• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Шілде, 2023

Семей алдағы жылыту маусымына дайын ба?

299 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласындағы «Жылукомунэнерго» МКК-де болып, 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жоспарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторға қаладағы қазіргі жылу көздері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ оған №1 жылу энергетика орталығы көрсетіліп, жергілікті 92 қазандықтың кейбірі күрделі жөндеуді қажет ететіні туралы айтылды.

«Өткен қыста Екібастұз бен Риддер қалаларында жылу көздері мен жылу желісінің қаншалықты тозғанына куә болдық. Абай облысында осындай жағдайды болдырмау үшін қысқы маусымға дайындық мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек», деп атап өтті Айнұр Арғынбекова.

Депутатқа жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аясында ауқымды жұмыс атқарылғаны, атап айтқанда «Ғаббасов» қазандығы қайта жаңартылғаны және жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатқаны туралы айтылды.

Депутат Арғынбекова өз кезегінде жергілікті билік бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс екендігі және жылу көздері мен жылу желісінің жай-күйіне тұрақты тексеру жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Қаланың барлық жылу желісін нормативтік күйге келтіру облысымыздың басым міндеттерінің бірі және ол бірнеше жылға есептелген ауқымды жұмыс. Біз өңірден сайланған депутаттар ретінде бұл мәселені де бақылауда ұстаймыз», деді сенатор.