Апта бойы беті қайтпаған аптап ыстық Керекудің ормандары мен далалы жерлерінде алапат өрттің шығуына себепкер болды. Ең ірі өрт ошақтары «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватында және Баянауылдың Қызылтау аумағында тіркеліп, тілсіз жау жалпы аумағы 1 800 гектарға жуық жерді жайпап өткен
Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, «Ертіс орманы» резерватында 15 шілде күні түсте басталған өрт арада бір тәулік өткенде барып ауыздықталды. Екпінді жел мен аптап ыстықтың салдарынан тілсіз жау орман аралықтарында жылдам тарап, алғашқы сәттерде өрт сөндірушілер жалынды бақылай алмаған. Жағдайдың күрделеніп бара жатқанын ескерген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов оқиға орнында болып, өртке қатысты соңғы мәліметтерді жариялап отырғанын көзіміз шалды. Өртке байланысты жедел штаб құрылып, ғарыштан мониторинг жасау арқылы мәліметтер жиналды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орын алған. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі аумақты әуеден барлап шықты. Алғашқы тәулікте 98-орамдағы өрт ерекше күшейіп, бірнеше елді мекенге қауіп төндіргені рас. Бірнеше ауылдың халқын өзге аумаққа көшіру де жоспарланды. Абырой болғанда өрт сөндірушілер тілсіз жаудың екпінін тоқтатып, әрі желдің бағыты да өзгеріп орман өрті тежелді. «Ертіс орманы» резерватының ақпаратына сүйенсек, өртенген аумақтың алдын алу ауданы 850 гектарды құрап отыр.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Берік Омаровтың айтуынша, орманды жерлердегі өрт негізінен жалқарағайлардың жоғары бөліктерін шарпыған. Тілсіз жаумен күреске жергілікті және Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының төтенше жағдай күштері мен құралдары жұмылдырылған. 101 техника мен 6 тікұшақ, 361 өрт сөндіруші орманда лаулаған қызыл жалынды ауыздықтап, қазіргі күні аумақтағы от ошағын толық сөндіру шараларын жалғастырып жатыр. МИ-8 және Eurocopter тікұшақтары арқылы соңғы екі тәулікте өрт болған жерлерге 144 шаршы метр су шашылған.
– Тағы бір ірі өрт оқиғасы Баянауылдағы мемлекеттік ұлттық табиғи орман паркінде тіркелді. 14 шілде күні Қызылтау ауылынан 20 шақырым жерде жайылымдық және шабындық жерлерде жалын тұтанған. Далба орман шаруашылығының 115, 117, 118 орамдарына тиесілі 20 гектар жер өртенген. Ал аумақта күйік шалған жерлердің жалпы аумағы 800 гектарды құрап отыр. Ондағы жалынды ауыздықтауға жергілікті төтенше жағдай қызметінің 27 қызметкері мен 7 техника, ұлттық парктің 22 қызметкері, сондай-ақ ерікті өрт сөндіру құрылымынан 55 адам мен 11 техника, жергілікті атқарушы органдардан 8 адам мен 4 техника тартылды. Қазіргі күні өртті толық сөндіру шаралары жүріп жатыр, – дейді Б.Омаров.
Бұған дейін Екібастұзға қарасты Әлкей Марғұлан ауылы маңында және өңірдің Қарағанды облысымен шекараласатын жерлерінде де тілсіз жаудың 127 гектар жерді жайпап өткені белгілі болды. Өрттің салдарынан аталған елді мекеннің тұрғындарына тиесілі 72 ұсақ мал жанып кеткен. Қырда қараусыз жүрген қой-ешкіні тұтқиылдан келген дала өрті шарпып, тірі қалған түліктер арасында әлі де өліп жатқандары бар көрінеді. Арнайы комиссия әзірше 70-тен астам мал қырылды деп қана таныған. Ауыл адамдары комиссияның бұл шешімімен келіспей отырғанын айту керек. Мәселеге газетіміздің алдағы нөмірлерінде арнайы тоқталатын боламыз.
Жалпы, соңғы бір аптаның ішінде Павлодар облысы аумағында орман және дала өрттері бойынша 35 оқиға тіркелген. Төтенше жағдай қызметінің мамандары мен арнайы органдар тілсіз жаудан келген шығын мен күйік шалған жерлердің ауданын анықтап жатыр.