Экономиканың тірегі – шағын және орта бизнес (ШОБ). Елімізде аталған саланың қарқынды дамып жатқаны туралы айтылған жылы пікірлер жетерлік. Ол жайында сан алуан цифрлар да мысалға ұсынылады. Алайда тереңіне үңілсек шешімін табуды күтіп, қордаланып жатқан түйткіл дәл осы салада өте-мөте көп. Басқасын былай қойғанда, 2017 жылы ашылған 38,8 мың шағын компанияның бес жылдан соң 31 мыңының жабылып қалуы – бізге байқалмайтын үлкен проблеманың бар екенін аңғартып тұр емес пе?
5 жылда 1,3 млн жас еңбек нарығына келеді
Jusan Analytics талдау орталығының ұйымдастыруымен ШОБ-тағы шимай-шатпақ проблемаға талдау жасап, аражігін ажыратып көруге тырысқан алқалы жиын өтті. Орталықтың басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың айтуынша, жұмыспен қамтудағы ШОБ рөлі өте жоғары, өйткені жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындарының тең жартысынан астамын шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр.
«Біз 2017 жылы ашылған 38,8 мың шағын компанияның өмірлік жолына талдау жасадық. Сонда байқағанымыз – алғашқы жылдың өзінде 3,2 мың компания жабылған. Екінші жылы 2017 жылы ашылған компанияның 75 пайызы жұмысын тоқтатқан. Жалпы, бизнестің бесжылдық өмірінде 18 пайызға жуық компания ғана жұмысын жалғастырған. Әлемде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайды. ШОБ-тың дамуы экономиканың табысты және тұрақты дамуына мүмкіндік береді және қолжетімді жұмыс орындарын құрады. Әлемде экономика субъектілерінің 95 пайызы – ШОБ субъектілері. ІЖӨ құрылымындағы үлесі шамамен 50 пайыздай», дейді.
Әсілінде, ашылған компанияның алғашқы 3-5 жылы өте маңызды екен. Себебі дәл осы мерзім аралығында кәсіпорын экономикаға тек сандық емес, сапалы дивиденд әкеле бастайтын көрінеді. Яғни жетілген компаниялар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларға, адами капиталға инвестиция салады, өнімділікті арттырады, сәйкесінше олардың экспорттық әлеуеті де артады.
Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов еңбек нарығына жасалатын үлкен қысымды ШОБ-ты дамыту арқылы ғана тежей аламыз деген пікірде.
«2012 жылға дейін ШОБ 160 жұмыс орнын құрса, кейінгі 10 жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 50 мың жаңа жұмыс орнына артқан. Енді 2000 жылдан кейін туған балалардың еңбек нарығына араласатын да сәті келді. Олар біртіндеп нарыққа қысым жасамақ. Сондықтан қазірден бастап ШОБ-қа қолдауды күшейтуіміз қажет. Ол жұмыс орындарының негізгі жеткізушісіне айналуы керек. Алдағы бес жылда отандық еңбек нарығына 1,3 млн жас маман келеді. 2030 жылға дейін бұл цифр 1,7 млн адамға ұлғаяды. Он жыл көлемінде 20-25 жас аралығындағы 2 млн жас азаматты сапалы жұмыспен қамтуға мәжбүрміз. Тиісінше, бұл жағдай Қазақстандағы ШОБ-тың басты қиындығы һәм миссиясы болмақ», дейді Н.Айдосов.
Тежеуші төрт фактор
Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда ШОБ субъектілері белсенді өсіп келеді. 2018 жылдан бері ІЖӨ-дегі үлесі 28-ден 37 пайызға өскен. 2 млн ШОБ кәсіпорнында 4 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Елдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 75 пайызы қызмет көрсету секторында, тек жартысынан астамы 6 ірі өңірде – Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарында жұмыс істейді.
«Әлеммен салыстырар болсақ – даму қарқынымыз тәуір-ақ, алайда біз әлі дамудың ерте кезеңіндеміз. Өзге елдерде экономикадағы ШОБ үлесі мен жан басына шаққандағы табыс арасында анық байланыс бар. Яғни экономикадағы ШОБ үлесі жоғары болған сайын экономика да соншалықты күшті бола түседі. Табысы жоғары, бірақ ШОБ деңгейі төмен елді кезіктірмедік. Қазақстан дамушы елдер тобында. ШОБ проблемасы – өнімділіктің төмендігінде. Шағын және ірі бизнес арасындағы бұл көрсеткіштің айырмашылығы – бес еседей. Дамыған елдерде бұл айырма 20-40 пайызды құрайды. Біріншіден, мұндай алшақтық қоғамда экономикалық теңсіздікті туғызады. Ірі компанияларда логистика, технология, қаржылық инфрақұрылымға деген қолжетімділік бар. Олар ірі табыс есебінен қызметкерлеріне көп төлей алады. Өнімділігі төмен болған соң шағын кәсіпкерлерде ондай мүмкіндік болмайды. Сөйтіп, теңсіздік туындайды. Мұны жекелеген өңірлерде және мұнай секторындағы оқиғалардан байқауға болады», дейді Әнуар Қуандықов.
Сарапшының айтуынша, төмен өнімділік кәсіпорынның бәсекеге қабілетін де төмендетеді және экспорттық потенциалы болмайды. Қазақстанда ШОБ-тың 6 пайызы ғана өз өнімін экспортқа шығарады екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 20 пайыз маңайында. ERI бәсекелі ортаны зерттеу орталығы директорының орынбасары Азат Махватов ШОБ дамуын тежеп тұрған басты төрт факторды бөле-жара айтады.
«Олар – салық жеңілдіктерінің жетіспеушілігі, технология тапшылығы, қаржы тапшылығы және кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы санаттары. Аталған проблемаларды шешу үшін Үкіметке ұсыныс жасалды. Мемлекет шаралар қабылдайды. Егер біз әр мәселеге біртіндеп және егжей-тегжей үңілер болсақ, онда 2030 жылы нәтижесін көріп те қаламыз», дейді сарапшы.
Сан емес, сапа маңызды
Ал «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбековтің пікірінше, 30 жыл бойы ШОБ-қа қатысты нақтылы мемлекеттік саясаттың қалыптаспауы салдарынан қазір бизнесмендер зардап шегіп отыр.
«Мысалы, мен Жезқазғанда кірпіш өндіргім келеді. Ісім жүріп, өнімді сатар болсам қайда сатпақпын? Жақын қала Арқалық – 330 шақырымда, Қызылорда – 430 шақырымда, Қарағанды – 530 шақырымда. Үлкен тәуекелдер туындайды. Ол қалаларға өнім жеткізу оңай емес. Сондықтан кәсіпкерлер мейрамхана, сауда, жанармай бекеті деген сияқты кәсіптермен айналысуға көшеді. Бізде мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының көптігіне қарамастан, ШОБ-қа қатысты нақтылы мемлекеттік саясат жоқ. 30 жыл ішінде біз тек базар, сауда орталықтары мен тойхана салуды ғана меңгердік. Мемлекет немен айналысу керек екенін меңзеп, шағын және орта бизнеске сигнал бермейді. ШОБ-қа қатысты идеологияны өзгертетін сәт келді. Ауыл шаруашылығы саласы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте Канада, Аргентина және Аустралияның табысты тәжірибесін мысалға келтірер едік. Неге бізге де осы саланы пайдаланбасқа? Біз ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде лидер бола алар едік. Айналамызда тұтынушы да көп. Оның үстіне, экономистер айтып жүргендей ауыл шаруашылығындағы бір жұмыс орны қалада 7 жұмыс орнына дейін құруға мүмкіндік жасайды», дейді Төлеутай Рахымбеков.
Ауыл шаруашылығы маманының сөзінше, бізде «бизнесмен» деген кім, «кәсіпкер» деген кім дегенді анықтайтын түсінік жоқ.
«Статистика да дұрыс емес. Қазір бізде 2 млн ШОБ субъектісі бар көрінеді. 10 жыл бұрын 600 мың болған. Бұрынғы цифр шындыққа жақын сияқты. Ғалымдардың айтуынша, кез келген қоғамда халықтың 3-4 пайызының кәсіпкерлік қабілеті болады екен. Қалғандары ешқашан «кәсіпкер» атанбайды. Санға қарайтын болсақ Қазақстанда 600-800 мың шағын бизнес субъектісі болуға тиіс. 2 млн деген қайдан шыққан? Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасына» «рахмет» айтамыз. ЖК тіркеген өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға 3-6 млн несие беріліп, нәтижесінде, кәсіпкер саны артып шыға келді. Алайда мойындау керек, бұл азаматтар ел экономикасына үлес қосып жатқан жоқ. Әсіресе ауыл шаруашылығында. «Ауыл шаруашылығында тіркелген субъектілер саны – 250 мың. Оның 230 мыңы – шаруа қожалықтары, қалғандары – АҚ, ЖШС, өндірістік кооперативтер сияқты заңды тұлғалар. Ауыл шаруашылығында бизнес ашу қиын емес. Көбі жер мәселесін алға тартады. Бірақ ол – сылтау ғана. Елімізде 100 млн гектар жер бос жатыр. Иә, елді мекеннен сәл алыстау. Бірақ айналысуға болады. Соңғы 3-4 жылда ауыл шаруашылығы саласында 30 мыңдай кәсіпкер пайда болды. Міне, бұлар 6 млн алу үшін тіркелген кәсіпкерлер. Ал ақшаны қайда жіберді, мен ол жағын білмеймін», дейді Төлеутай Рахымбеков.
Ұзақмерзімді стратегия жоқ
Қазақстан отбасылық бизнес қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Яна Исакованың пайымдауынша, бізде бизнесті әрі қарай үйіріп әкету үшін татымды, жүйелі стратегия жетіспейді.
Жапонияда компаниялардың 90 пайызы, Еуропада 70 пайызы отбасылық ШОБ саналады. Отбасылық бизнес ұзақмерзімді болады. Ондай компаниялар сатылым үшін емес, отбасыны басқару және оған иелік ету үшін (мұрагерлікті беру мақсатымен) құрылады. Біз екі жылға созылған зерттеу жүргіздік. Оның аясында қалалық және ауылдық жердегі 714 компанияның әртүрлі жастағы өкілдеріне сауалдама жасадық. Нәтижесіне қарасақ, респонденттердің 50 пайызы кәсіптерін дөңгелетіп әкету үшін ұзақмерзімді стратегия жетіспегенін мәлімдепті. Яғни отандық компанияларда стратегия бойынша қиындық бар», дейді Я.Исакова.
Кейбірі қаржылық проблема ретінде инвестициялық немесе операциялық қызметке қаражаттың жоқтығын айтса, басқалары үшін ең әлсіз тұсы – тұтынушылардың төлем қабілетсіздігінде екен. 35 пайызы білікті кадрлардың тапшылығын айтқан. Сонымен қатар сауалдамаға қатысқандардың 30 пайызында ғана бизнес-білім бар. Бізге бизнес түйткілдерін қазір шешіп қою жеткіліксіз, 10-20 жылдан кейін не болатынын да ойлау керек, дейді маман.
Оның пікірінше, ірі бизнес көмекке сырттан эксперттерді жиі тартса, ШОБ басшылары мұндай қадамға сирек барады.
«Әдетте кәсіпкер өз бизнесімнің жай-күйін өзімнен артық ешкім білмейді, тиісінше, менің компаниямда жұмыс істемейтін адам маған қалай көмектесе алмақ деп ойлайды. Сұралғандардың 20 пайызы ешқашан эксперт көмегіне жүгінбеген екен. Біздің ШОБ ортасында эксперт шақыру және сыртқы мамандарды тарту мәдениеті әлі қалыптаспаған. 70 пайызы маман шақыру қымбат екенін айтқан. Ал көбі тегін консультациялар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы білмейді де», дейді.
«Schoolbu» балалар тасымалдаумен айналысатын компания басшысы Альберт Нидің айтуынша, бастапқы кезеңде кәсіпкер бизнес мәселесін өзі шешеді.
«Банк инвестор ретінде кепілмен ақша ғана береді. Әлдеқайда қолжетімді қаржы болса бірнеше рет өсім көрсетер едік. Мәселен, мен бизнесті бастау үшін бүкіл мүлкімді кепілге қойдым: база, пәтер, үй. Сөйтіп, тәуекелге бардық. Иә, «Даму» арқылы мемлекеттік қолдау шарасын алуға болады, бірақ қаржыландыру мөлшері менің кепілімнің көлеміне байланысты», дейді ол.
Ол сондай-ақ халықтың табысы өсіп жатпағанын, оның есесіне сол автобустардың бағасы соңғы 7 жылда кемі екі есе өскенін атап өтті.
«2015 жылы біз 6 млн теңгеге автобус сатып алдық. Қазір олардың бағасы 12-13 миллионнан асады. Сол кезден бері отын бағасы үш есе өсті. Мен бизнесмен ретінде, банкрот болмас үшін осы шығындарды қызмет құнына қосамын. Сөйтіп, ақырында тұтынушыға ауырлық түсіремін», дейді Альберт Ни ШОБ үшін туындап отырған тағы бір түйткілді алға тартып.