Жазушы Ерболат Әбікенұлының әңгімелерін оқып отырып, еріксіз Чехов есіңе түседі. Кейіпкерлері де шебер Чеховтың кейіпкерлеріндей қоңыр дүниеде қоңыр тіршілігін кешіп жүрген кішкентай адамдар. Олар кейде сезімтал, кейде аңғал, енді бір сәтте дөп-дөкей шенеунікке айнала жөнеледі.
Сол Чехов айтқан қысқалық концепциясын автор да өз шығармашылығымен үндестіре білді. Сөзімізге дәлел – Ерболат Әбікенұлының соңғы шыққан «Желтоқсан ызғары» атты жинағы болып отыр.
Пышақтың қырындай ғана кітапты қолға алғанда сұраулы ойға батасың: таланттың өлшемі қалыңдығы бір қарыс жинақ болмаушы ма еді?! Ол кезде кітап мазмұнындағы он сегіз әңгіменің атымен ғана таныс едік. Кейін білдік: жинақта көңіл пернесінің қылын шертіп, бірден жүрекке барып қонақтайтын орамды ой бар екен. Қаузаған тақырыбы жеті атан түйеге жүк болады. Автордың шығармашылық аудиториясы – қала. Қала қазағының психологиясын кейіпкер бейнесіне боямасыз береді. Мұны «Көтеу» әңгімесіндегі Алмас, «Кіші ғылыми қызметкердегі» Дерттібек, «Дамбал» шығармасындағы Жыртыңгүл, «Ит» әңгімесіндегі Ғабит образынан анық байқаймыз. Тақырып аясы қазіргі қоғамның күрмеулі мәселелерімен ұштасып жатыр: қаладағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы, жұмыссыздық, қазақы саясат, парақорлық және ер мен әйелдің заманауи келбеті. Жанр таңдау жағынан да қателеспеген – әлеуметтік сатира. Заман шындығының суретін сөзбен салуда юмор, сарказм мен иронияны негізгі авторлық әдіс етіп алғандай. «Кәдімгі ет пен теріден жаралған министр. Адамнан аумайды» дейді аты-шулы «Министр» әңгімесінде. Оқырманды жай ғана бір жымитып, мақтамен бауыздап отыр. Кейіптеуі, сөз қолданысы, айшықты тіркестері өзгеше. Әсіресе «Ең соңғы шылымын» парақтағанда еріксіз куә боласың: «Жалаңаш аспанның шақылдаған жалғыз көзін қызыл перде бүркеуге жақын». «Үстінде күн шатыр». Оқиғаны баяндау тәсіліне қарасақ, автор бойынан теориялық дағдының сәл-пәл сарқыншағын байқаймыз. Бұл шешімімізге әңгімелеріндегі көркемдегіш құралдары дәлел: соның ішінде деталь (дамбал, ит), жалғыздық, жатсыну, қарсылық («Желтоқсан ызғарындағы» Азат бейнесі), конфликт, әңгіме ішіндегі әңгіме көп кездеседі. Осы ретте сыншылардың қазіргі толқын жайында «Жазушылардың жастанып оқитын дүние жаза алмай жүргені теориялық білімінің жоқтығынан болар» деген екіұдай пікірін ескерсек, мына кітаптың жазушысына ішіміз жылығандай. Әлқисса... «Желтоқсан ызғары» әңгімесінен айшықты (орнаментальды) прозаның кей элементтерін жолықтырғандай болдық: «Бұл түнде жағылған әрбір шырақ біз үшін еді. Бұл түнде айтылған әрбір ән, жайнаған әр жұлдыз біз үшін еді. Соғылған шапалақ, әлемнің шаттығы бұл түні біз үшін еді». Қаламгер шығарма барысында сандарды дәл әрі жиі қолданады. Сюжет ойнататынын да байқадық. Мәселен, «Дамбал» әңгімесінде деталь («қызыл дамбал») арқылы сюжет ойнатып, бұқаралық ақпарат өкілдерінің қазіргі ахуалы мен өзгенің қаңсығын таңсық қылған қазақ психологиясын көрсетеді. Осы шығармада әсірелеу көркемдегіш құралы сәтті қолданылған. «Ал күйеуі: ұрыны бар ғой жерге кірсе шашынан суырып алам, көкке шықса сирағынан тартып түсірем. Тозаққа кірсе де, тауып алам. Сосын терісін сыпырып, тұзды суға шомылдырып, қаптаған халықтың алдында, шыңғырған құлындай шипақтатам». Нақ бір батырлар жырына еніп кеткендей күй кешесің. Аталған шығарма желісі асқан әсірелеуге құрылса да көкейімізде «болашақты болжаған әңгіме» деген сұмдық ой қалдырды. Ал «Ит» әңгімесі психологиялық паралелизмнің ерекше көрінісіне ие. Біз мұны үштік тұлғасында былай тарқаттық: Сәбиттің анасының көзінің көрмеуі мен иттің көрмейтін көзі және автор жасырған штрих полковник Ғабиттің көзіне шел толып, мейірім атаулыны көрмей қалуы.
Автордың өз стилі бар: кейіпкер есімін шығарма ортасында не диалог арасында береді. Әңгімелерінің көбі монолог пен диалогтан тұрады. «Елу теңгедегі» ағасының інілері жайлы айтқан мына бір монологі қазіргі қоғамның қоңырауын соққандай: «Өздері ұлтты шексіз сүйеді. Айтатын әңгімелерінің барлығы ұлттың тағдыры, істейтін істерінің барлығы ұлттың қамы. Ондайлар – мына қоғамның жауы ғой! Ұлтсызданғандарын әкелу керек еді. Құлқыннан басқаны ойламайтындарын әкелу керек еді. Оһ, олар байитын еді. Өсетін еді». Қаламгер осы әңгімесінде қала мен ауылдың рухани айырмашылығын дөп басып, оқырманға қанын тамыза жеткізеді. Кешегі Оралхан Бөкей мен Тынымбай Нұрмағанбетовтің шығармашылығында кездесетін «Айқай» сарынын қолымыздағы әңгімелер жинағынан кезіктірдік. «Желтоқсан ызғарындағы» бас кейіпкердің (Азаттың) күллі қазаққа арнап айтқан сөзі автордың айқайы ғана емес, нақ қазіргі уланған қоғамның жанайқайы іспетті: «Аштық деп атамды әкеттіңдер. Соғыс деп әкемді әкеттіңдер! Ол аз болғандай «Желтоқсан» деп әйелімді әкеттіңдер. Мені мүгедек еттіңдер! Иттің балалары деп бар дауысымен айғай салды».
Иә, автор қысқа жазады. Оқиға желісі де оқырманды жалығуға жеткізбейді. Бір оқырлық. Төртбұрышты фигураны алар болсақ, жазушы соның тек бір жағын ғана әңгімелейді. Мысалы, «Кіші ғылыми қызметкер» әңгімесінде қарапайым қазақ образын соншалықты көнбіс көрсеткен. Оқырманға әсерлі болуы үшін әсірелеудің белгілерін пайдаланған. Ал «Ақын» шығармасындағы жер дауына байланысты бір үзік ойдың ұшығын Мұхтар Мағауиннің «Ұлтаралық жанжалынан» да байқаймыз. Кейіпкер келбетіне келер болсақ, «Күйеуінен қорықпайтын әйелдегі» Жаңбырбай мен «Дамбал» әңгімесіндегі Шакрабоши образының ұқсас екені аңдалады. Ал оқиғалардың ауруханада өтуі не ауруға қатысты яки автобуста орын алуы автордың шығармашылық зертханасында жиі қайталанады. Кейіпкерлері тым ақымақ, тым қарапайым. Лирикалық кейіпкері көп, ірі кейіпкері жоқ. Бір әңгіменің жүгін екі-үш кейіпкер ауырсынбай-ақ алып шығады. Кейіпкерге есім қоюда шеберлік, не бір астарлы философия жоқ. «Біздің геройымыз» деп еш қиындықсыз әңгімесін жалғастырып кете береді. Немесе «Тойханадан екеу шықты. Екеу дегенім ербеңдеген екі тірі адам» деп, жазу мәнері мен қалыбын сақтай отырып баяндайды. Жай сылдыр баяндау емес, кейіптеп, образды баяндау. Бұл да бір шеберлік болар деп түйдік. Кітаптың әлқиссасы «Қасірет» әңгімесіне қатысты жылт еткен ойымызды жасыра алмадық. Қазақ әйелінің шарасыздығын көрсеткен оқиға соңы мезгілсіз аяқталғандай.
Айта кетейік, бұл автор бүгінде жазудан жырақ. Жеке кәсіпкерлікке кетіп, жазу үстеліне отырмағанына көп болды. Тереңдеп қарасақ, мұның өзі трагедия. Қоғамдағы әдебиеттің ахуалы, деңгейі, бағасы қандай екені санамызды түпсіз шыңырауға сүйрейді. Дегенмен қайда жүрсе де суреткердің жаны, көзі жазушы емес пе – Ерболат Әбікенұлы да өмірдің түрлі қиырларынан кейіпкер іздеп жүрген болар.