• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Тамыз, 2023

Қазақтың жезкиігі атанған Кәкімбек Салықовқа бір көше неге бұйырмай тұр?

1536 рет
көрсетілді

Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтын тәмамдағаннан кейінгі еңбек жолын Жезқазған жеріндегі «Покро» шахтасында бастаған Кәкімбек Салықов нақ осы өңірде тұлға болып қалыптасты. Шахтада басшы болды, кейін басшылық қызметке ауысты. Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүргенде КОКП ОК-ға инспектор болып қызмет ауыстырып, кейін Қарақалпақ обкомының бірінші хатшылығына сайланды.

Кәкімбек Салықов мемлекет және қоғам қайраткері болумен қатар ақын, композитор еді. Ол халқын, елін, Ота­нын жырлаудан жалықпады. Әсіресе Жез­қазғанды, оның адамдарын жырға қоспаған кезі жоқ. Кә­кеңнің «Жезкиігі» күллі қазақтың жүрегіне жақын әнге айналды. Ол Жезқазған – Ұлытау өңірі хал­қының мақтан тұтатын айдарлы аза­маттарының бірі еді.

2021 жылы Сәтбаев қаласын­дағы Ақсақалдар алқасы Кәкімбек Са­лы­қов­тың есімін мәңгі есте қалдыру мақ­сатында қандай құрмет көрсету жө­нін­де бас қосып, ақылдасты. Қалада жаңа­дан салынып жатқан Оқушылар сарайы­на есімін беру туралы ұсыныс та болды. Бірақ ақсақалдар ақылдаса келе қаладағы П.Шаталюк көше­сін Кәкімбек Салықов көшесі деп атау орынды дегенге тоқайласты. Мұның да жөні жоқ емес-ті. Өйт­кені К.Салықов кезінде Жез­қаз­ған кентінде тұрған бо­ла­тын. Ал кейінгі жылдары бұл кент­­тің тұрғындары толық­тай кө­ші­ріліп, солардың басым көп­­шілігі П.Шаталюк көше­сіне қо­ныстанған еді. Және бір жағынан П.Шаталюк уақы­тында «стахановшы» атанғаны болмаса, мемлекеттік марапаттар иелене қоймаған кісі болып шықты.

Ақсақалдардың бұл ұсынысы қала басшылығына жеткізіліп, одан әрі тиісті талаптарға сай, нақтырақ айтқанда, 2022 жылғы 2 қыркүйекте қоғамдық тыңдау өткізіліп, қабылданған шешімдер жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеужелі арқылы елге жария етілді. Бар­лық қажетті құжаттар жинақтал­ған соң облыстық ономастика­лық комиссияға жеткізу үшін «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолданды. Облыстың енді құрылып жатқаны әсер еткен болу керек, аталмыш құжат біршама уақыт қозғалыссыз жатып қалғанға ұқсайды. Бұған Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлеш­тің 2022 жылғы 28 желтоқсан­да «Ұлытау облысының мәдениет, тіл­дер­ді дамыту және архив ісі басқар­ма­сы» мемлекеттік ме­ке­месінің басшы­сы Ә.Омардың атына жолдаған хаты дәлел. Мұн­да ол өздері жолдаған Ұсы­ныс­тың республикалық ономас­ти­ка­лық комиссияға ұсыныл­­ған-ұсынылмағанын нақтылап бе­ру­ді өтінеді. Бұған Ә.Омар 2023 жылғы 10 қаңтар күні «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар­ма­сы сіздің Сәтбаев қаласының Па­вел Шаталюк көшесіне Кәкім­бек Салықовтың есімін, Горняц­кая көшесіне Павел Шаталюктің есімін беру туралы хатыңыз бо­йынша құжаттар Қазақстан ­Рес­пуб­ликалық Үкіметінің жа­нын­дағы Республикалық ономас­тика комиссиясының қарауы­на жол­данғанын хабарлайды» ­де­ген ресми жауап қайтарады. Міне, ­содан бері сегізінші айға кетіп барады, бірақ әлі еш­қан­дай нақты жауап жоқ. Ақса­қал­дар алаңдаулы. Көбісі кеше өз­дері көздерін көрген Кәкеңнің атын­дағы көшенің ашылу салтанатын тамашалағысы келетіні түсінікті ғой. Бірақ бірер түсініксіздік­тер бар. Біріншіден, Республика­лық ономастикалық комиссия облыс тарапынан жолданған ұсыныс­қа неге жауап қайтармайды? Екіншіден, биыл маусымның 22-сінде республикалық бұқара­лық ақпарат құралдарында еліміз бойынша 69 көшенің жаңаша атауға ие болатыны туралы жарияланды. Сол 69-дың бірі болуға Кәкімбек Салықов әбден-ақ ла­йықты емес пе еді? Неге сол тізімге енбей қалды екен?

– Біз республикалық ономас­тика­лық комиссияның шешімін тағатсызда­на күтіп жүрміз. Өйт­кені Кәкең – ешқандай талас тудыр­майтын тұлға. Ұсыныс барлық талаптарға сәйкес жасалды. Қазір Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін иеленген біздің қаламыз өзінің жартығасырлық мерейтойына дайындық үстінде. Осы мерейтой қыркүйектің 13-інде кең көлемде аталып өтілмек. Сол күнгі мерейтойлық іс-шараның бірі Кәкімбек Салықов көшесінің салтанатты ашылуы болса екен деген тілегіміз бар, – дейді ҚР еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қала­сының Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев.

Бұл тек жалғыз Жайық ақса­қал­дың ғана арманы емес...