• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2023

Жанға жайлы жазғы демалыс

268 рет
көрсетілді

Кезекті оқу жылынан кейінгі жазғы демалыс оқушы үшін де, ұстаз үшін де жанның дәруі екені белгілі. Әсіресе арқаны кеңге салып, достармен арқа-жарқа болып асыр салатын балалар бұл сәтті асыға күтеді. Ал жазғы демалыс босқа өтпей, мәнді де мазмұнды өрілсе, зор бақыт. Бұл орайда жазғы лагерьлердің орны айрықша.

Жазғы демалыс бел ортасынан асса да, лагерьлердегі жұмыс әлі қызып тұр. Астананың іргесіндегі «Боровичок» сауықтыру орталығына барғанда осыған тағы да көз жеткіздік. Орталық алда келе жатқан айтулы дата – Абай күніне орай арнайы іс-шара ұйымдастырды. Көппен бірге біз де соның куәсі болдық. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бастап барған делегация оқушылардың орындауында Абай әндері мен өлеңдерін, қара­сөздерін тыңдады. Балалар арасында түрлі интеллектуалды ойындарды тамашалады.

«Жазғы лагерьде балалардың демалуы мен сауықтыруына қандай жағдай жасалып жатқанын көру үшін жиналдық. Осы бір ізгі ниетіміз Абай күнімен тұспа-тұс келіпті. Соған орай лагерьде Абай күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Әр кезеңнің өз бағыты бар. Соған сәйкес осы кезеңді Абай күніне арнадық. Бұған дейінгі іс-шаралар Астана күні мен Балалардың құқықтарын қорғау күніне орайластырылған еді. Жалпы, жазғы маусымда лагерьлерде балалардың тәрбиесіне, ұлттық құндылыққа ерекше көңіл бөлу көзделген», деді басқарма басшысы.

Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, ұлттық құндылықтарға сәйкес тәр­бие, білім беру үдерісі тек лагерьде ғана жүргізілмейді. Басқарма мұны үздіксіз үдеріске айналдыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

«Мәселен, былтыр мұны бес мектепке пилоттық негізде жоспарға енгізген болатынбыз. 2022-2023 оқу жылында 20 мектепке көбейттік. Қазір қалған мектептердің өкілдері де оқу біліктілігін арттыру курс­тарынан өтіп жатыр. 2025 жылға дейін барлық мектеп ұлттық құндылықтарда негізделген білім беру бағыты бойынша жұмыс істейтін болады. Қанатқақты жоба ұйымдастырылған кезде тек бір мектептің өзінен оң өзгерістерді байқадық. Айталық, бұл жоба қаладағы №8 мектепте ойдағыдай іске асырылды. Нәти­жесінде, мұнда бала­лар­дың са­бақ­қа кешігуі, сабаққа келмей қалуы се­кілді тәр­­тіп бұзушылықтар тіркелген жоқ. Оқу жылы бойы ешқандай құқық бұзу­шылықтар тіркелмеген. Бұл – сабақ беру­ үдерісінде тәрбиеге көбірек көңіл бөл­ге­ні­міздің нәтижесі», деді ол.

Елордада жазғы кезеңде балалардың шамамен 98 пайызы жазғы лагерьмен қамтылған. Бұл 1-ден 10 сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам оқушы болса, оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңды құрайды. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 де­ма­лыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанын­дағы лагерь, 68 бейіндік лагерь жұмыс істеді. Қала сыртындағы «Арман», «Боро­вичок» лагерінің 1, 2, 3, 4 кезеңінде 1 363 бала қамтылған. Оның ішінде 500 бала «Жал­пыға бірдей міндетті оқумен қамту» бағ­дарламасы аясында тегін қамтылыпты. Бұл лагерьлерде балалардың демалысы 29 та­мызға дейін жалғасады.

Лагерьде демалып жатқан балалар­мен­ де тілдесіп көрдік. Рахметолла Аста­на­­­­дағы Абай атындағы №87 мектеп-гим­на­­­зияның 4-сыныбын бітіріпті.

«Маған мұндағы демалыс ұнады. Абай күніне арналған іс-шараларға бел­се­не қатысуға тырыстым. Өйткені өзім Абай атындағы мектепте оқимын. Біздің мек­­­теп­те хакім атамызды насихаттауға ерек­­ше көңіл бөлінген. Мұндағы әр­бір­ оқу­шы оның өмірбаянын, шығар­ма­­­­ларын жақ­­сы біледі. Өз басым Абай ата­­мыз­­дың 50-ге жуық өлеңін жатқа біле­мін», дейді Рах­метолла.

«Бұл лагерьге жыл сайын келемін. Жаңа­ достар тауып, қызықты күндердің куә­­сі боламыз. Мұнда тек ойын ой­­нап­ қа­на­­ қоймай, түрлі танымдық іс-шара­­ға да қатысамыз», дейді аста­на­лық Алек­сандр есімді оқушы.

 

Салтанат БАЙТЕКЕНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті