Сейілда Байшақов – 1971-1981 жылдары ерте көктемнен қара күзге дейін қалың жанкүйердің назарында болған санаулы қазақ спортшысының бірі. Бұлай дейтініміз, атақты боксшылар мен балуандар әр апта сайын халықтың алдына шыға бермейді. Ал футбол дегеніңіз, оның үстіне кезіндегі «Қайраттың» ойындары теледидардың сәні еді.
Сол жылдары қақпашы Құралбек Ордабаев пен қорғаушы Сейілда Байшақов апта сайын миллиондаған көрерменнің көз алдында ойқастап жүретін. Ол кезде Алматының өзінде қазақ баласы тым селдір. Ауылдан келген, яғни қанына тартатын бауырлардың көпшілігі КСРО жоғары тобындағы «Қайраттың» ойындарына Сейілда мен Құралбек ағаларды көру үшін баратын. Орталық стадионның күнбатыс бетіндегі туннельден Сейілда мен Құралбек ағалардың төбесі көрінгеннен мыңдаған тілеулестер мойындарын соза гуілдесіп, дуылдаса жөнелетін. Ал екі ағамыз жай басып, жоғары өрлеген кезде мың шақырым ауылдан артынып-тартынып әкеміз келіп жеткендей мәз-мейрам болушы едік.
«Жан тартпайды, қан тартады» демекші, Сейілда Байшақов алаңға «Қайраттың» капитандық «повязкасын» тағып шыққанда жалымыз күдірейіп, қанымыз ысып шыға келетін. Сейілданың қимылы өзінің мінезі тәрізді орнықты, тиянақты. Кейбіреулер тәрізді ұшқалақтанып, сасқалақтағанын көрген емеспіз. Қашан көрсең аяқты еркін тастап, қарағайдай бойымен анадайдан көз тартады. Қарсы жақтың оқтай зулаған, қырық айлалы шабуылшылары үшін Байшақов нағыз асу бермес, тасқамал қорғаныстың өзі болатын. «Сейілда қарсыластың кез келген шабуылшысын тұсай білетін, – дейді Құралбек ағамыз. – Зерек, алғыр спортшы. Есеппен, жүйелі ойнағанды ұнатады. Көп сөзге жоқ. Сабырлы. Командадағы ең абыройлы, ең сенімді футболшының бірі ретінде ұзақ уақыт команданың капитаны әрі серкесі болды».
Иә, қазақ футболшыларынан ең алғашқы болып КСРО құрамасында ойнаған да осы Байшақов еді. Қырсыққанда, 1977 жылы КСРО құрамасы Байшақов қатысқан екі бәсекеде Мажарстан мен Грекиядан ұтылып қалып, әрі қарай ағамызды ұлттық құрамаға шақырмады. Әділін айтсақ, Сейілда Байшақов сол тұста кеңес құрамасындағы қорғаушылардың қай-қайсысынан да кем соққан жоқ. Бірақ Мәскеудегі футбол қожайындарының сырт көзден таса өз мүддесі, өз саясаты болды.
Халқымыздың тұңғыш кәсіби футболшысы Тимур Сегізбаевтан кейін «қазақ доп тебе алмайды», деген тұтас бір ұлтты қорлауға бағытталған сыңаржақ, таяз, кертартпа пікірді теріске шығарған айбоз ұлдың бірі әрі бірегейі – осы Сейілда Икрамұлы еді. Байшақов «Қайраттың» сапында 296 рет алаңға шығып, қарсы қақпаға 11 доп енгізді.
Сонау бодан заманда, тар кезеңде қазағының ала доптағы намысын әуелете көтерген Сейілда аға да мәңгілік мекеніне аттанды. Кәтепті қара кемедей орнықты азаматтың жаны жәннатта болуына тілектеспіз. Байшақ әулетіне Алла сабыр берсін!
Қазақ спорты әлі талай Сейілда ізбасарларын алып келетініне сенеміз
Қыдырбек Рысбек,
спорт журналисі