Бұрынғы ақтөбелік теміржолшы, жетпістегі зейнеткер Жұмабай Отарғалиев биыл велосипедпен ел аумағын түгелдей аралап шығуға бел буған екен. Ол ұлт ұясы – Ұлытауға да жетті.
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов бастаған азаматтар ақсақалды құрметпен күтіп алды. Ол жастармен кездесті, сапарының мәнін түсіндірді.
– Мен жасымнан спортты серік еттім. Саяхатқа шығу, ел тану, жер көру бала күнгі арманым еді. Сол арманыма енді ғана қол жеткізе бастадым, – деген ақсақал велосипедпен алғаш рет 2017 жылы сапарға шыққанын айтты. Сол жылы ол 49 мың теңгеге велосипед сатып алып, арақашықтығы 350 шақырымдай болатын Шалқардан Ақтөбеге 4-5 күнде барған көрінеді. Содан бері 100-ден аса елді мекенді аралап шығыпты.
– Бұл жолғы сапарымды Байбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына, Шу – Мойынты теміржолының пайдалануға берілгеніне 70 жыл толуына арнаймын, –деген Ж.Отарғалиев ақсақал жастарды спортты сүюге, үнемі сергек жүруге шақырды. Ол кездесу барысында жүрі-тұрысқа да, денсаулықты шыңдауға да велосипедтің пайдасы зор екеніне тоқталды.
Елімізді екі ай мерзімде аралап шығуға ниеттенген велошабандоз қасиетті Ұлытау сапарынан соң шежірелі Сыр еліне бет түзеді.