Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақбұлақ пен Егіндібұлақ ауылдарының арасында 23 тонналық күкірт қышқылы бар жүк көлігі аударылып қалды. Оқиға 2023 жылдың 7 шілдесінде болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шығыс Қазақстан облысы ДСЭК Күршім аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бүгін, 10 шілдеде 23 тонна күкірт қышқылы тиелген автоцистерна аударылып кеткен жерде қазу жұмыстарын мердігер «Хим Транссервис» ЖШС жүргізетінін мәлімдеді.
Қосымша токсикологиялық зерттеулер жүргізу мақсатында бұлақтан екі су сынамасы алынды.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнынан 30 метр жерде құрғақ бұлақ, 5 шақырым жерде бұлақ бар. Ол елді мекендерден шалғай орналасқандықтан, тұрғындар бұл суды тұтынбайды.
«Топыраққа күкірт қышқылының төгілу аумағы 20-40 м шамасындай. Қалғұтын ауылдық округінің (Қаратоғай, Егіндібұлақ, Ақбұлақ ауылдары) жергілікті тұрғындарына хабарландыру жіберілді», делінген ШҚО РМК хабарламасында.