Өткен аптада Ресей ресми түрде Қара теңіздегі астық келісімінен шығатынын мәлімдеді. Осыдан кейін іле-шала әлемдік нарықтағы бидай бағасы бірден жоғарылап шыға келді. Қазақстан – әлемдегі астық экспортқа шығару жөнінен үздік ондыққа кіреді. Кремль билігінің бұл қадамы біздің елге қалай әсер етпек?
Ресей Сыртқы істер министрлігі «Қара теңіз бастамасы» 18 шілдеден бастап жұмысын тоқтататынын, Ыстамбұлдағы украиндық астық тиелген кемелерді тексеретін бірлескен үйлестіру орталығы таратылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ кеме қатынасының қауіпсіздігіне кепілдік беруден бас тартты. Әрі Қара теңіздің солтүстік-батысындағы теңіз гуманитарлық дәлізін қысқартуға ниетті. Кремль билігі Мәскеудің талаптары орындалған кезде Ресей Украинаның астығын Қара теңіз порттары арқылы экспорттауға мүмкіндік беретін келісімге қайта оралатынын атап өтті.
Астық келісіміне 2022 жылғы маусымда Ресей, Украина, Түркия және БҰҰ қол қойған болатын. Соған сәйкес, халықаралық кемелер Украина порттарынан Қара теңіз арқылы дәнді дақылдарды тасымалдайды. Мәміле бір жылдан астам уақытқа созылды. Бастапқыда келісім 120 күнге арналған. Кейін оның мерзімін ұзартты. БҰҰ, Түркия, Ресей және Украина шенеуніктері жұмыс істейтін үйлестіру және бақылау орталығы құрылды.
Жалпы, Украина астығы әлемдік эскпорт нарығының 10 пайызын құрайды. Жыл сайын пәленбай миллион тонна бидайын шетелге сатады. Сондай-ақ Украина – көлемі жөнінен әлемдегі төртінші ірі астық экспорттаушы ел. Әдетте, жер жаһанда қолданылатын күнбағыс майының 42 пайызын, жүгерінің 16 пайызын және бидайдың 9 пайызын өндіреді.
Африка құрлығындағы, Таяу Шығыстағы көптеген мемлекет Шығыс Еуропадан келетін дәнді дақылға мұқтаж. Осыған байланысты Ресейдің астық келісімінен шығатыны, оған қоса Украина жағалауына бағыт алған кемелерді атқылау ықтималдығы әлемдік нарықтағы астық бағасын шарықтатып жіберді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің Қара теңіздегі астық келісімін тоқтату шешіміне қатты өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, Кремль билігінің бұл қадамы аштыққа тап болған жүз миллиондаған адамға теріс әсер етеді. Осы орайда, Бас хатшы бұған дейін астық келісіміне байланысты Ресейді сынауға тоқтау салып келгенін, осыған қарамастан ресми Мәскеудің мәміледен бас тартқанын түсіне алмайтынын жеткізді.
«Ресей Федерациясының бұл шешімі әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж адамдарға соққы береді. Бірақ бұл Украина мен Ресей Федерациясының азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыштарын жаһандық нарыққа кедергісіз шығуын жеңілдетуге бағытталған күш-жігерімізді тоқтатпайды», деді А.Гуттерриш.
Еуропалық одақ қалыптасқан ахуалға қарамастан, мәселенің шешілетініне үміт білдіреді. Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Мәскеудің келісімнен шығу шешімін айыптады. Осы орайда, Еуропалық одақ украин астығын әлемдік нарыққа жеткізу жұмысын жалғастыра беретініне екпін берді.
Украина Президенті Володимир Зеленский Ресейдің келісімді тоқтату туралы мәлімдемесіне қарамастан Киев астықты экспорттауды тоқтатпайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Украина тарапы тікелей Кремльмен келісім жасаспаған.
«Екі келісім бар. Біріншісі – Украина, Түркия, БҰҰ арасында, екінші келісімге – Ресей, Түркия, БҰҰ тараптары қол қойды. Сондықтан Ресей мәмілені тоқтататынын айтқанымен, Кремль тарапы БҰҰ Бас хатшысы Гутерришпен және Түркия президенті Ердоғанмен жасаған келісімін бұзады. Бізбен емес. Олармен ешқандай келісіміміз болған жоқ», деді В.Зеленский.
Қысқасы, Кремль билігінің астық келісіміне қатысты суыт қадамы бүкіл әлемді әбігерге түсірді. Украинадағы соғыстың аяқталуын асыға күтіп отырған шартарап кезекті оқыс шешімді ауыр қабылдағаны анық. Әсіресе, бұл Африка құрлығындағы көптеген елге ауыр тиеді.
BBC агенттігінің хабарлауынша, ресми Мәскеудің «Қара теңіз келісімінен» шығуы Африка мемлекеттерін сатып кеткенмен тең. Өйткені 27-28 шілдеде Оңтүстік Африка Республикасында Ресейдің қатысуымен құрлықішілік саммит өтеді.
«Ресейдің астық келісімінен шығу шешімі – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің арқасынан пышақ салу. Бұл Сомали шығанағындағы құрғақшылықтың зардабын тартып отырған елдерге ауыр салмақ түсіретін қадам», деді Кения Сыртқы істер министрі Корир Синг’Оей.
Шығанақта Сомали, Эфиопия, Эритрея және Джибути орналасқан. Соған қарамастан құрлықтың басқа мемлекеттерінің билігі де дабыл қағып жатыр. Шығыс Африкадағы ауыл шаруашылығы кейінгі кезде құрғақшылықтан қатты зардап шекті, ал құрлықтың солтүстік бөлігі азық-түлікті толығымен импорттайды. Мәселен, Сомали, Кения, Эфиопия, Оңтүстік Судан және Нигерия елдегі дәнді дақылды түгелдей сырттан тасиды. Мысыр – Украина өнімдерін ең ірі импорттаушылардың бірі.
Әлемдік нарықтағы астықтың бағасы өсуі мен Украинадағы дәнді дақылды тасымалдауға туған кедергі басқа экспорттаушы елдерге қалай әсер етуі мүмкін? Мәселен, Қазақстан әлемдегі бидай экспорттайтын он елдің қатарына кіреді. Сарапшылардың айтуынша, сыртқы сауда көлемі күрт артады деп айтуға әлі ерте. Әзірге әліптің артын бағу керек.
Сәуірде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков былтыр қамбаға 22 миллион тонна астық және бұршақты дақыл жиналғанын атап өткен-тұғын. Соның 16,4 миллион тоннасы бидай. Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстанның астығы негізінен Қытайға, Орталық Азиядағы көршілес елдерге, Иран және Ауғанстанға экспортталады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы қаңтар-мамыр айларында 3,2 миллион тонна бидай өнімі сатылған. Бұған 458 мың тонна арпаны қосыңыз. Қысқасы, экспортталған тауар көлемі аз емес.
Сарапшы Андрей Чеботарёв «Қара теңіз келісімінің» аяқталуына екі жағынан қарау керек екенін алға тартады. Біріншісі – Қазақстан үшін артықшылық. Яғни, еліміз бидайды экспорттау арқылы көбірек пайда табады. «Мұның кемшілігі – дайын өнімнің біраз бөлігін сатып аламыз, ал оның құнына бидай бағасы да енеді. Сәйкесінше, астық қымбаттауы әлемдік азық-түлік инфляциясына әсер етеді. Салдарынан бұл біздің елге де әсер етеді, өйткені біз импортқа тәуелдіміз», дейді А.Чеботарёв.
Экономист Айбар Олжаев Қазақстан бидай құнының көтерілуінен пайда таба алатынын алға тартады. Оның айтуынша, біздің астықты сатып алатын мемлекеттер тізіміне өзгеріс енуі екіталай.
«Нарықта мәселе жоқ. Пәкістан, Ауғанстан секілді мемлекеттер – еліміздің бидайын сатып ала береді. Яғни, осылайша біз Кіші Азияны астықпен қамтамасыз етеміз. Биыл, бәлкім, Африка елдерінен қосымша тапсырыс келуі ықтимал. Ал Парсы шығанағы елдерінің Қазақстанға қызығушылығы бұрынғыдан арта түседі. Жалпы, түскен астықтың 8-9 миллионын өз елімізде қалдырамыз. Өйткені кез келген мемлекетке қор керек қой. Сондықтан экспорт көлемі өзгереді деп есептемеймін. Әлемдік нарық қалай өзгерсе де, шетелге сататын бидай көлемі сол қалпында қала береді. Тек астық бағасы өссе, еліміздің қоржынына түсетін қаражат көлемі соған сәйкес ұлғаяды», дейді А.Олжаев.
«KazGrain» Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Абдуманапов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қазақстан бидайына қызығушылық артқанын атап өткен. «Бір-екі апта бұрын аса қатты сұраныс болған жоқ. Бірақ Ресей астық келісімінен шыққан 18 шілдеден бастап Орталық Азияда, атап айтқанда, Өзбекстанда қазақ бидайына сұраныс артты», дейді Абдуманапов.
«KazGrain» басшысы келтірген мәліметке сай, бидайдың экспорттық бағасы Өзбекстан бағытында тоннасына 230 доллардан 235 долларға дейін өскен. З.Абдуманапов бидайдың сыртқы саудадағы қаншалықты өсетінін болжау әлі де қиын екенін алға тартады.