«Жайлы мектеп» келешек ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына айтарлықтай мүмкіндік бермек. Қарағанды облысында әртүрлі сыйымдылықта 300-ден 2000 орынға дейінгі 18 мектеп салынады.
10 білім беру нысанының құрылысы биылдан басталды. Яғни Қарағандыда – төрт, Балқашта – бір, Бұқар жырау ауданында – үш, Шет ауданында екі нысанның құрылысы салынады. Оларды 2024 жылы белгіленген мерзімде тапсыру қажет. Қалған сегіз мектеп 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Олар Қарағанды, Абай, Қарқаралы, Приозерск қаласында және Нұра кентінде салынатын болады. Сапасы да аса маңызды. Сол себепті, «Жайлы мектептердің» құрылысы қатаң бақылауда болмақ.
Аймақтағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша мектеп салуды ұтып алған мердігерлер шаруаларын ширатпаса болмайды. Құрылысты кешіктіретін болса, кешірім жоқ. Жауаптылар құрылыс жүргізудегі кестеден 7 күн кешіксе, «Samruk-Kazyna Construction» басқармасы мердігермен келісімшартты бірден бұзады. Осындай мәселеге екінші мәрте тап болса, онда тіпті, «қош» айтысады. Енді компаниядан апта сайын техникалық есептер талап етіледі. Қарағанды облысындағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан 10 мектептің құрылысын көзбен көруге арнайы келген «Samruk-Kazyna Construction» басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мердігерлерге осындай қатаң талап қойып кетті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептерді тұрғызатын мердігер компаниялардың өкілдерімен төраға Мәулен Айманбетов кабинетке емес, құрылыс алаңында кездесу өткізді. Жоғарыдағы талаптарды сонда қойды. Онымен қоса, мерзімдерді кешіктірген компанияларға қандай жауапкершілік қарастырылғанын қадап айтты.
«Апта сайын атқарушылық техникалық есептерді уақтылы тапсырыңыздар. Кем дегенде, екі рет мерзімді бұзып, жұмыстарды кешіктірген жағдайда шартты бұзамыз. Ал жобаны конкурста екінші орын алған компанияға береміз. Өздеріңізге ескертемін. Бақылау қатаң болады! Біз сапаға басымдық береміз» , деді Мәулен Айманбетов.
Егер мердігер құрылыс жұмыстарын орындау мерзімін бекітілген кестеден кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Әрі қарай мектеп құрылысы конкурста екінші орын алған компанияға сеніп тапсырылады. Ол талаптарға сай келмесе, онда жаңа мердігер бір көзден сатып алу арқылы анықталады. «Samruk-Kazyna Construction» басшылығы барлық жайлы мектепті уақтылы салып, белгіленген межеде тапсыру үшін талап күшті екенін атап өтті.
Сапар барысында басқарма төрағасы Қарағандыдағы «Кең дала» шағын ауданында 2000 оқушыға арналған жайлы мектеп салу жоспарын талқылауға қатысты. Онда мектепке тиесілі аумақты оңтайландыруға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Іргелес алаңда трибуналары бар көп функционалды стадион орнатылады. Мұнда оқушылардың жылы кезде футбол, қыста хоккей ойнауына мүмкіндік бар. «Жалпы, басқарма ұстанған қағидат – мектептің әр шаршы метрін тиімді пайдалану», дейді жауапты өкілдер.
«Мектеп аумағының әр шаршы метрін барынша тиімді пайдалану керек. Еуропалық мектептерде бос орын жоқ. Мәселен, неге аумақта айналмалы жүгіру жолағын жасамасқа? Ол үшін арнайы орын қарастыруды ұсынамын. Қыста шаңғы тебуге, жазда жүгіруге болады. Өзім де мектепте оқығанда жүгіруге қатысып, нормативтің бірінші разрядын алғанмын. Сол уақытта мектеп алаңында жүгіретінбіз», дейді төраға.
Бұл шағын аудандағы мектепті салуға дайындық кестеге сәйкес жүріп жатқанымен, учаске арқылы кәріз желілері мен су құбыры өтеді. Бұл айтарлықтай қолайсыздық тудырып отыр. Басқарма төрағасы мердігер компанияға, «BI Global» ЖШС-ға, желілерді өз күшімен шығаруды ұйымдастыруды тапсырды.
Мәулен Айманбетов Қарағандыдағы «Гүлдер» шағын ауданында салынатын 300 орындық мектептің құрылыс алаңында да болды. Болашақ жайлы мектептің учаскесін тексеру кезінде «SK Construction» басшысы нысанның жоспарын қайта қарастыруды жүктеді.
Жаңа мектеп қазір жұмыс істеп тұрған білім ошағының жанына салынады. Сол себепті, «Стинк ТФК» ЖШС құрылыс компаниясы қаланың сәулет бөлімімен бірлесіп, қолданыстағы мектептің учаскесін кесіп, сыртқы спорт ғимараттарын стандарттарға сай етіп жасауы үшін қажет емес нысандарды алып тастауы қажет. Осы бойынша жұмыстарды да жеделдетуді жүктеді төраға.
«Жобалау кезінде міндетті түрде кіреберіс жолдардың болуын қамтамасыз етіңіздер. Жолдар мен көлік тұрағы жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен пысықтау қажет», деді Мәулен Айманбетов.
Сонымен қатар «SK Construction» басшысы 300 оқушыға шақталған Үштөбе ауылындағы жайлы мектептің құрылысына дайындықты жеделдетуді тапсырды. Төраға жұмыс кешігіп жатқанын, әлсіздігін атады. Мердігер компания «Астана Коктем С» ЖШС мектеп салынатын учаскені қоршаған. Бейнебақылау камераларын орнатқан. Алайда нысанды орналастыру жұмыстарын әлі бастамаған. Өйткені жауапты зертхана геологиялық іздестіру қорытындысын әлі күнге дейін бермеген. «SK Constuction» басшысы мәселені шұғыл түрде шешуді міндеттеді.
«Тиісті келісім жасап, жұмысты жеделдетуге рұқсат алыңыздар. Сіздер қазірдің өзінде кешігіп жатырсыздар», деп ескертті төраға.
Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін барлық жайлы мектеп жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»