• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Шілде, 2023

Жоғары мөлшерлеменің экономикаға әсері қандай?

254 рет
көрсетілді

Елімізде инфляцияның баяулауын өткен жылғы жоғары базалық мөлшерлемемен, импортталатын баға өсуінің төмендеуімен және ұлттық валюта бағамының тұрақтылығымен байланыстырды. Мұндай пікірді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) өз шолуында келтірді.

Сарапшылардың айтуынша, базалық мөлшерлеменің жиынтық сұранысқа әсері айтарлықтай байқалмайды. Қауымдастық АҚШ, ЕО, Аустралия және Канада сияқты дамыған елдерде мұндай әсер берудің негізгі арнасы – сыйақысы нарықтық және өзгермелі болып табылатын ипотека екенін түсіндірген. Мысалы, былтыр АҚШ-та Федеральды резервтік жүйе (ФРЖ) базалық мөлшерлемесінің жоғарылауы ипотека мөлшерлемесінің өсуіне әкелді. Бұл халықтың тұтыну шығындарын төмендетіп, инфляция мен экономикалық өсуді бәсеңдетті. «Тарихи тұрғыдан алғанда, базалық мөлшерлеме ұлттық валюта бағамына айтарлықтай әсер етеді (валюта арнасы, корреляция коэффициенті = 0,74), ал пайыздық арна арқылы инфляцияға дәстүрлі әсер онша елеулі емес», деп түсіндірді ҚҚҚ.

Дегенмен елімізде базалық мөлшер­ле­менің өсуіне қарамастан, экономика 2023 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша бір жыл бұрынғы 4,6%-ға қарағанда 4,9%-ға өсуді көрсетіп отыр. Ал 2022 жылы айналымдағы қолма-қол ақша көлемі тұтынушылардың тұрақты сұранысын қолдай отырып, 12,1%-ға өсті. Сондай-ақ қауымдастық банктік салымдар көлемінің былтыр 17,3%-ға дейін төмендегеніне назар аударды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 21,5% деңгейінде болған. «Салымдар көлемінің ұлғаюына резидент еместер қаражатының ағыны айтарлықтай әсер етті, бұл компаниялар мен халықтың елімізге Ресейден қоныс аударуына байланысты болуы мүмкін», деп пайымдайды шолушылар.

Мәселен, былтыр еліміздің банкте­рін­дегі ресейліктердің салымдары алты еседен астам өскен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық банктердегі ре­сей­лік­­тердің салымдары 981 млрд теңгеге арт­ты. Бұл салымдар көлемі 151 млрд­ теңгені құраған 2022 жылдың 1 ақпа­­нындағы көрсеткіштен шамамен 6,5 есе көп. «2023 жылғы 1 қаңтарға Ресей Федерациясы резиденттерінің отандық банктердегі салымдары мен ағымдағы шоттарындағы ақша қалдықтарының сомасы 1,13 трлн теңгені құрайды», деп атап өтті ведомствода.

Сонымен қатар ресейлік клиенттер саны 1,8 есе немесе 283 330 адамға өсті. Нәтижесінде, Қазақстан қаржы институттарында барлығы 440 599 Ресей азаматына қызмет көрсетілуде. Салымдардың ең көп көлемі жеке тұлғаларға, соның ішінде жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл көрсеткіш 146 млрд теңгеден 1,08 трлн теңгеге дейін өсті (өсім – 940 млрд теңге немесе 646%), ал клиенттер саны – 156  476-дан 439 554-ке дейін (өсім ‒ 283 078 клиент немесе 181%). Заңды тұлғаларға келетін болсақ, салымдар мен ағымдағы шоттар бойынша қалдықтар көлемі 5 млрд теңгеден 46 млрд теңгеге, ал клиент­­тер саны 793-тен 1 045 теңгеге дейін өзгерді. Сонымен бірге Ұлттық банк деректері бойынша ағымдағы жылғы 1 қаңтарға отандық банктерде 19,8 трлн­ теңге сақталады. Оның ішінде жеке тұлға­лар­дың салымдары 13,3 трлн теңгені, ал заң­ды тұлғалардың салымдары 6,5 трлн тең­гені құрайды.

Несие нарығына келетін болсақ, сарап­шылар жеке тұлғалардың қарыз­­дары бойынша орташа өлшенген мөлшер­ле­мелердің динамикасы соңғы бес жыл­ ішінде 11-19% диапазонында ауыт­қып, базалық мөлшерлеме траек­тория­сына сәйкес келмейтінін атап көр­се­те­ді. «Жеке тұлғаларды кредиттеу­де­ тұтынушылық қарыздардың үлесі азая­ды (55,2%) және ипотека үлесі (36,3%) өсуде, онда жеңілдікті тіркелген мөл­шер­лемелер басым. Өткен жылы заңды тұлға­лар сегментіндегі көлем ШОБ субъек­тілерін кредиттеудің өсуі (14,6%-ға­ немесе 0,8 трлн теңгеге) есебінен сыйақы мөлшерлемелерінің 12,2%-дан 19,2%-ға дейін өсуіне қарамастан артты.­ ШОБ қарыздар портфелі сомасының шамамен 30%-ы «Даму» мемлекеттік бағдарламаларына тиесілі», деп қорытын­ды­лады қауымдастық.

2022 жылы республикамыздағы инфляция негізінен монетарсыз фактор­лардың, соның ішінде импортталатын инфляцияның және Украинадағы соғыс қимылдары мен жауап санкцияларының басталуына байланысты логистикалық жеткізу тізбегіндегі үзілістердің әсерінен 25 жылдық ең жоғары деңгейге дейін жеделдеді.

Жыл ішінде базалық мөлшерлеме 7%-ға­­­­ көтеріліп, бұл теңгелік депо­зит­тердің ке­­туін және долларлан­дыру­ды­­ болдырмай, сондай-ақ қара­жаты мем­­лекет­­тік бюд­­­жет тапшылығын қар­­жы­л­анды­ра­тын мем­­­­ле­кеттік баға­лы­­ қағаздарға (МБҚ) сұ­ра­­нысты ұл­ғай­та отырып, қаржы­лық­ тұ­рақ­ты­­­лық­ты қолдауға мүмкіндік бер­­­­ді.

Сонымен қатар құбылмалы айырбас бағамы режіміндегі ақша-несие саясаты (АНС) трансмиссиялық механизмінің негізгі арнасы пайыздық арна: базалық мөлшерлеменің өсуі, кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелердің өсуі, депозиттер көлемінің ұлғаюы және кредиттер көлемінің төмендеуі, тұтыну шығындары мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі, инфляция мен экономикалық өсудің баяулауы.

Бұл ретте елде депозиттердің өсу қарқынының ұлғаюы байқалмады, сондай-ақ салымдар көлемінің ұлғаюына резидент еместер қаражатының ағыны айтарлықтай әсер етті.

Тиісінше, сыйақы мөлшерлемесінің өсуіне жауап ретінде үнемдеуге бейім­ді­лік өсіп келе жатқан мемлекеттік шы­ғын­дармен және елдегі жоғары тұтыну­шы­лық сұранысты қолдай отырып, несие­леудің тұрақты көлемімен бірге өскен жоқ.

Мемлекеттің экономикада елеулі бо­луы­на және бизнесті қолдаудың мем­ле­кет­тік бағдарламаларын іске асыруға байла­нысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі байқалмайды. Соның ішінде, мемлекет қатысатын ірі кәсіпорындар шетелде «ұзын» және салыстырмалы түрде арзан ақшаны (синдикатталған қарыздар, еурооблигациялар және т.б.) мемлекеттің жариясыз кепілдігімен тарта алатындықтан ЕДБ-дан несиелеуді қажет етпейді (дефолт болған жағдайда төлемдер бюджет есебінен жүзеге асырылады).

Кредиттеу көлемі де тұтынушылық кредиттеу құрылымындағы пайызсыз бөліп төлеудің елеулі көлемінің аясында айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал ұзақмерзімді кредиттеу (ШОБ және ипотека) базалық мөлшерлемені көтеру әсерін барынша азайтатын жеңілдікті тіркелген мөлшерлемелер бойынша жүреді.

Ипотекалық несиелер мен ШОБ несие­­лері бойынша өзгермелі мөл­шер­лемелер батыс елдеріндегі транс­мис­сия­ның негізгі арнасы болып табылады: ипотекалық төлемдердің өсуі меншік иелерінің де, жалға алушылардың да кірістерін төмендетеді, тұтынушылық шығындар мен іскерлік белсенділік төмендейді, экономикалық өсу мен баға өсімі баяулайды.

Осылайша, елдегі АНС транс­мис­сия­лық тетігінің пайыздық арнасының жұмысы нарықтық және өзгермелі мөлшерлемелер бойынша кредиттеудің жеткіліксіз үлесімен қиындайды. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің әсері, негізінен, ұлттық валютаның айырбас бағамын ұстап тұруда көрінеді.