• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Денсаулық 04 Тамыз, 2023

Қатер қайдан демеңіз!

235 рет
көрсетілді

Шомылу маусымы бастала салысымен жұрттың өзен-көлді, бассейн, каналдарды жағалап кететіні белгілі. Оңтүстіктің ми қай­­нататын аптап ыстығында жергілікті жұрт тау суына түсіп, сал­қын­дайтыны да бар. Әйткенмен, тұрғындар кейде рұқсат етілмеген жер­лерде суға түсіп, зардап шегіп жататыны ақиқат.

Өткен жылы Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында болған оқиға кезінде 7 жасар немересін құтқаруға ұмтылған 61 жастағы қария немересімен бірге бақиға аттанған болатын. Әрине, бұл шомылу маусымы кезінде өңірде тіркелген алғашқы кісі өлімі емес. Әйткенмен, дәл осы Жасөркендегі оқиға қоғамдық резонанс тудырған еді.

Төтенше жағдайлар депар­таменті келтірген деректерге зер сал­сақ, сала қызметкерлері шомылу маусымы кезінде тынбай жұмыс істейді. Алай­да азаматтардың сақ­тықты ұмытуы оқыс оқиқаға ұшы­ра­тып жатады.

«Биылғы шомылу маусымы ке­зінде 11 елді мекенде жұмыс іс­тейтін 12 жағажай бел­гіленген болатын. Жазатайым оқи­ға­лар­дың алдын алу мақсатында брифингтер өткіздік. Өңірдегі те­ле­ар­налар мен радио арқылы ма­мандар түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып тұ­рады. Сондай-ақ телеарналарда ескерту сипа­тындағы бейнероликтер көр­се­тіліп, басылымдарда мақалалар жарияланады. Тиісті жерлерге ты­йым салу белгілері бар ақ­параттық стендтер орна­ты­ла­ды. Облыстық Төтенше жағ­­дайлар департаментінің құт­қару бөлімшелері ерікті құт­қару­шы­лармен бірлесіп, шо­мылуға ты­йым салынған және жаб­дық­тал­маған орындарда жүйелі түр­де патрульдеу жұмыстарын ұйым­дастырды. Облыстық Ішкі істер департаменті жергілікті полиция учаскелік қызметінің учаскелік инспекторларының қатысуымен рейдтік іс-шаралар, азаматтармен түсін­діру жұмыстары жүргізіліп тұ­рады», дейді облыстық Төтенше жағ­дайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып.

Департамент басшысы кел­тірген де­ректерге сүйенсек, шомылу мау­­сымы кезінде кісі шығынын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес екен. «Әкім­шілік құ­қық бұзушылық тура­лы» кодексінің 440, 412, 582 баптарына сәйкес, заң­сыз әрекет жасаған азаматтарға 174,2 мың теңге сома­сын­да 17 айыппұл салыныпты.  Айта берсек, тындырылған тірлік жеткілікті. Керек дерекке көз жү­гірт­сек, облыс бойынша  су ай­дын­­дарының демалуға және шо­мылуға қауіпті, жабдықталмаған учас­­­­келерінде «Қауіпті аймақ», «Тыйым са­лынған» деген секілді өзге де мәтінмен тыйым салатын 360 белгі және 45 ақпараттық стенд ор­на­ты­лып­ты.

Облыс орталығы Тараз қала­сын­да­ғы «Дельфин» және «Тараз Арена» спорт кешенінің базасында 955 бала жүзудің барлық тәсілін мең­герген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Жедел құтқару жасағының» ма­ман­дары Қаратау қаласындағы «Жар­тас» су қоймасында және Жаңа­тас­тағы «Комсомольское» қала­лық жағажайында 100 балаға суда жүзу тәсілдерін үйреткен. Үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізу үшін жергілікті бюджеттен 26 миллион 100 мың теңге қа­растырылған. Жедел құтқару жа­сағының құрал-сайманы да жет­кі­лік­ті сияқты...

Әрине, тілге тиек етсек, жауап­ты департамент өкілдері суға шо­мылу маусымы кезінде кірпік қақ­пай жұмыс істеп отырғандай көрінеді. Солай да шығар. Алайда департамент басшысы келтірген деректер жаға ұстатпай қоймайды. Қазіргі кезге дейін өңірде 3 адам суға батып ке­тіп­ті. Оның ішінде жасөспірім бала да бар.

Шомылу маусымы кезінде ата-аналар балаларын қараусыз қал­дыр­маса, тиісті мамандар жұмысқа жауапкершілікпен қараса игі.