Статистикалық деректерге қарағанда Солтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы интернет-алаяқтықтың 61 оқиғасы тіркелген болса, былтыр оның саны 781 оқиғаға жетіпті. Ал осы жылдың алғашқы жартысында 400 қылмыс тіркелген. Осының өзінен алаяқтықтың осы түрі жылдам өсіп отырғанын көруге болады.
Мамандар халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында алаяқтықты 13,8 пайызға азайттық дегенімен, жылдың алғашқы жартысында 400 болса, жылдың аяғында 800 болуы мүмкін ғой, бұл былтырғыдан артық болып кетеді емес пе десек, криминалдық полиция былтырғы жартыжылдықта алаяқтықтың саны 464 болғанын айтады.
Қалай десек те, алаяқтық азаяр емес. Оның құрбаны болатындардың көбі облыс орталығының тұрғындары. Өйткені бұлар интернет арқылы сауданы көбірек жасайды. Бір қызығы, бұрын алаяқтыққа жасы үлкен, қарт адамдар ұшыраса, қазір қылмыстың үлкен үлесі 40 пен 60 жас арасындағы адамдарға ауысыпты. Ал алаяқтық жасайтындардың негізгі үлесі 20 мен 35 жас аралығындағы жастар көрінеді. Биыл олардың 32-сі ұсталып, жауапқа тартылып үлгерді, ал былтыр барлығы 22 алаяқ ұсталған көрінеді.
Биылғы қаңтар айында облыс орталығында «CyberPol» атты полиция қызметкерлерінің тобы құрылып, олар тек интернет алаяқтықпен күресуге мамандануда. Жарты жылда ғана олар «Крыша.кз» сайты бойынша пәтерлерді жалған жалға беру алаяқтығын 14 рет жасаған теміртаулық 32 жастағы тұрғынды, Петропавлдың өзінен «Инстаграм» әлеуметтік желісінде 10 рет өтірік тауарлар сатқан 20 жасар тұрғынды, «Жол-көлік оқиғасы» деген жалған ақпарат арқылы 10 рет тұрғындарды алдап, ақшасын қаққан 31 жастағы павлодарлықты және т.б. ұстап, істерін сотқа жеткізген. Осы «жол-көлік оқиғасы» деп аталған алаяқтықты қолданған Петропавлдың 19 жастағы тұрғыны жалғыз тұратын 56 жастағы әйел адамды алдап, оның 16,5 млн теңге қаражатын қақшып кеткен. Оқиға былай болады. Түскі тамаққа келген әйелдің үйіндегі телефонға «жаны қысылып», жыламсыраған әйел дауысы бөлек тұратын қызының апатқа ұшырап, машинасымен бір қызды соғып және өзі де жапа шеккенін айтады. Қылмыстық іс қозғамау үшін жапа шеккен қызға жасалатын отаның құнын жедел төлеу керек екенін ескертеді. Сонымен бірге қызымен 5 минуттан кейін қосатынын айтады. Мұндайда жан қала ма, есі шығып кеткен әйел қызының қалтафонына қоңырау соғуды да ойламайды. Бес минутқа жетпейтін уақытта соғылған қоңыраудан бір әйелдер мен еркектердің абыр-сабыр дауыстары естіледі және қызының даусына ұқсайтын бір дауыс: «Мама-мама, я в больнице» деп ышқынады. Әрі қарай асыққан бір еркек телефон құлағын алып, қазір бір жігіт келіп, ақшаны алатынын айтып, байланысты шорт үзеді. Есі әбден шыққан әйел үйіндегі барлық ақшасын жиып, ұзамай келген бейтаныс жігіттің қолына бәрін ұстатып қоя берген... Арада шамалы уақыт өткен соң қызы өзінің үйінен жайбарақат хабарласып, жай сұрайды. Сонда ғана алданғанын білген әйел жанұшырып полицияға жетеді. Полиция алаяқты ізін суытпай ұстағанда, оның үйінен 9,8 млн теңге алынған. Қалғанын алаяқ таныстарының шоттарына аударып үлгерген екен.
Ал халық көптен бері құлақтанған «банк қызметкері» болып жалған қоңырау соғушылар қазір өздерінің «шеберліктерін» арттыра түскен. Олар қазір жәбірленушіні «Анидеск», «Таймфьюер», «Рудеск» және т.б. бағдарламаларды жүктеуге көндіреді екен, сосын осы бағдарламалардың көмегімен өз құрбанының мобильді құрылғысына қашықтан қол жеткізе алады. Ондайдың бір мысалына облыс орталығының 52 жастағы бір тұрғынының басынан өткен жайды айтуға болады. Оған да қылмыскер түс кезінде қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманымын деп таныстырған, сосын бір алаяқтар оның атына банкте шот ашқанын айтқан. Содан кейін ол ұялы телефонға қаржылық «вирусты жоюға арналған» қосымшаны орнатуды «жанашырлықпен» білдіріп және сол арқылы несиелерді жоюды ұсынған. Белгісіз ер адамның барлық нұсқауын орындағаннан кейін жәбірленуші өзінің есепшотынан 830 000 теңгесі қолды болғанын көреді...
Интернет алаяқтықтың тағы бір кеңінен тарап келе жатқан түрі – жәбірленушіні «Күмәнді қаржылық жобаларға қатыстыру». Мұндайда алаяқтар танымал әлеуметтік желілерде (Инстаграм) және бейнехостингтерде (YouTube) жарнама орналастырып, өз құрбандарын қолайлы, пайдалы жағдайлармен қызықтырады. Республиканың әрбір тұрғынына дивидендтер төлейтіндігі туралы ақпараттар жариялайды, танымал адамдармен бейнекөріністер жариялап, сол арқылы өз ақпаратының сенімін арттырады.
Облыс орталығының 42 жастағы тұрғыны осындай әрекетке тап болады. Ол әлеуметтік желідегі жарнаманың өтірігіне алданып, сілтеме бойынша өткен. Біраз уақыттан кейін оған белгісіз адам қоңырау шалып, олардың мәмілелер жасап жатқанын айтып, қосымша ақша табуды ұсынған. Басында кірген соң үміттенген жәбірленуші бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан. Әрі қарай жәбірленушіге жұмыс шарттары түсіндіріліп, ақша салу және биржалық платформада сауда-саттыққа қатысуға ақша аудартқан. Шамамен бір апта «жұмыс істегеннен» кейін жас жігіт ешқандай табыс таппаған, керісінше 2 200 000 теңге сомасында ақшасынан айырылған.