биылғы 5 айда елімізде 7 823 киберқылмыс жасалған. Салдарынан ел тұрғындарына келтірілген залал миллиардтаған теңгемен есеп­те­леді. Тек биылдың өзінде интернет алаяқ­тардың қылмыстық әрекеттерінен азаматтарымыздың қалтасынан 4,8 млрд теңге жымқырылған. Ал соңғы 5 жылда интернет кезген алаяқтар 45,5 млрд теңгені заңсыз жолмен қалтаға басты. Бұл шамамен 100 млн долларды құрайды.

– Ішкі істер министрлігі тарапынан осы қылмыстардың алдын алу үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

– Қазіргі уақытта Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың бастамасымен және Мемлекет басшысының келісімімен 2024-2028 жылдарға арналған Қоғаммен серік­тестікте қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету тұжырымдамасы әзірленді. Ол туралы сіздердің газеттеріңізде де жа­зыл­ған болатын. Оны іске асыру аясында халық­аралық және ведомствоаралық ынты­мақтастық пен әріптестікті кеңей­ту, мемлекеттік органдар мен қоғам­ның жауапкершілігін арттыру және құзы­рет­терді дамыту жөніндегі шараларды көздейтін «Киберқылмысқа тиімді қарсы іс-қимыл» атты жеке бөлім қарастырылған. Сонымен қатар, ІІМ кибер­қылмысқа, оның ішінде телефон және интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі ведомстволық бағдарламаны әзірлеп, іске асырып келеді. Бұл құжат 2023-2025 жылдарға арналған және кең ауқым­дағы іс-шараларды қамтиды.

Бұдан бөлек, ІІМ мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп ұялы байланыс операторларының ауысымдық нөмір­лерінен жасалатын халықаралық қоңы­рау­ларды бұғаттау бойынша жұмыстар жүр­гізді. Бұдан былай мұндай қоңыраулар де­реу анықталып, бұғатталады. Осы жыл­дың басынан бері 5 айдың ішінде алаяқтар тарапынан еліміздің азаматтарына шалынған 17 миллионнан астам жалған қоңырауға тосқауыл қойылды. Биыл бұл көрсеткіштің өскенін айта кету керек. Ал өткен жылы 19 миллион қоңырау бұғатталған болатын.

–  Сонда алаяқтар 19 миллион хал­­­қы­­­­­мыздың бәріне қоңырау шалып­ шық­­қан деуге де болады екен. Осы орай­да банк қызметкері болып хабарласатын шетелдіктердің көбі украин­ азаматтары дегенді естиміз. Бұл қанша­лықты рас?

– Иә, Украина тарапынан көп қоңы­рау­ шалынады. Мәселен, өткен жылы елі­міз­дің­ аумағында интернет алаяқтық ар­қы­лы­ ақша жымқырумен айналысатын 5 тран­­­с­ұлттық қылмыстық топ анықталып, жолы кесілді. Мәселен, желтоқсан айын­­да біз­дің орталық қызметкерлері Украи­на­ға қыз­меттік іссапарға барып, Днепро­пет­ровск­ облысының аумағында Украина поли­­циясымен бірлесіп арнайы операция жүр­­гізді. Нәтижесінде, телефон­ арқылы алаяқ­­тықпен айналысқан, құра­мында 32 Украина азаматы бар қыл­мыс­тық топты қолға түсірді. Олар колл-орталық ұйым­­дастырып, банк қыз­мет­кері болып тек отандастарымызға ғана емес, басқа да мемлекеттердің аза­мат­та­ры­на хабарласу арқылы қара­жат­та­рын жым­қырып отырған. Мәселен, біздің ел­ тұр­ғындарынан 18 млрд теңгеден ас­там­ ақша­ны алаяқтық жолмен шекара асыр­ған.

Бұдан бөлек, Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында интернет алаяқтарының тағы бір колл-орталығын анықтап, Грузия Республикасының 24 азаматынан тұратын топты құрықтады.

Интернет алаяқтық қылмыстарын жасауда өз еліміздің азаматтары да шетелдік «әріптестерінен» қалыспай тұр. Мәселен, Астана қаласында киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері интернет алаяқ­тық қылмыстарын жасады деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Ол Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашып, төмен бағамен тон сату туралы хабарландыру жариялаған. Қарапайым халық жалған «саудагерлерге» сеніп қалып, тауарды қолына алмай тұрып, ақшаларын аударып жататыны белгілі. Бұл қылмыскер де осындай жолмен 4,2 миллион теңгені қалтаға басқан.

Жоғарыдағы оқиғаларға қарап біз интернеттегі алаяқтық қылмыстары шекара талғамайтынын, яғни құқық бұзушылық әрекеттерін жасау ауқымы тым кеңейгенін көріп отырмыз. Сол себепті де еліміз үшін халықаралық деңгейде өзара іс-қимылды нығайту үшін Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына (Будапешт конвенциясы) қосылу мәселесі күн тәртібіне қойылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, биыл сәуір айында аталған құжатқа қосылуға шақыру алдық.

– Қазір еліміздің бірқатар өңірінде полиция департаменттері жанынан Киберпол деп аталатын бөліністер ашылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Оның мақсат-міндеттері қандай?

– ІІМ-нің Жедел криминалистика­ департаменті құрамында Цифрлық крими­налистикалық зертхана ашылған болатын. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы осы зертханамен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Одан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды және Түркіс­тан қала­ла­рында «Киберпол» атты қанат­қақты жобалар ашылып, жұмысын бастап жатыр. Мұндай орталықтар жақын арада басқа облыстардың бәрінде де ашылады. Бұл жедел топтың ерекшелігі – «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді.

Бұрын интернет алаяқтық қылмысы бойынша адамдардан арыз түскеннен кейін, оның орындалуы біраз уақытты алатын. Енді мұндай арыздарды Киберпол бір терезе арқылы қабылдайды да, тез арада жұмысты бастайды. Мәселен, ол жерде 3 қызметкер отырады: аймақтық ПД Жедел криминалистика басқармасының бір қызметкері, тергеуші және жедел уәкіл жұмыс істейді. Үшеуі бірлесіп, түс­кен арыздар бойынша шетелдік және отан­дық бағдарламалық жүйелер арқылы қыл­мыс­керді тез табу үшін жедел әрекет етеді.

Киберпол – тергеу амалдарының жаңа тәсілі. Осының арқасында кибер­қылмыстар бойынша тергеу мерзімі 20-30 күннен 3-4 күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ бұл жобаға отандық IT-ком­паниялар да (кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы, СевенХилс) өз үлес­терін қосып жатыр, олар алынған техниканы зерттеуге, сондай-ақ цифр­лық дәлелдемелерді іздеуге және өңдеу­ге­ көмектеседі. Бұдан бөлек, жоба шең­бе­рін­де бірқатар екінші деңгейдегі банкпен және криптоплатформамен шоттардан ақша ұрлау фактілеріне жедел әрекет ету, жәбірленушілердің транзит үшін пайдаланылатын ақшалардың шоттарын дереу бұғаттау туралы келісімдер жасалды.

– Интернет жағалаған алаяқ­тар­дың құрбаны болмау үшін отандас­та­ры­мызға қандай кеңес айтасыз?

– Бүгінгі таңда мұндай құқық бұзу­шылықтардың алдын алудың ең тиімді әдісі – құқықтық сауаттылықты көтеру. Осы мақсатта біз үнемі ақпа­рат­­тық хабарламалар таратып келе­міз.­ Биылдың өзінде БАҚ-та профи­лак­­тикалық сипаттағы 6 мыңнан астам материал жарияланды. Сонымен бірге, байланыс операторларымен фрод-қоңырауларға қарсы іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды. «Колеса», «Крыша» хабарландыру сайттарымен және ЦАРКА IT-компаниясымен (киберша­буылдарды талдау және тергеу орталығы) келісімдерге қол қойылды.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін біріншіден, тексерілген жарнама сайттарын пайдалану; екіншіден, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау; үшіншіден, тауардың бар екеніне алдын ала көз жеткізу қажет. Мысалы, бейне қоңырау арқылы хабарласып, тауарды өз көзіңмен көруің керек.

Сонымен қатар қарапайым қауіпсіздік амалдарын сақтау арқылы өзіңізді алаяқ­тардың алдауынан қорғай аласыз. Атап айтқанда, ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, абоненттік нөміріңізді, банк карталарын және олардың дерек­те­ме­лерін бермеу; телефоныңызға кез келген жерден көшірілген бағдарламаларды ор­натпау; тек «App stor» және «Play Market» ресми көздерінен қосымшаларды пай­далану; банк немесе құқық қорғау органдары қызметкері болып хабарласқан адам­ның нұсқауларын орындамау; күмән­ді мәмілелер бойынша аударымдарды жүзеге асырмау; банк қосымшасына кіре­тін парольдерді үнемі өзгертіп отыру­ ар­қылы да аяқ астынан төнетін бәле-жала­дан сақтана аласыздар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»