• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 10 Шілде, 2023

Өнер шаңырақтарының сыйы

251 рет
көрсетілді

Өнері бар ұлт – өміршең ұлт десек, елордамыздың ширек ғасырдағы жеткен жетістігі мен бағындырған белесінің дені негізінен ұлттық өнерімен баянды. Арқа төрінде бой көтерген алып астананың ажарын ашып тұрған еңселі ғимараттар тек архитектураның озық үлгісі ғана емес, ұлттық рух пен қазақы қалыптың қазыналы ордасындай.

Иә, Арқа төрінде бой көтерген ару Астана уақыт-ағзам ажарына белгі салған санаулы жылдың ішінде-ақ саяси-экономикалық бағыттың барометрі ғана емес, өнеріміз бен мәдениетімізге ұйыт­қы болар ұлтымыздың шын мә­ніндегі рухани өмірінің айна­сына да айналып үлгерді. Жер жаһанның назарын өзіне бұрып, жыл са­йы­н емес, ай сайын, тіпті күн сайын қанатын кең­ге жайып, құлпырып, жайнап, ел егемендігімен бірге еңсесін тіктеп, ерке Есілмен егіз жасасқан бас қаламыздың баянды тарихы талай игі бастамалар мен ұла­ғатты оқиғалардың себепшісі һәм дәнекершісі болып келеді.

Бас қала десе, бүгінде ең бірін­ші ойға оралатын орынның бірі – «Астана Опера» театры. Биыл тарихына 10 жыл толтырып отырған бекзат өнер бесігі шын мәнінде Астанамыздың алтын тәжіндей. 2003 жылы ашылған Орталық Азиядағы ең ірі театр әлемдік сәу­леттің үздік дәс­түрлерін ескере оты­рып салынған архитектуралық та, мазмұндық та тұрғыдан талғам­паздықтың тамаша үлгі­сін паш етеді. Әсем ғимаратта та­­лантты орындаушылардың пәр­­менімен өмірге келген туын­дылар әлемнің түкпір-түк­пірін мойын­датып, Астана ғана емес, күллі Қазақ­станның атағын жаһанға мәш­һүр етіп келеді. Ұлттық жау­һарлардан бастап әлем­дік классикаға дейін репе­ртуа­рын түрлендірген үздік туындылар – классикалық қойы­­лымдардың құндылығын қа­рыштатқан өнердің тамаша табысы. Сондықтан болса керек, бас қалаға жолы түскен туристер мен шетелдік қонақтардың «Астана Операға» соқпай кететіні сирек. «Астана Операны» бас шаһардың мәдени бренді десек, титтей де артық бағалағандығымыз емес.

«Астана Операмен» егіз жасасып келе жатқан «Астана Балет» театрының да биыл 10 жылдық мерейтойы. Басқала тойымен тұспа-тұс келген сұлулық сарайының мерейтойлық маусымы һәм шы­ғар­машылық жетістіктері – елорда мәдениетінің мерейі.

«Астана Балет» театры 2012 жы­лы құрылып, алғашқы қойы­­лымы 2013 жылдың шілде айын­да көрерменімен қауышты. Театр­дың түрлі жанрдағы репер­туары әлемдік және отан­дық ше­деврлермен, бірегей хорео­графиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады. Ал ұжым өнер көр­сететін негізгі алаң – «Ас­тана Балет» театры 2016 жыл­дың желтоқсан айында ашылды. Заманауи жабдықталған техника мен үздік үлгідегі сахна, 783 орындық көрермен залы ха­лық­тың бекзат өнерден рухани ләз­зат алуына қалтқысыз қызмет етуде.

 Әлемдік архитектураның озық тәжірибелеріне сүйене оты­рып салынған театрда сахнаны трансформациялау үшін жыл­жы­малы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Ал жарық беру кешенінде дәстүрлі театрлық қондырғы жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде, «Астана Балет» театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтарға зор мүмкіндік беріп, батыл әрі бірегей идеяларын жүзеге асыруына жарқын жол ашып берді.

Елордада бой көтеріп, екі жыл бұрын заманауи жабдықталған су жаңа театрда кезекті маусымы­­ның­ шымылдығын түрген Қ.Қуа­­­­нышбаев атындағы акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрының да бас шаһар мәдение­тінің кемелденуіне сіңіріп жатқан еңбегі ерен.

Астананың төрінен орын алып, қала сұлулығына сұлулық үстеген ғимараттың жалпы ауданы – 28 мың шаршы метр. Мұнда 645 орындық үлкен зал, 202 орындық камералық зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы орналасқан. Бүгінде театр басшылығы да жас мамандармен толығып, театр директоры лауазымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті менеджер Айболат Жаудыр, театр­дың көркемдік жетекшісі жа­уапты қызметіне, актер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Қуандық Қыстықбаев тағайын­далды.

Күні кеше ғана маусым жабар премьерасын табысты өткізген театр ұжымының «Жошы хан» қойылымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп тамашалады. Та­лант­ты труппа өнеріне тәнті бол­ған Президент: «Өте керемет қойылым болды. Шын мә­нінде, пьесаның тақырыбы өте ма­ңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын, деп шығармашылық ұжымға ризашылығын білдіріп, өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ұлттық өнерді өрге сүйреп жүрген театрдың ұлттық мәртебеге ие болуы – қала күні қарсаңында ұжымға жасалған тамаша тарту болғаны сөзсіз.

 Бас қала тудырған өнердің тағы бір жауһары – Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры. Осыдан тура 16 жыл бұрын бой көтерген жасампаз театрдың тағылымды тарихын елорда тағдырымен тең өруіміз тегін емес. 2007 жыл­дың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармаларының желісі бойын­ша жасалған «Шыңғысхан» спек­­таклімен шымылдық түр­ген театр­дың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығарма­шы­­лық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі Астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді. Сары­­ар­қаның төрінде жаңашыл ба­ғыт­тағы Жастар театрының бой кө­теруі елорда халқын мол рухани құндылықтармен сусындатып қана қоймай, еліміздің бас шаһарында жетіліп келе жатқан жастардың дүниетанымы мен пайым-парасатын дамытып, жеткіншектердің мәдени-эстетикалық талғамын қалып­тастыру жолында да зор септігін тигізді. Заманның даму барысы мен бағытына қарай, жас­­өспірімдердің көркемдік та­ны­мының кеңейіп, жүректерін ұлттық тәрбиемен сусындатудағы Жастар театрының соңғы 16 жыл көлемінде сіңірген еңбегі ересен.

Жастар театрының өкшесін басып, бас қаланың рухани өмі­рін кемелдендіруге қызмет ету бағытында ашылған «Астана мю­зикл», Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театры мен Жас көрермендердің музыкалық театры да талғам үдесінен шы­ғып, аз ғана уақыттың ішінде Астананың мәдени өмірінің баро­ме­тіріне айналып үлгергеніне уа­қыт-ағзам куә. Аталған театрлар репертуарында жүріп жатқан «Абай», «Біржан-Сара», «Қыз Жібек», «Айман-Шол­пан», «Ре­визор», «Асауға тұсау», «Ро­мео-Жульетта», «Гам­лет», «Гау­һартас», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Боранды бекет» сынды сан жанр мен отандық һәм ғаламдық драматургтер шы­ғар­­машылығын сәтті сөйлеткен қойы­лымдар елор­да қонақтары мен қала тұ­рғын­­дарының рухани кемел­денуіне қалтқысыз қызмет етіп, тал­ғамын қалыптастыруға зор ең­бегін сіңіріп келеді. Бұл да бол­са бас қаламыздың ширек ғасыр ішінде жүзеге асырған сәтті сая­си ше­шімдері мен табысты жо­бала­рының жарқын мысалы. Бас қала төрінде бой көтерген еңселі театр­лар – Арқаның айшықты ажары!