Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жақында интернет құны арзан 20 елдің қатарына кіретінімізді айтқан еді. Іле-шала ұялы байланыс операторлары тариф бағасын өсіріп үлгерді.
Ookla деректеріне сәйкес Қазақстанда 4G қолжетімділігі 84,5 пайызды құрайды. Ал 5G енді енгізіліп жатыр. Бірақ елімізде интернет сапасына қатысты шағым көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жауапты министрге көптің көкейінде жүрген «интернет қашан жөнді жұмыс істейді» деген сұрақты қойған болатын. Бағдат Мусин бұған тариф арзан болғандықтан, интернет жылдамдығы ақырын деген жауап айтты.
– Арзан байланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсіну маңызды. Бұл бизнес, сондықтан бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақсарту үшін инвестиция қажет. Кіріспен бірге инвестициялар келеді. Егер табыс төмен болса даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты, елде трафикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл нені білдіреді? Бұл операторлар желісіндегі жүктеме де артты деген сөз. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. Қазақстан-мобильді трафикті тұтыну бойынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан да алдыңғы қатарда, деді Цифрлық даму министрі.
Осыдан соң отандық ұялы байланыс операторлары бірден тариф құнын көтеруді қолға алған. «Қазақтелеком» АҚ 2023 жылғы 1 тамыздан бастап мұрағаттық тарифтер желісінің кейбірі қымбаттайтынын хабарлады. Beeline компаниясы 15 тамыздан бастап «Жарқын 4990» және «Жарқын 5990» тарифтерінде YouTube, Instagram, Facebook, TikTok, WhatsApp және басқа да танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге шексіз кіру мүмкіндігін алып тастайды және «Жарқын 3990» тарифінде осы ресурстарға беріліп келген 25 ГБ пакеті де тоқтатылады. Сондай-ақ күнделікті пакет құнын 290 теңгеге өсіруді жоспарлап отыр. Activ.kz ұялы байланыс операторы да 2023 жылғы 8 тамызда «Шынайы шексіз мұрағаттық», «Супер Комфорт мұрағаттық», «Сұхбат мұрағаттық» тарифтері бойынша төлем шартын өзгертеді. Ал Tele2 22 тамыздан бастап «Старт», «ЖЕҢІЛ Старт», «Бәрін ауыстыр 1990 тг 0419 мұрағаттық», «Бәрін ауыстыр 1990 тг_0619», «ЖЕҢІЛ Старт мұрағаттық», «Супер+», «ЖЕҢІЛ Старт мұрағаттық 2», «Қосыл», «Бәрін ауыстыр 2490 тг 0419 мұрағаттық», «Бәрін ауыстыр 2590», «БӘРІ Супер мұрағаттық», «Керегі осы», «Күшті», «БӘРІ Супер», «Толығымен қосыл 0518», «Толығымен қосыл», «Бәрін ауыстыр 2590 тг_0619», «Үлкен мұрағаттық 2», «Бәрін ауыстыр 3190_new», «Максималды қосылу», «Бәрін ауыстыр 3290 тг 0419 мұрағаттық», «Бәрін ауыстыр 3290 тг_0619», «НАҒЫЗ Экстра», «Үлкен», «НАҒЫЗ Экстра мұрағаттық», «Күшті+», «Бәрін ауыстыр 3190», «Бәрін ауыстыр 3690», «Бәрін ауыстыр 3790», «Сенгісіз шексіздік», «Бәрін ауыстыр 4190» тарифтері бағасын көтереді.
– Бірқатар факторға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты біз тарифтік жоспарлардың бағасына кішігірім өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұл сіздің қаражатыңызға әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан біз қосымша ресурстар мен қызметтер түрінде өтемақы ұсынамыз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен, әлемдік логистикалық тізбектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жоғары жиілік құны және компаниямыз үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайлармен байланысты. Сондықтан біз қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және сізге одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағаларын қайта қарауды ұйғардық», делінген Tele2 хабарламасында.
Ұялы байланыс операторлары тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында бағаның өсіп жатқанын атап өтті. Бірақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазірдің өзін де 4G сыйымдылығына қатысты мәселе бар – стансалар жеткіліксіз деген. Ал ол стансаларды операторлар салуы керек. Соған қарағанда 5G-дің ауылы тіпті алыс. Бағаның бірден өскені секілді интернет жылдамдығы да жақын арада жақсарса ғой...