• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Тамыз, 2023

Алматыдағы өрт: тұрғындарды құтқарған азаматтар оқиғаның мән-жайын айтты

209 рет
көрсетілді

Өрт енді басталғанда Ақкент тұрғындары Ерік Төкенұлы мен Дәулетқали Нұрлан төрт досымен сол маңда сыртта тұрған. Олар өрт сөндірушілер келгенге дейін, одан кейін де құтқару жұмысына басынан аяғына дейін қатысыпты. Кілем тауып әкеліп жүрген де солар екен, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Есік алдында төрт досыммен тұрған едік. Ақырындап алдымен түтін шыға бастады. Ешкім жоқ ол кезде. Алдымен бірнеше баланы, қызды алып шықтым. Одан кейін түтін қоюланып кетті. Жоғары қабаттан жаймаларды бір-біріне байлап, тағы бір баланы түсірдім. Төменде жігіттер оны қағып алды. 15-20 минутта 4 рет осылай көтеріліп шықтым. Одан кейін бізді ғимаратқа жолатпай қойды», деді Дәулетқали Нұрланұлы.

Дәулетқали осы кезде бірінші қабаттағы пәтердің бірінің терезесінен кілем, матрасты көргенін айтты.

«Терезені сындырдық та оларды алып шықтық. Олармен кем дегенде 7-8 адамды тосып алдық», дейді. 

Сондай-ақ Ерік Төкенұлы есінен танып қалған үлкен кісіге жасанды жолмен дем беріп, алғашқы медициналық көмек көрсеткенін айтты.

«Бір кезде есін жинады, жедел жәрдем көлігіне салып жібердік. Бір әйел 6-қабаттан екі баласын лақтырды. Матраспен тосып алдық. Одан кейін өзі және әпкесі секірді. Сол кезде өзі есінен танып қалды. Оған да дем беріп, есін жидырдық», дейді Ерік Төкенұлы.