Қазақ елінің еркіндігін, бостандығын көксеп, саяси-қуғын сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының ұрпақтары да зорлық-зомбылық пен қуғыннан көз ашпағаны белгілі. Соның бірі түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған Мұстафа Шоқайдың туған жиені 76 жастағы Серікбай Шермахан ақсақал Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында тұрады. Асылдың сынығымен аз-кем сұхбаттастық.
– Халқымызда «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» дейтін қанатты сөз бар. Түркі жұртының басын біріктіруді мақсат еткен, есімі төрткүл дүниеге мәлім Мұстафа Шоқайдың жиені болу сіз үшін зор мақтаныш шығар. Әңгімеңізді отбасы тархынан тарқатсаңыз.
– Мұстафа Шоқай атамыз Сыр бойындағы Наршоқы деген жерде дүниеге келген. Шашты Қыпшақтан шыққан Торғай датқа (осы күнгі әкім) Сырдария болысын басқарған, көзіқарақты кісі болса, әкесі Шоқай ортасына сыйлы би болған. Торғай датқадан Шоқай, Әліш, Қалымбет, Мырзеке, Оспан тарайды. Ал Шоқайдан Сыздық, Мұстафа, Нұртаза. Шоқайдың ұлы Сыздықтан Ерғали, Мүсілім деген балалары болған. Екеуі де соғыстан оралмапты. Менің шешем ылғи да: «Мүсілім ақынжанды, өте зерек еді. Алғаш фин соғысына қатысып, аман-есен қайтқан. Екінші рет кеткенінде «Мен енді қайтпайтын шығармын» деп, көңілі босапты. Сөйтсе, бірінші соғысқа бара жатқанында әкесі түсіне кіріп, бір күлше нан берсе, екінші рет аттанарда түсіне кірген әкесі жарты күлше нан берген екен. Соны сезсе керек, соғыстан қайтпады», деп айтып отыратын. Сыздықтың екінші ұлы Ерғалидің немерелері Еркін мен Раиса қазір Қызылорда облысының Шиелі ауданы Мұстафа Шоқай ауылында тұрады.
Мұстафа Шоқай өзінің өмірлік жары Мария Яковлевна Горинамен некелескен, бірақ орталарында бала жоқ. Одан кейін Нұртаза мен Зүлфиядан Мәдина, Мадияр, Намила тарайды. Бұл кісілердің барлығы да діндар адамдар болғандығын есімдерінен аңғаруға болады. Анамыз Мәдина 9 баланы дүниеге әкелсе, бауыры Мадияр 10 балалы болған. Ал нағашы атамыздың кенже қызы Намила 90-нан асқан шағында жуырда өмірден өтті. Ол кісіден 1 ұл, 2 қыз қалды.
– Тоғыз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ анаңыздан талай әңгімеге қаныққан боларсыз. Ел естімеген оқиғалар да бар шығар, есіңізде қалғанын айта отырсаңыз.
– Нұртазаның тұғыш қызы Мәдина дүниеге келгенде танымайтын бір адам алтындалған 6 қасық әкеп беріпті. Бұл жаңа туған нәрестеге сый ретінде берілетін орыстардың салты болса керек. Оны Парижден Мұстафаның әйелі Мария Яковлевна жіберген екен. Өзі шетелде, шетжерде жүрсе де, бауырларының хабарын алып, қуанышын бөліскені ғой. Қиын-қыстау шақта Нұртазаның отбасы сол алтындалған қасықтың пайдасын көреді.
Мұстафа қуғында жүргеннен соң бауыры да зиян шегер деген оймен сақтандыру үшін Қоқан қаласынан өзбектер кеп, Нұртазаға «Сендерді большевиктер құртады, Қоқанға көшіңдер», деп шақырады. «Ешкімге жаманшылық жасаған жоқпыз, бізге кім тиісер», деп көшпеген, бірақ қайда бару керегін сұрастырып қалады. Сөйтіп, жүргенде репрессияның жалыны бүкіл қазақ даласын шарпып, күшейе түседі. Бастарына қауіп-қатер төнген тұста Қоқанды бетке алады. Әжемнің айтуынша, мекенжайды дұрыс жазбаған ба, адасса керек. Балалар ашығып, қиналады. Өзбекстанның бір қалашығына барған Нұртаза қалтасындағы алтын жалатылған бір қасықты бір күлше нанға айырбастап, қара сумен әлденгендерін айтып отыратын еді. Сөйтіп, Қоқанда жаман өмір сүрмесе керек. Әйтсе де балалар өсіп, мектепке барар жасқа жетіп қалғандықтан, «Балаларым өзбек болып кетер ме екен?» деген күмәнді ой мазалайды.
1934 жылы кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілі болған Сұлтанбек Қожанов «Мұстафаның туған інісі Өзбекстанда жүр екен» дегенді естиді де, біреулер арқылы 1937 жылдары елге алдырады. Жұмыс береді. Елмен қауышқан Нұртаза «заготовитель» болып біраз уақыт жұмыс істейді. Алайда қуаныш ұзаққа бармайды. Оны бір түнде ұстап әкетеді. Ол жайлы әжем: «Нұртазаны алып кетуге милиция келді, қайда, не үшін екенін айтпайды. Үрпиісіп қалдық. Жолда талғажау болсын деп үйде бар азын-аулақ азықтан салып берсем, «Мені өзбек пен қазақтың арасында қайда апарар дейсің, ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Балалардың аузынан жырып қайтесің, одан да солар жесін деп алмай кетті», дейтін. Нағашы атамыз сол кеткеннен оралмаған, атылып кеткенін кейін ғана білдік қой. Шешем әкесінің түр-сипатын есінде сақтап қалған.
– Саяси қуғын-сүргін ұрпақтарына жасалған қысастықтан Мәдина Нұртазақызы да қашып құтылмаған болар. Екі көздің бірін жауға айналдырып, сатқындыққа итермелеу қызыл империяның басты құралына айналды емес пе?
– Содан қорыққан шешем күйеуінің тегіне Мәдина Омарова боп жазылады. Мадиярды «халық жауының» тұқымы деп институттан шығарып жіберген. Менің шешем өте зерек, білімдар болған. «Тұқымдағы жалғыз ер баласың» деп бауыры Мадиярдың оқуына барынша жәрдемдескен. Мұғалімдік жұмысқа да алмай, «пионер вожатыйлыққа» орналастырады.
Соғыс аяқталған соң 1946-1947 жылдары қайта репрессия басталады ғой. Содан менің әкем бұрынғы Шымкент облысының Жетісай ауданына көш түзейді. Біз тұрған Прогресс деп аталатын ұжымшарда кілең кәрістер тұратын. Ол жерде рушылдық жоқ, ешкім тергеп, тексермейтін болғандықтан, әкем сонда қарапайым колхозшы боп жұмысқа тұрады. Артынан Нұртазаның баласы Мадиярды отбасымен алдырып, жұмысқа орналастырады. Ол кезде мұғалім тапшы. Сталин қайтыс болған соң Мадияр Нұртазаұлы Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай жалғастырады. Республикалық басылымдарға мақалалары жарық көріп, жазушы Сейдахмет Бердіқұловтан алғыс алған кездері болған.
Атамыздың кенже қызы Намила – 40 жыл «партбилетсіз» мектеп директоры болған адам. Партияның билетінсіз ол кезде қызметке орналасу мүмкін болмаған.
– Сонда қалай мектеп директоры болған?
– Ол жылдары әйелдерді қызметке алу, ерлермен теңестіру науқаны жүрді, қазіргі гендерлік саясат сыңайлы. Оған қоса орыс, қазақ мектептеріне мұғалімдікке адам табылмайды. Келес ауданының Келес кеңшары Ғылым академиясына қарайтын. Сол себепті Намила Нұртазақызын орыс-қазақ мектебіне директор етіп жібереді. Партия қатарына қабылдануға арыз жазуын сұрайды, бірінші жылы жазбайды. Екінші жылы жазғанда тексеріп, үлкен мектептің директорлығынан алып, кішігірім мектепке жібереді. Сөйтіп, Мақташы бөлімшесіндегі қазақ мектебінде 40 жылдан астам директор болады. Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқайдың жолымен» деген деректі фильмі бар. «Партбилетсіз қалай директор болдыңыз, кім жәрдемдесті?», дегенде, «Жездем жәрдемдесті» дейді ғой. Ол кісі – менің әкем.
Намила апамыз өте намысшыл адам еді. Мақтаны тергеннен кейін оны тасжолға төсеп, кептіреді. Бірде ауылға келген аудандық партия хатшысы жолды айналып өтпей, әлгі мақтаның үстімен жүрген көрінеді. Содан парткомның машинасын бір-ақ ұрып, тұра ұмтылады. Басшының қылығына күйіп кеткен әкем «Осы мақтаның арқасында шалқайып жүрсің», деген екен. Жай ғана жұмысшы болса да, қара халықтың еңбегін таптаған бюрократқа қарсылық білдіріп, кеудесінде намысы бұрқылдап жатқанын көрсетеді.
Ұжымшар басқармасындағылардың бәрі корей, тек қана парторг пен ауылдық кеңестің орны ғана қазаққа бұйырған. Бір күні малдың ақырынан шыққан жаман шөпті қазақтың қариясы қоржынына салып, үйіне әкетпек болған ғой. Оны байқаған корей бастықтың құйыршықтары қартқа жұдырық жұмсаған. Соның үстінен түскен әкем әлгінің әбден жазасын берген көрінеді. Сөйтіп, ұжымшар бастығына өзі барып «Сотқа берсең бер, мен қазақтың ақ самайлы қариясын қорлатып қойып, қарап тұра алмаймын», деген екен. Сондай өткір мінезді, намысшыл адам болған. Қызылордада талонмен нанның кезегінде тұрғандарды басынып, баса-көктеп кіретін өзге ұлттың өкілдерін орнына қойып, тәртіпке бағындырғандығын аңыз қылып айтатын.
Шешем де өте намысшыл болған. Қоқаннан келгенде Мәдина мен Мадиярды тұрғызып қойып, «Халық жауының тұқымы бұлар, Мұстафаның хаты бар ма екен, қараңдар», деп қорлайтын кездер болған екен. Ондайда кішкене жастағы Мадияр жылап қалатынын айтады. Сонда шешем намыстанып, бауырына «Жылама, бұларға көзіңнің бір түйір жасын көрсетуші болма», деп қайрайтын көрінеді. Ол кезде бала болған. Сөйтіп жүріп ержетіп, жетіледі. Ауылдық кеңес төрағасының қызметі өсіп кеткен соң, орнына анамды қоймаққа тырысады. Айналасындағы жора-жолдастары мен ауыл азаматтары үгіттейді. Бірақ одан бас тартады. Себебі қызметке кірсе, түп-тамыры түгел тексеріліп, соңындағы бауыры Мадияр зардап шегетінін сезеді. «Қыз – жанашыр» деген. «Мені күйеуім асырайды, ал Мадиярды кім асырайды?» деген ой келеді. Анам сондай алыстан болжайтын, көреген адам еді. «Бидің қызы» атанған анамның әділдігі мен турашылдығын, намысшылыдығын білген жұрт жолын қиып өтпейтін болған.
– Әкенің өшпес өсиетін, ананың асыл қасиетін бойға дарытып өскен ұрпақтың да осал болуға қақысы жоқ шығар. Жалпы, данагөй халқымыз «үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деп жатады.
– Орта мектептен кейін Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтына оқуға түсіп, оны 1973 жылы тәмамдаған соң жолдамамен «Алматы ет комбинатында» мал дәрігерлік қызметте істедім. Мәскеуге бағынатын «Главриссовхозстрой» деген мекемеге аға мал дәрігері, кейін аға зоотехник болып қызмет атқардым. Ол мекеме ирригациямен айналысатын. Қызмет атқарып жүрген жылдары маған да партияға өтуді ұсынды, бірақ мен арыз жазбадым. Тексере келе ілік тауып, партияға қабылдамайтынын сездім. Сөйтіп, репрессияның зардабы саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғанға дейін созылды.
Нағашы атамыз Мұстафа Шоқайдың көрегендігін, қайраткерлігін, мемлекетшілдігін әлем таныды. Тарихи тұлғаның ұрпағы атану зор жауапкершілік жүктейді. Бір өкініштісі, өзінің кіндік қаны тамған қазақ жерінде әлі дұрыс бағасын алмай, еленбей келе жатқаны жанымызға батады. Қасиетті Құран кітапта: «Бір адамды өлімнен құтқарсаң, адамзатты құтқарғанмен тең» делінген. Ал Мұстафа атамыз 180 мыңнан астам түрік баласын құтқарды. Оның фашистермен келісімге келмеуінің соңы белгісіз жағдайда ажал құштырды. 1941 жылдың желтоқсанында Берлинде қаза тапты.
Мұстафа Шоқай – көп тілді меңгерген, саяси тұлға. Оның еңбектерін жоғары бағалаған француздар өзі бірнеше жыл өмір сүрген Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында мемориалдық тақта қойып, мүсінін орнатты. Түркі әлемінің, халқымыздың бейбіт келешегі, еркін ел атануы жолында басын бәйгеге тіккен атамыздың аруағы үшін Жетісайдың Ленин мектебіне атын бергіздік, кейін Шиеліде Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына орай ескерткіш қойылды. Алайда Қызылорда қаласындағы мектептің алдындағы бюсті қазір алынып тасталған. Орын таппаған сол ескерткіші немересі Еркіннің үйінде тұр. Міне, біздегі тарихи тұлғаға көрсетілген құрмет қандай...
– Қонаев қаласының тұрғыны ретінде облыс орталығының келешегін қалай елестетесіз?
– Мұнда көшіп келгеніме 15 жылға жуықтады. Былтыр қалаға Президент Жарлығымен Қонаевтың аты беріліп, облыс орталығы болып бекігенде тіптен қуандық. Келешектен үміт үзбеген халықпыз ғой. Бас жоспар бойынша көптеген тұрғын үйлер мен жаңа нысандар, академиялық қалашық бой көтермек. Яғни халық саны артып, қала гүлденіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалы да жақсара түсеріне сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы