• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Тамыз, 2023

Халқына жақын тұлға еді

902 рет
көрсетілді

Қазақта біртуар деген сөз бар. Дана халқымыз оны ғасырда өмірге бір-ақ рет келетін ұл-қыздарына теліген. Осындай қазағымның өнердегі маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі – бармағынан күй саулаған, дәулескер күйші, композитор, қысқасы, бір басына Жаратушы өнерді үйіп-төгіп бере салған марқұм Нұрағаң виртуоз, күй мэтрі Нұрғиса Тілендиев ағамыз болатын.

Әр аптаның сейсенбі күндері «Шалқар» радиосынан талантты журналист Жанар Оразымбетованың «Дарабоз» хабары эфирден тұрақты беріліп тұрады. Сондай біз тыңдаған хабардың бірі жоғарыда тілімізге тиек еткен Нұрғиса Атабайұлына арналған екен.

Нұрағаңды еске алғанда мына бір жайдың ойға оралып отырғаны. Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяқ кезінде, қоңыр күздің жай­машуақ күндерінің бірінде Оңтүстіктің шалғайда жатқан Созақ ауданына Нұрағаңның басқаруындағы атақты «Отырар сазы» оркестрі гастрольдік сапармен келді. Сол кездегі ауданға қарасты 10 кеңшарды түгелдей аралап, концерт қойған өнер ұжымы ең соңғы күні аудан ор­талығы – Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайын­да Теріскей өңірінің тұрғындарымен жүздесіп, өнерлерін паш етті.

«Ел іші – өнер кеніші» деген. Кезінде «Созаққа барсаң – күйшімін деме» деген сөз Мұқаңнан (М.Әуезовті айтады) қалған. Осы өлкеден шертпе күйдің шебері Сүгір Әлиұлы шыққан. Бүгін, міне, сондай ұлы күйші, жерлестеріңіз Төлеген Момбеков ағамыз орталарыңызда отыр», деген Нұрағаң сахнадан түсіп Төкеңнің қолын алып, құшағына басты.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Мына көрініске тебіренбеген адам қалмай, 650 орындық залдағы жұртшылық дүркірете қол соқты. Сол күні Нұрағаңның дирижерлігімен ұлттық оркестрдің орындауындағы «Ата толғауы», «Әлқисса», «Аққу», т.б. күйлері тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, ерекше әсерге бөледі.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы