ERG компаниясына қарасты зауыттарда еңбек ететін 600-ден аса қызметкер Отбасы банкінің «Корпоративтік өнім» бағдарламасы арқылы тиімді шарттармен баспаналы болды.
Компания маманы айына небәрі 1 мың теңгеге пәтер жалдап, оны болашақта сатып алуға қаражат жинап, ізінше қолайлы шарттармен заем ресімдеп, сол баспананың иесі атана алады дегенге сену қиын шығар?! Алайда «Eurasian Resources Group» компаниясының қызметкерлері осындай мүмкіндікке ие болып, Отбасы банкінің «Корпоративтік» бағдарламасының тиімді шарттары негізінде өз үйіне қол жеткізіп жатыр.
Металлургтер күні қарсаңында ERG компаниясының тағы 60-қа жуық қызметкері пәтер иелері атанды. Олардың қатарында сұранысқа ие мамандық өкілдері, жас мамандар мен көп балалы отбасылар бар.
Компания басшылығы өз қызметкерлері үшін ұсынған пәтерлер Павлодар, Рудный, Ақсу және Лисаковск қалаларының дамыған, қажетті инфрақұрылыммен қамтылған, қоғамдық көлік жақсы қатынайтын аудандарында орналасқан. Мектеп, балабақша, емхана мен сауда орталықтары да жақын. Қысқасы, мұнда жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған. Кейінгі үш жыл аралығында Отбасы банкі мен ERG компаниясының бірлескен серіктестігінің нәтижесінде 650-ден аса қызметкер баспанамен қамтылды.
«Корпоративтік» бағдарламасы аясында табысты түрде іске асып жатқан серіктестіктің мәні – компания өзі салған үйлерге қызметкерлерін қоныстандырып, айына бар-жоғы 1 мың теңге жалдау ақысын алып отырады. Осы аралықта шығындары айтарлықтай үнемделген Отбасы банктен депозит ашып, алғашқы 3-8 жыл аралығында сол пәтер құнының 50 пайызын жинайды. Аталған сома жиналған соң пәтер иелері қалған жартысын Отбасы банкі арқылы несиемен өтейді. Мұндай заемның жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 3,5-5 пайыз аралығында (ЖТСМ 3,6 пайыздан басталады). Бұл – өте тиімді шарт», дейді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Бүгінде банк пен ERG бірлескен корпоративтік өнімі ең нәтижелі жобалардың бірі.
«Корпоративтік өнім дайындау туралы ой осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Өз әріптестерінің тұрғын үй мәселесін реттеуіне көмек көрсетуге ниетті кәсіпорындар мен компаниялар үшін жеке бағыт қарастырудың қажеті туындады. Алғашқылардың бірі болып осындай ұсыныс ERG өкілдеріне айтылды. Нәтижесінде, екі тарап ортақ мәмілеге келді. Елімізде қызметкерлеріне заманауи тұрғын үйлер салатын бірегей компанияға жалдау-жинақтау тетігін ұсындық. Яғни қызметкер пәтерді бірден сатып алмай, оған қажет қаражатты жинаса деген ой білдірдік. Мұндай шарттар бәрінің көңілінен шықты. Бұл компанияның әлеуметтік жобасы болғандықтан, қызметкерлерге арналған пәтерлердің бағасы нарықтағы бағадан анағұрлым арзан», дейді Н.Ақшанов.
Қазіргі уақытта Отбасы банкі «Корпоративтік» жобасының аясында ірі компаниялармен қатар отандық шағын кәсіпорындармен де бірлесе еңбек етіп жатыр.
«Біз жеке компаниялармен, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелермен әріптестік байланыс орната білдік. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 115 млрд теңге болатын 40-тан аса келісім жасадық. Бұл ретте оның 90 млрд теңгеден астамы – әріптестеріміздің қаражаты. Серіктестіктің түрлі жолы бар. ERG сияқты басқа да компаниялар қызметкерлерінің ең төменгі бастапқы жарна, яғни пәтер бағасының кемінде 10 пайызын төлеп үйлі болғанын қаласа, сол несиелерді қаржыландыра алады. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі 5-8 пайыз аралығында болады (ЖТСМ – 5,2 пайыздан басталады). Осы және өзге де нұсқаның барлығы компаниялар басшылығымен талқыланады. Әр мекеменің сұранысына байланысты жеке корпоративтік өнім дайындаймыз», деп атап өтті Н.Ақшанов.
Қосымша қаржыландыруға тоқталар болсақ, мұндай жағдайда компания Отбасы банкіне несиелеуге арналған соманы бөледі. Өз кезегінде банк өкілдері аталған компания қызметкерлеріне несие беру ісін ұйымдастырады. Яғни компанияға бұл жұмыс үшін қосымша адамдарды жұмысқа алып, есеп жүргізіп, басқа да қаржылық қызметтерді атқарудың қажеті болмайды. Компания қолжетімді ипотека беру арқылы әлеуметтік қолдау көрсетуді қалайтын қызметкерлер тізімін ұсынса жеткілікті.
Корпоративтік өнімде баспанаға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Қызметкерлер алғашқы және екінші нарықтағы пәтерлерді таңдай алады.
«Қызметкердің өзі төлем қабілетін растайды. Біз зейнетақы аударымдарын үнемі жасайтын ірі және шағын компаниялармен жұмыс істейтіндіктен, төлем қабілетін растауда қиындықтар болмайды. Десе де, қызметкердің табысы жеткіліксіз болса, екі қосымша несие алушыны тарта алады. Туыстардан бөлек достарының да көмек көрсетуге мүмкіндігі бар», деп түсіндірді Отбасы банкінің өкілі.
Сондай-ақ ол бүгінде компаниялар әлеуметтік жауапкершілік деген бос сөз емес екенін ұға бастағанын тілге тиек етті. Қызметкерлердің тұрақты түрде еңбекақы алуымен қатар қолайлы ортада өмір сүруі де маңызды.
«Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте тоқталды. Сондықтан өз қызметкерлерін баспанамен қамтуды қалайтын компаниялар қатары артып келеді. Біз кез келген кәсіпорынмен бірлесе еңбек етуге әзірміз. Ол миллиардтаған салымы бар ірі компания да, тіс емханасы, дүкен сынды шағын бизнес те болуы мүмкін. Ол маңызды емес. Тұрғын үй мәселесі бәрін алаңдатады. Мәселен, отандық диализ орталықтарының бірі дәрігерлері үшін 60 млн теңге бөлді. Тағы 40 млн теңгені Отбасы банкі қарастырады. Сол арқылы аталған сомаға қолжетімді несие беріп, орталықтың бес қызметкерінің баспана мәселесін шешуге жағдай жасалады. Атап айтқанда, «Корпоративтік» жобасы арқылы 3-5 пәтерді сатып алуға да қолдау көрсете аламыз. Қазір компаниялар жеке қаржысын көбірек салуға бейілді үрдіс қалыптасып келеді. Бұл, әрине, қуантады. Қалай болғанда да, біз барлығына бірдей ашықпыз», дейді Н.Ақшанов.
Құндық ҚАБЫЛДЕНОВА,
журналист