• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2023

Алматы жолдары жаңа технологиялар арқылы жаңартылып жатыр

251 рет
көрсетілді

Жаз айларындағы жол жөндеу жұмыстары алматылықтар үшін бірқатар қолайсыздықтар туғызып, кей жағдайда тиісті орындарға тұрғындардың шағымдануымен жалғасын тауып жататыны белгілі. Биылғы жылы да тұрғындар жол жөндеу жұмыстарына алаңдаушылық танытып, әлеуметтік желілерде наразылықтарын білдірген еді. Осы орайда журналистердің сұрақтарына жауап берген Алматы қаласы Мобильділік басқармасының мамандары арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, құрылыс жүріп жатқан негізгі учаскелердің жұмысымен таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Соңғы жылдары қалаға келетін көліктердің саны көбейіп, жолдарға түсетін салмақтың да артып отырғаны белгілі. Осы орайда жол пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында әкімшілік инновациялық әдістерді пайдалану арқылы қаланың жүктемесін азайтуға күш салып келеді.

Қазіргі кезде қаланың Түркісіб ауданы арқылы өтетін Үлкен Алматы каналы Сейфуллин-Рысқұлов даңғылындағы көпірде, сондай-ақ Сейфуллин көшесінің бойында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, көлік қозғалысының көптігіне қарамастан, Сейфуллин көшесінде соңғы жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

«Үлкен Алматы каналы арқылы өтетін көпір маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтардың, көпір қаптамаларының тозығы жеткен. Осы орайда тұрғындар қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып, жөндеу жұмыстары қажет екеніне байланысты қала әкімшілігіне ұсыныс жасалды», дейді аудан әкімі.

Сейфуллин даңғылындағы Үлкен Алматы каналы мен Сейфуллин-Рысқұлов даңғылы қиылысындағы көпір өткен ғасырдың 80-жылдарында салынған. Әр жылдары сынған, тозған плиталарды ішінара, бөлшектеп қалпына келтіру жұмыстары жасалғанмен, көпір толығымен жөндеуден өтпеген.

Құрылыс жұмыстарының барысы жайында түсіндіріп өткен Алматы қаласы Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, соңғы рет Сейфуллин даңғылындағы жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген.

«Нормативтік талаптарға сәйкес әрбір бес жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыруы тиіс. Осы орайда Сейфуллин даңғылы бойынша  5,7 шақырым жөндеу жұмыстары басталып, асфальтты бетон жабындының жоғары қабаты ауыстырылуда. Қалада көліктердің көбеюіне байланысты жолдар жылдам тоза бастады. Осының ескере отырып, әрі жол сапасын арттыру мақсаында полимерлі асфальтты бетон пайдаланылып отыр. «Полимер ШМА материалы өткен жылы қаладағы бес учаскеде сынақтан өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары да қатар жүргізілген болатын. Қазіргі кезде қаладағы магистральды жолдарда аталған материал қолданыста. Ал көпірдің қаптамасында материалдың екі түрін пайдаланып отырмыз. Оң жағында – гранитті тастар, ал сол жағында Сейфуллин даңғылының жүру бөлігінде – қалыңдығы 20 мм кесілген гранит плиталар қойылуда. Түсі кетпеген, әрі сақталған  бүтін  гранитті тастар ауыстырылмайды.  Баспалдақ жиектері, плиталарының сынуы, үгітілуі жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретіндіткен, жөндеу жұмыстары аясында бүлінген плиталар тазартылып, бастапқы қалпына келтіріліп, 25 пайызға жуығы ауыстырылады. Орнатылатын гранит плиталарында мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің деректер тізілімінде тіркелген сәйкестік сертификаты бар», дейді С.Телібаев.

Осы орайда «қаладағы жол жөндеу кезіндегі қолайсыздықтарға тұрғындар түсіністіктен қараса» деген ұсынын жеткізген басқарма басшысы бұл маңдағы жол құрылысы жұмыстарының шілде айының аяғына дейін аяқталатынын жеткізді.

Жол ғылыми-зерттеу институтының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаевтың айтуынша, полимерлі асфальт бетондар қаланың қазіргі жағдайын ескере отырып пайдаланып жатыр.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химик ғалымдарымен бірлескен зерттеулер аясында жолдар сапасын арттыруға қатысты жобалар жүзеге асуда. Осы орайда қаланың жол құрылысындағы материалдарды сынықтан өткізе келіп, таңдау шағыл тасты-мастикалық 20 маркалы түріне түсті. Енді бұрынғыдай битум ғана емес, полимерлі битум пайдаланудың мүмкіндігі зор. Өйткені бұл материал өзара бірігіп, каркас түзуге бейім. Ауыр жүк көліктерінен түсетін салмаққа төзімді. Мысалы, титан полимерін өте аз мөлшерде қосқанның өзінде кеңістік торын түзеге ықпал етеді. Тор тастардың ығысуынан сақтайды.  Заманауи материал Алматының табиғи-механикалық жағдайына, қоғамдық көліктердің салмағына, температураға лайықталған. Қызмет көрсету уақыты кемінде 5-8 жылға барады. Қазіргі кезде бұл материал Абай, әл-Фараби даңғылындағы жол жөндеу жұмыстарында да пайдалануда», дейді Бағдат Телтаев.

Қалада жалпы ұзындығы 44 шақырымболатын магистральдық көшелер 2008 жылдан 2015 жылға дейін жөндеуден өткен. Жалпы регламентке сәйкес Алматы қаласының жол-климаттық аймағын ескере отырып, орташа жөндеудің жөндеу аралық қызмет мерзімі 5 жылды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа полимерлі құрамдағы жол құрылысы материалдары 8-10 жылға дейін төзімді келеді. Аталған материал көлік көп жүретін учаскелерде жол сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ендігі кезекте  жол-жөндеу жұмыстары Алғабас, Теректі, Томирис, Қарасу, Ақбұлақ, зерделі, Шапағат, Шұғыла, Таусамалы, Қалқаман, Рахат, Жас қанат және т. б. шағын аудандарда жалғасатын болады.

Алматы қаласы Мобильділік басқармасының ескертпесіне сүйенсек, Абай даңғылы бойымен Тілендиев көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі қозғалыс ашылып, әл-Фараби және Абай даңғылдарындағы бірқатар учаскелерде қозғалыс уақытша шектелетін болады. Абай даңғылында 7,3 шақырым жол жөндеуден өтеді.

Қазіргі кезде әл-Фараби даңғылы бойымен Асқаров және Достық даңғылына дейінгі аралықта 9,3 шақырымда орташа жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Асқаров-Жароков көшесіне дейінгі аралыққа асфальт төселген. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақта полимерлі асфальт пайдаланылып, жарамсыз бордюрлер ауыстырылуда. Бордюрлердің жалпы ұзындығы 25 мың метрді құраса, оның 3 пайызы ғана жаңасына алмастырылады. Осы орайда Есентай өзені арқылы өтетін көпірдегі жөндеу жұмыстарының барысына таныстырып өткен Сағындық Телібаев көпірді зерттеу барысында апатты жағдайдағы тіректерді де ауыстыру қажеттігі ескеріліп отырғандығын жеткізді.

«Көпірдің ұзындығы 12 метр болса, ені 33 метрді құрайды. Ендігі кезекте гидроизоляциясы жасалып, асфальтты бетон салынады. Әл-Фараби даңғылындағы жүру жылдамғы сағатына 80 шақырымды құрайтындықтан, бұл маңда  жаяу жүргіншілер үшін де қауіп жоғары. Осы мақсатта Есентай өзенінен өту үшін жаяу және велосипедшілер үшін арнайы көпір салынатын болады. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін магистральды жолдардағы және көпір жөндеу жұмыстары аяқтау көзделген. Ал көпір құрылысы аяқталғанан кейін көліктер төрт жолақпен қозғалып, даңғыл бойындағы көлік тығыздығы 20 пайызға дейін жеңілдейді», дейді басқарма басшысы.

Алматыда биыл 200 шақырымнан асатын 230 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінде  қалада 2746 көше тіркелген болса, жалпы ұзындығы 3097 шақырымды құрайды. Жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдардың сапасы 89, ал 2025 жылға қарай 95 пайызға дейін жетеді деп болжанып отыр.