• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 10 Шілде, 2023

Аяқкиім де шеттен келеді

256 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде отандық өндірушілер 1,7 млн жұп аяқкиім тігіпті. 2021 жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға өсім бар. Ал биыл бірінші тоқсанда компаниялар 421 мың жұп аяқкиім тіккендері туралы есеп берген. Бұл да тәуір қарқын – 2022 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 38 пайызға көп.

Алайда ұзақмерзімді перспективада отандық аяқкиім өндірісінде динамика бар деп айтуға келмейді. Өндірушілер жылына 1,7-1,8 млн жұп аяқкиім тігетін көрсеткішке 2008, 2011 және 2015 жылдары ғана жеткен. Содан кейін қайта құлдырау басталған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде аяқкиім тігетін алты компания бар. Соның ең ірісі – «ТаразКожОбувь». Жамбыл облысында орналасқан зауыт жылына 500 мың жұп бәтеңке, туфли, кроссовка және етік шығарады. «Казлегпром-Алматы» ЖШС тігін-аяқкиім фабрикасының да қуаттылығы тап осындай. Ертеден келе жатқан ескі зауыт ретінде «Жетісу» АҚ алматылық фабрикасын және кеңестік тресттің мұрагері – «Казкожаны» айтуға болады.

Жалпы, былтыр тері саласындағы (онда аяқкиім өндірісі де, теріден былғары өңдеу де кіреді) бүкіл кә­сіпорын 15,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Құндық мәнде бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 16,6 пайызға жоғары. 2023 жылы қаңтар-сәуір ара­лы­ғында тері өңдеушілер өнімінің құны 5,8 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың ұқсас кезе­­ңіндегі құннан 26,8 пайызға көп.

Әрине, 19,8 млн халқы бар ел үшін жылына 1,7 млн жұп аяқкиім аздық етеді. Былтырдың өзінде ел тұрғындары 40,3 млн жұп аяқкиім сатып алған.

«Сұраныс өсіп келе жатыр, ал өз өндірісіміз 20 жыл бойы бір орында тұр. Нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі – небәрі 3,3 пайыз. Осыдан 15-20 жыл бұрын ішкі нарықтағы отандық аяқкиім фабрикаларының салмағы айтарлықтай жоғары еді – 25-37 пайыз аралығында болды. Бірақ 2011 жылдан бастап отандастарымыз аяқкиімді жиі сатып ала бастады. Ішкі нарықтағы сатылым көлемі төрт жылда 15 есе өсті – 5,1 млн-нан 80,9 млн жұпқа дейін. 2014 жылы жеткен осы рекордтан кейін аяқкиім сатылымы біресе түсті, біресе көтерілді, бірақ жылына 24 млн жұптан төмен кеткен жоқ», деп жазады Energyprom сарапшылары.

Қазір ел азаматтарының қажеттілігін шетелдік жеткізушілер жауып отыр. Сектордағы бүкіл ресурс көлемінің 96,7 пайызын импорт өтейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің есебіне сүйенсек, бізге бас жеткізуші – Қытай. Одан кейін – Түркия мен Өзбекстан. Былтыр елге 38,7 млн жұп аяқкиім сырттан кір­гізілген. Биыл қаңтар-наурызда жет­кі­зіл­ген өнім көлемі – 12,2 млн жұп.

Сарапшылардың айтуынша, осыншама көлемде импорттың келуі еліміздегі аяқкиім бағасына әсер етеді. Яғни ел­де­гі аяқкиім бағасын шетелдік жет­кі­зу­­шілер қалыптастырады. Бұл сала­да­ғы бағаның қымбаттауы 2022 жыл­дың соңында қатты сезілді. Жылдық өсім көр­­сеткіші 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қаңтарына дейін 18-19 пайыз шегінде болса, ақпан-наурызда 20 па­йыздан асып түсті.

Мамырдың қорытындысы бойынша, аяқкиім бағасының жылдық өсімі 18,1 пайыз болған.