Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі отандық 10 анимациялық студиямен бірге түркітілдес елдерге ортақ ежелгі аңыздарға негізделген қанатқақты анимациялық жобаның өндірісін бастады.
Жоба аясында Ахмет Ясауидің балалық шағы, Қожанасырдың тапқырлығы мен мифтік жаратылыстар туралы анимациялар түсіріледі. Анимациялық альманахқа кіретін туындылар сценариіне үш ай бұрын конкурс жарияланған болатын. Авторларға шығарманың көркемдік деңгейінің жоғары болуы мен өткен тарихты бүгінгі күнмен байланыстыра білуі басты талап ретінде қойылған. Конкурсқа түркітілдес елдердің ұлы тұлғалары, қасиетті жануарлары мен жер-су атаулары, түркітілдес елдердің ортақ мерекелері мен ұлттық ойын-сауықтары туралы аңыздар негізінде жазылған 26 студиядан 40 сценарий келіп түскен. Арнайы ұйымдастырылған байқау нәтижесінде «Үш Арыс», «Шырақ батыр мен бүркіт жайлы аңыз», «Лэйла. Түркі Патшайымының құпиясы», «Ашина – бірінші көктүрік», «Тұран», «Алтын көл», «Ахмет», «Қожанасыр және ұры», «Суындар» және «Жұмақ дегеніміз...» атты 10 анимациялық жоба қолдауға ие болды. Әр анимацияның хронометражы 5 минуттан асады.
– Өндіріске жіберілген пилоттық анимациялық жобалар жанр жағынан да, тақырып бойынша да бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланады. Бұл жоба түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қазақстандық студияларға жаңа нарықтарға шығып, көрермен аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл болашақта бауырлас елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасаудың алғашқы қадамы, – деді МСМ Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Күміс Сейітова.