• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Шілде, 2023

Электр қуаты тарифін қалыптастыратын қағидат

155 рет
көрсетілді

Электр энергетикасы – елдің тіршілігін қамтамасыз етудің, экономиканың қалыпты қызмет етуі мен дамуының негізі болып табылатын аса маңызды сала. Онсыз бірде-бір іс-әрекетті, қимыл-қозғалысты көзге елестету мүмкін емес. Елімізде соңғы уақытта аталған сала бойынша бірқатар күрделі реформалар мемлекеттік деңгейде қауырт қолға алынып, жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, барлық мүдделі мекеме-кәсіпорындарды, әсіресе қалың бұқараны қатты алаңдататын электр энергиясымен қамтамасыз ету, тарифтік саясат, тағы басқа да күлбілтелі мәселелер жөнінде кеңінен әңгімелеп беруді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевтан өтінген едік.

– Асан Көбентайұлы, алдымен комитеттің негізгі жұмыс қағидалары туралы айтып өтсеңіз?

– Жалпы, еліміздің электр энергетикасы электр энергиясын өндіру, электр энергиясын беру, энергия­мен қамтамасыз ету секторларын қамтиды.

Энергетика министрлігі энергия өн­діру­ші ұйымдардың қызметін рет­тей­ді, оның ішінде электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді және жаңартылған энергия көздерінің шекті тарифтерін бекітеді.

Өз кезегінде Ұлттық экономика ми­­нистр­лігі мемлекеттік жоспарлау, са­­лық, бюджет және кеден саясаты, таби­ғи монополиялар салаларындағы мем­лекеттік реттеу мен бақылау, заңнама талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау салаларында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, сондай-ақ жылу энергиясын өндіру, жылу және электр энергиясын беру және жылу және электр энергиясын беру жөніндегі қызметті тарифтік тұр­ғыда реттейді: электр энергиясын беруді және жеткізуді жүзеге асыратын кәсіп­орындар үшін тарифтерді бекітеді.

Табиғи монополияларды реттеу коми­теті қоғамдық маңызы бар нарық­тар­дағы табиғи монополиялар салаларына басшылықты жүзеге асыруды, сондай-ақ энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Рес­публикасы Заңының талаптарын сақ­тауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

– Кейінгі кезеңде көп сөз болып, іске асырылып жатқан «Тариф­ті ин­вес­ти­ция­ға айырбастау» бағ­дар­ла­масы бо­йынша түсінік берсеңіз...

 – Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­ке­лі қоғам» атты Қазақстан халқына Жол­д­ауында монополиялардың пайдасын шектеу және инфрақұрылымға ин­вес­тицияларды қамтамасыз ету қа­жеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақ­тау маңызды екенін атап өткен болатын. Өйткені елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-ы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Бұл дерек-дәйектер қосымша түсінікті қажет етпесе керек. Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру түрлі келеңсіздікке, тіпті апаттарға алып келеді, салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіре­ді. Сол себепті де монополиялық на­рықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу қажеттігі туындады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласына жаңа инвестициялар тарту үшін «Тарифті инвестицияға айыр­бас­тау» қағидатын енгізуге қатыс­ты қазіргі уақытта бірқатар іс-шара ат­қарылып жатыр, оның ішінде та­биғи монополиялар сала­сын­дағы қолда­ныстағы заңнамалық акті­лерге өзге­рістер енгізіледі. Осы «Тарифті инвес­тицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясат шеңберінде 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының За­ңы­на өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды, онда бірқатар жаңалық бел­гі­ленді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшы­сы­ның коммуналдық қызметтер секторы­ның ин­вестициялық тартымдылығын жақ­сар­ту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бо­йынша жұмыстар қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Бұл бағдарлама қар­жы­лан­дырудың жаңа тетіктері (мен­шікті қаражат, бюджеттік кре­дит­­теу немесе субсидиялау, халық­аралық қа­рыз­дар және т.б.) есебінен инже­нер­лік инфра­­құрылымдардың тозу деңгейін тө­мендетуді көздейді. Осыған байланыс­ты біз, табиғи монополиялар сала­сын­дағы уәкілетті орган ретінде, бүгінгі күні тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу жолымен осы тапсырманы іске асыру әдістерін әзірледік. Ол бойынша бір нұсқа-жүктемені бірнеше жылға, яғни 2030 жылға дейін соңғы тарифтерге бөлу арқылы инвес­тиция көлемін бөлу және нәтижесінде тозу деңгейін барынша төмендету жоспарланып отыр.

– Енді осы өміршең бағдарламаны цифрлар тілінде сөйлетіп көрсек?

– «Тарифті инвестицияларға айыр­бастау» бағдарламасын іске асыру, оған сәйкес 61,9 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін 2023-2029 жылдарға шамамен 3 трлн. теңге тарту көзделіп отыр. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтқанымыздай, аталған әрекеттерді заңнамалық деңгейде бекіту үшін «Табиғи монополиялар туралы» заңның 22-бабына тиісті өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:

Біріншісі – коммуналдық қызметтер сала­сындағы қызметкерлердің жала­қы­сын арттыру. Орташа салалық көрсет­кіш­ке дейін жалақыны көтеру және кадр­лар­дың тұрақтамауын төмендету үшін 200 мыңға жуық қызметкердің табысын ұлғайту жоспарланып отыр.

Екіншісі – иесіз желілерді кезең-ке­зеңімен беру. Осылайша, 25 мың ша­­қы­рымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммунал­дық меншікке өтуге тиіс.

Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіп­орындардың иесіз желілерді ұстау­ға және пайдалануға жұмсаған шығын­да­рының орнын толтыруға жол ашады, бұл тұтынушылардың қамтылуын арттырады және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты, салалық мемле­кет­тік органдар және табиғи монопо­лия­лар субъектілерінен тарифтер мен ин­вес­­тициялық бағдарламаларды өзгер­ту­ге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын өсіру, қараусыз жатқан желілерді қарау және т.б.), нақтылы құжаттармен дәйектелген көптеген өтінімдер келіп түсті.

Аталған шаралар апаттар мен өшіру­лер­ді азайту, шығындарды азайту және реттелетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін жақсарту мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ха­лықтың мұқтаж топтарына әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады.

– Электр энергиясына тарифтердің өзгеруі, өсуі – баршаны алаңдатып отырған мәселе. Бұл шара қандай мән-жайларға негізделіп іске асырылады?

– Тарифтердің теңгерімді өзгеруі бірқатар факторды біріктіру жолымен жүргізілетінін атап өткен жөн.

(Сұрақтың әрі қарайғы жауабы инфографика арқылы беріліп отыр).

Осы орайда Қызылорда, Пав­ло­дар, Ақмола және Солтүстік Қазақ­стан облыстарында электр энергиясымен жабдықтау қызметіне тарифтердің көте­ріл­уі күтіледі.

Осылайша, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде және қосымша факторларды ескере отырып электрмен жабдықтау қызметтері бойынша халық үшін орташа чек 800 теңге шегінде ұлғаяды.

Айта кету керек, электр энергиясына тарифтердің өсуіне қатысты жүктеме тек қана халық үшін емес, тұтынушылар топтары бойынша тұтынушылардың сараланған тарифтерді қолдануы кезінде заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйым­дар­дың тарифтеріне де жүктеледі.

– Еліміздегі тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық инфра­­құ­ры­лымы­ның жағдайын жақ­сарту, жа­ңар­ту бо­йынша қандай іс-шаралар атқа­рылып жатыр?

– Қазіргі уақытта  Мемлекет басшы­сы­ның 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан хал­қына Жолдауында айтылған тапсыр­ма­сын орындау шеңберінде ҰЭМ табиғи монополиялар субъектілерінің ин­­­вес­тицияларды қосымша тартуды көз­дей­тін жаңа тарифтік саясатқа көшу­ді қам­тамасыз ету бойынша жұмыс жүр­гі­зеді.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау шеңберінде салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру жолымен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша да жұмыс жүргізілуде. Жалпы, электр энергиясын беру саласында 146 табиғи монополия субъектісінің (ТМС) қызметі жүзеге асырылады. Сонымен қатар ұзақмерзімді тарифтер бойынша 45 ТМС (инвестициялық міндеттемелері бар) жұмыс істейді, оның ішінде 41 ТМС халыққа қызмет көрсетеді.

Бүгінгі таңда ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері қосымша инвестициялар тар­ту бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асы­руды ескере отырып, инвестициялық бағ­дарламаларды өзгерту бойынша тозу деңгейі жоғары электр энергиясын беру жөнінде 17 табиғи монополия субъек­ті­лері (келіп түскен 17 өтінімнің ішінен) бойынша шешім қабылдады.

Электр энергиясын беру саласында желілердің жалпы ұзындығы шамамен 300 мың км құрайды, бекітілген ин­вес­тицияның сомасы – 2023 жылға 75 млрд теңге. Қаржы көздерін жабдық­тар­ды жаң­ғыртуға және желілерді қайта жа­ңар­туға бағыттау жоспарланып отыр (2 164 км).

Тозуды 1%-ға төмендету үшін (806 км желіні қайта жаңарту және 6 281 дана жабдық сатып алу) 2023 жылға бекітілген қосымша инвестицияның көлемі 16,2 млрд теңгені құрайды (3 млрд теңге – бюджет қаражаты, 13 млрд теңге – тариф есебінен, өзге де қызмет – 200 млн теңге).

– Электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің кадрлық әлеуетін дамыту және әлеуметтік қорғау мәселесі қалай шешіледі?

– 2022 жылғы 30 желтоқсанда уәкі­лет­ті орган бекіткен тарифті өзгерту негіздерін толықтыру бөлігінде «Табиғи моно­полиялар туралы» заңға өзге­ріс­тер енгізілді. Мәселен, мемлекеттік жос­пар­лау жүйесінің құжаттарын іске асы­руға байланысты бекітілген инвес­ти­циялық бағдарлама өзгертіледі. Өңірдегі экономикалық қызмет түр­лері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы өзгереді.

ТМС реттеліп көрсетілетін қызмет­те­рін ұсыну кезінде технологиялық цикл­де пайдаланылатын иесіз желілер мен мүлікті теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға қабылдау қарастырылады.

Аталған нормаларды іске асыру үшін «Тарифтерді қалыптастыру қағи­да­ларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қара­ша­дағы №90 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 17 наурыздағы №35 бұй­рығы әзірленді және бекітілді. Соған сәйкес бүгінгі жағ­дайда жабдықтар мен желі­лерді жаң­ғырту, кәсіпорындарда инновациялық шешімдерді енгізуді ынта­ландыру, сон­дай-ақ ТМС қызмет­керлерінің жалақы­сын арттыру есебінен салаға білікті ма­ман­дарды тарту арқылы көрсе­тілетін қыз­мет­тердің сапасына баса назар аударылады.

Ел бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының ағым­дағы жай-күйі қазақстандықтарды жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңартуды талап етеді. Сонымен қатар салада жала­қы­сы жылдар бойы өспеген білікті маман­дар­дың кетуі байқалады. Қазір­гі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылық қызметкерлерінің орташа жала­қы­сы 135 мың теңгені құрайды. Бұл орташа салалық деңгейден екі есе төмен. Ал ең төменгі жалақы 80 мың теңге.

Жалақыны орташа салалық көрсеткіш деңгейіне дейін арттыру табиғи монопо­лиялар саласының 200 мыңнан астам қыз­меткеріне әсер етеді және кадрлардың айналымын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ТМС қызметінің тиімділігін арттыратынын ерекше айта кету керек.

Бұл ретте, тарифтік сметаларда бекі­тілген өндірістік персоналдың орташа жалақысы мен 2021 жылғы статистика бойынша орташа салалық жалақы ара­сындағы алшақтық 10%-дан 86%-ға дейін өзгереді. Сөйтіп тарифтегі жала­қының үлесі 15-30%-ды құрайтын болады.

Қорыта келгенде, қазіргі уақытта таяу кезеңдегі басты, басым міндет – инвестиция көлемін ұлғайту жолымен желілердің тозу деңгейін төмендету және ТМС қызметкерлерінің жалақысын арттыру. Барлық іс-шара өңірлердің, жергілікті орындардың өзін­дік факторлары мен ерекшеліктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

 

Әңгімелескен

Жомарт ОСПАН,

«Egemen Qazaqstan»